Атырауда Пір Бекеттің туғанына 260 жыл толуына орай құран бағышталып, ас берілді
Атырауда Ақмешіт дейтін қасиетті мекен бар. Жем өзенінің жағасындағы биік төбенің басында. Ақмешітте Бекет атаның кіндік қаны тамған, 1750 жылы дейді тарих дерегі. Атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, ұлы Тоғай мәңгілік тыныстаған мекен бұл. Соңғы кездері Ақмешітке барушылар тіптен көбейді. Қазақстанның әр облысынан, өзге де көршілес елдерден. Ақмешітке келушілер Бекет ата аруағына сыйынып, жанына медет тілейтініне талай куә болдық. Дәл осы Ақмешітте де Бекет ата жер асты мешітін салған. Бірақ мешітті кезінде имансыздар оқ-дәрімен жарып, құлатып тастаған. Көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр ғана қалғанын айтады. Сол мешітті Жылыой ауданының жүрегіне иман ұялаған азаматтары 1998 жылы қайта жаңғыртты. Төкен Жұмағұлов осы ауданның әкімі болғанда шежіреші қариялармен ақылдасты, Маңғыстаудан шеберлер шақырды. Әрине, Бекет атаның мешітін жаңғырту үшін.
Ақмешітте Ислам қажы Мырзабекұлы Бекет атаның қайта жаңғырған жер асты мешітін ұстап отыр. Келушілерге Бекет атаның қасиеті туралы еш жалықпастан әңгімелейді. Қажының айтуынша, Бекет ата Ақмешіттен ілім-білім іздеп, Хорезмдегі Бақыржан қажыдан дәріс алуға аттанады. Бақыржан қажы өзге шәкірттерден гөрі Бекет атаның ұстамдылығына, білімге құмарлығына, зеректілігіне риза болып, батасын беріпті. Кейіннен Бекет ата Ақмешіттен, Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жер асты мешіттерін қашап салыпты. Ислам қажы Бекет атаның ерекше қасиеттерін, сәулеткерлігін тереңірек тану үшін Ақмешіттегіден бастап барлық мешіттерін көріп, Бақыржан қажы дәріс берген Хорезмдегі медресеге де барып қайтқан. Шымкент, Жамбыл өңірлерінде, Түркіменстанда тұратын ата ұрпақтарымен кездесіп, ел жадында жатталған аңызға бергісіз тарихи әңгімелерді жинастырды. Сөйтіп, 2008 жылы 740 беттік “Бекет Ата” кітабын шығарды.
Бекет атаның туғанына 260 жыл толуына орай өткен аптада қасиетті мекен –Ақмешіт маңайында арнайы ас беріліп, құран бағышталды. Шараға жан-жақтан жиналған жұртшылық Бекет ата туралы кеңірек тануға, көбірек білуге ынта қойды. Жас ұрпақ тағылым аларлық үлгісі рет-ретімен жалғасын тапқан салтанатты шарада облыс әкімі Бергей Рысқалиев сөз алды.
–Атырау – тарихы терең, шежіресі –бай, талай ұлылар кіндік кескен киелі өңір. Туған жер топырағында дүниеге келген ұлықтың бірегейі – Бекет атаны тек атыраулықтар ғана емес, иісі қазақ, жалпы мұсылман қауымы қастерлейді. “Мединада –Мұхаммед, Түркістанда –Қожахмет, Маңғыстауда –Пір Бекет”, –деп халқымыз Бекет атаны ең қасиетті тұлғасына теңеген. Жерін қорғаған батыр, бойындағы тылсым күшті халқына шипалыққа арнаған тәуіп, таңғажайып қасиет иесі, болашақты болжай білген көріпкел, сәулет өнерінің қайталанбас шебері, жастарға имандылық нұрын сепкен ағартушы, жас кезінен ізгілік жолын таңдаған бабамыз тек атаның ғана емес, адамзаттың баласы болды. Бекет ата –феномен тұлға. “Қорыққанда жебеген, торыққанда демеген, жауға –айбат, досқа–қайрат” болған тарихи тұлғаның біздің топырағымызда, Ақмешітте дүниеге келгені –атыраулықтар үшін зор мақтаныш, үлкен абырой.
Шежірелі тарихымызды түгендер келісті істің бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен қолдауымен “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Бүгінгі ата рухына арналған еске алу салтанаты – халқымыздың Бекет атаға шексіз құрметінің бір көрінісі, имандылық жолындағы биік парызы. Еліміз –тыныш, аспанымыз–ашық, болашағымыз –айқын. Елімізді, ұлтымызды Пір Бекет аруағы әрдайым желеп-жебеп, қорған болып жүргей! –деді облыс әкімі Б. Рысқалиев. Содан соң Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Пір Бекет Мырзағұлұлының ел тарихындағы орны мен маңызына тоқталып, тереңнен тарта тебірене сөйлеген шежірелі сөзін “Бекет Атаның бүкіл өмірі адамдар мен халықтар арасындағы қақтығыстарды тежеп, қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке шақырады. Береке мен пәтуаны, ынтымақ пен ыждағатты іздепті. Әулекіліктен тартындырып, әділеттілікті мұрат етті. Шариғат пен Ата жолын табыстырып, заманауи өзгерістерді жақсылыққа қызмет етуге үндеді. Бекет өнегесі –тарихи сабақтастыққа адалдықтың үлгісі. Екі жүз алпыс жыл бойына отаршылдық пен тоталитарлық басыбайлыққа тойтарыс беріп, отаншылдық пен бұқарашылдықты жебеді. Тәуелсіздік алған халқымыз бабамызға шексіз ризашылығын білдіріп, басын иіп, ізгілікке үндеген шарапатты жолын қастерлей береді. Ілгері басқан әр қадамымызды қайырлы қыла көр, жақсылықтың жарылқаушысы Пір Бекет әулие! деп түйіндеді.
Бұдан соң салтанатты шара тарихшылар Бекет атаның ғажайып қасиеттері әр қырынан тануға талпынысымен жалғастырды. Бекет атаға жыр арнаған ақындар мүшәйрасына қазақтың аяулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова әділ қазылық етті. Нәтижесінде Нұрбейбіт Нұғыманов, Бақтыбай Жайлау, Амандық Сасаев және Асантемір Қаршығаұлындай әр жастағы ақындар топ жарды. Бекет атаның өмірі мен ғажайып қасиеттері туралы кеңінен баян етілген деректі фильм көрсетілді. Өнер шеберлеріне кезек тигенде, әсіресе, талантты күйші Айгүл Үлкенбаеваның домбыраның қос ішегінен күмбірлете төккен құлаққа жағымды тәтті күйлері, Мұхит пен Ғарифолла мектебінің сарқытындай көрінетін танымал әнші Қатимолла Бердіғалиевтың әуелете салған әсем әндері жұртшылықтың бойына шым-шымдап тарап жатты.
Пір Бекет рухына арналған шараға Атыраудан, Ақтөбеден, Маңғыстаудан балуандар мен атбегілер келіпті. Боз кілем үстіндегі балуандар белдесуінде Мейрамбек Есмағамбетов, Қайрат Өтеген, Аян Тайжанов сынды балуандар қарсыластарынан айласын асырып, қазақ күресінің өрістей түскенін көрсетті. Төрт аяғымен жер тарпыған сәйгүліктер бәйгесіне Төкен Жұмағұловтың бір өзі үш мәшине –“Джип”, “Нексия” және “Жигули” көліктерін тігіпті. Үш көліктен бөлек Ақтөбе облысының азаматтары 15 шақырымдық ат бәйгесінде бірінші келген тұлпардың иесі –Төкен Жұмағұловқа “Жигули” көлігін сыйға тартты. Жорға бәйгесінде Өнербай Жанбаланың үстінен су төгілмес тұлпары “Жигулиді” иемденді. Ал 21 шақырымдық бәйгеде Қайыржан Балжігіттің “Водопад” атты сәйгүлігі мәреге шашасына шаң жұқпай жетіп, шабандозына “Нексияның” кілтін ұстатты. Аламан бәйгеде Төкен Жұмағұловтың қылқұйрықты жүйрігі 40-тан астам сәйгүлікті шаң қаптырды.
Бір таңданарлығы, мәрт мінезімен танылып жүрген Төкен Жұмағұлов бұл жолы да сол қалпынан айнымады. Ол ат бәйгесінен жеңіп алған екі көлікті иемденбей, “Жигулиді” Бекет атаның Жетісайдан келген ұрпағына сыйға тартты. “Джипті” аламан бәйгеге сәйгүлік баптаған атбегі Тимурға мінгізген Төкеннің Атымтай жомарттығын жұртшылық өте орынды деп құптады. Аузынан “Пір Бекеті” түспейтін Төкен Жұмағұлов бұрын Ақмешіттегі мешітті қайта жаңғыртуға ұйытқы болса, енді міне, осы шараның басты демеушілігін өз мойнына алыпты. Рас, Қайыржан Балжігіт, Мақсым Ізбасов, Ерқұл Дәулетбаев сынды азаматтар Төкен ағасының ұлағатты ісіне қолдау көрсетуден тартынбапты. Ұйымдастыру жұмыстарын Айгүлдей әлем таныған дүлдүл күйшінің әкесі Нариман аға Үлкенбайұлы атқарып жүрді.
“Бекет атаның есімін бала күнімізден құлағымызға сіңіріп өстік. Отарбай атам отырса да, тұрса да “Иә, Бекет!” деуші еді. Өзіміз де ата рухына сыйынып жүреміз. Бекет ата жайлы әлі де біле түссек дейміз. Рас, кітаптар, фильм бар. Ендігі мақсат –Бекет ата жайлы роман тұрғысында бола ма, терең ғылыми зерттеуге құрылған академиялық кітап шығару. Өйткені, Бекет ата –ғажайып тұлға. Бекет атаның қайталанбас қасиеттерін, шежіре деректерді толық зерделеп, тарихи кітап етуді кешеуілдетпегеніміз жөн. Тіпті бірнеше роман жазылса да артық етпейді” дейді шығармалары бірнеше тілге аударылған қазақтың белгілі драматург-жазушысы Рахымжан Отарбаев. Айтса айтқандай, Ақмешітте Бекет атаның асатаяғының көшірмесі тұр. Асатаяқтың көшірмесінен арабша жазуларды көрдік. Демек, бұл асатаяқтың түпнұсқасында да жазылған. “Оны оқи алатын араб ғалымдары қажет” деп еді Ислам қажы Мырзабекұлы Ақмешітке тамыз айында келген бір сапарымызда. Шынында да Бекет атаның асатаяғында не жазылды екен?!.
Ай аунап, жылдар жылжыған сайын жұртшылықтың Бекет атаның бір басына қонған ғажайып қасиеттерін терең танып, аруағына сыйынуға ынта-ықыласы арта түскеніне тағы да көз жеткіздік. Алаш жұртын аруағыңмен қолдай бер, Бекет ата!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы, Жылыой ауданы.