Биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ұлы жиын – ЕҚЫҰ Саммиті өтеді. “Ендігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің маңызы зор” – Елбасымыз мәлімдемесіндегі бұл сөз Саммиттің мемлекетіміз үшін ірі сынаққа айналатынын көрсетеді. Ол сынаққа сақадай сай тұру мемлекеттік хаттамаға да көп салмақ салатыны анық. Бұл орайда осы саланың белгілі маманы Бауыржан Байбектің жалпы басшылығымен шыққан Қазақстан Республикасы мемлекеттік хаттамасы туралы жинақтың (“Государственный протокол Республики Казахстан”) мән-маңызы үлкен дер едік.
Жаңа кітаптың негізгі ұстанған мақсаты маңызды. Қазақстан Республикасының хаттамалық қызметінің пайда болу, қалыптасу және даму жолдарынан толықтай хабардар етіп, осынау мемлекеттік қызметтің қыр-сырын терең де тағылымды танытудағы бұл жинақтың көтерген жүгі үлкен де елеулі. Көлемді жинақ-оқулықтың көтерген жүгінің маңыздылығы сол, онда мемлекеттік хаттаманың қазақ жұртының тарихындағы жүрген жолдары, алаш даласындағы алғашқы хаттамалық үрдістер мен үлгілер туралы қысқаша, бірақ маңызды деректер мен дәйектер келтіріліп, Еуразия ұлы даласын алып жатқан ұлан-байтақ өңірде ғұмыр кешкен бабаларымыздың тек қана ат жалында, атан қомында емес, елшілік-дипломатиялық салт-дәстүрлері мен алысты болжаған амалдары мен жатты бағалаған жақсы ғұрыптары да болғаны жан-жақты зерделенген.
Кітапта өткен кезеңдердегі елдік хаттаманың тарихы кешенді түрде кестеленіп, жүйелі сараптау, танып талдау әдістері орынды қолданылған. Қазақстан аумағында болған мемлекеттік бірлестіктердің тіпті біздің дәуірімізге дейінгі шежіресі мен хандық кезеңнің қыруар салалы хаттамалық үрдістері хронологиялық дәлдікті сақтай отырып жазылып, 15 ғасырдан 19 ғасырға дейінгі хаттамалық іс-шаралардың ерекшеліктері байыпты баяндалған.
Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген жарқын да жасампаз жаңалықтар аз емес. Оны айтушы біз ғана емес, алыс-жақын да айтып, жазып, бағалап жатыр. Тарихи қысқа мерзімде ғасырлық жолды сәтті жүріп өткен еліміздің мемлекеттілікті орнықтыру, қалыптастыру, нығайту тарихында мемлекеттік хаттамалық мектеп те ойдағыдай қалыптасты. Кеңестік қиранды құрылыстан еңсе тіктеп, елдің алдына шыққан Қазақстанның бүгіні мен ертеңін сомдап жатқан жұртымыздың кешегі жанкешті еңбегін, бүгінгі кеңге жайған құлашын, ертеңге деген ерлікке толы оптимистік рухын көрсеткен уақыт – бұл біздің уақыт! Осы құлагер-уақыттың құлағына жармасып, болашақ сөресіне қарай ұмтылған қазақ жұртының тапқан табысы мен көтерілген намысы мемлекеттік хаттамадан қапысыз көрінетінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан да бұл кітап керекті кітаптардың бірі ретінде біздің кітап сөремізде тұруға әбден лайықты.
“Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан тұрақты және жүйелі саяси бағыты нәтижесінде біздің еліміз экономикалық дамуда ерекше жетістіктерге қол жеткізді. Жаһанданудың күрделі жағдайында Қазақстан басшысы әлемді “Қазақстан жолы” деген атауға әділ ие болғандай, ішкі және сыртқы саясатты бір-бірімен өзара тең жағдайда қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды” деп Бауыржан Байбектің өзі кітап алғысөзінде жазғандай, Мемлекет басшысы мемлекеттік хаттаманың да жаңа, өзіндік мектебін қалыптастырды. Бір қарағанда өзге елдердің хаттамалық үрдісінен өзгешелігі жоқ болып көрінгенімен, біздің елдің хаттамалық үрдісінде ежелгі бабалардың елеулі үлгілері жаңа заманға сай дамытылып, жаңғырып, жақсы бір қырынан ашылып, қолданылып жүр. Бүгінде әбден қалыптасқан осы саланың нормативтік-құқықтық базасы, церемониал мен атрибутика, дайындалған маман кадрлар, жасалған нұсқаулықтар мен жадынамалар, үлгілер мен ұсынымдар, мемлекеттік органдар арасында орныққан сапалы да салиқалы алгоритм, яғни ынтымақтастық ырғағы енді тұрақтанған өлшем мен тұғырланған түйінге ие болды.
Қазіргі таңда Қазақстан тоғысқан тоқсан жолдың торабы ғана емес, құрлық пен құрлықты ұштастырып, алып державалар мен мемлекеттерді тең дәрежеде төріне түзген қабырғалы елге айналды. Әлемнің жүздеген мемлекеттерімен дипломатиялық қатынас орнатып, өз жерінде жүздеген мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарын ашып отыр. Еуразиялық интеграция мен аса ірі деңгейдегі халықаралық ұйымдардың басқосуы мен өзара тіл табысуының бастамашысы болған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренада танылған тұлғасын сондықтан да мемлекеттік хаттамалар өз дәрежесінде тарихқа түсіріп жатыр. Бұл елдің мәртебесі, мемлекеттің мерейі.
Сарапшылар мен дерекшілердің есептері бойынша Президенттің қатысуымен жыл сайын 500-ден астам іс-шаралар өтеді екен. Мұның бәрі хатталып, жадымызда жатталып, елдік шежіремізге етене қажет тарих болып түсіп, түзіліп жатыр. Алдыңғы қатарлы стандарттарға сай өткізіліп жатқан хаттамалық іс-шаралардың барлығы да бүгін оқиға, ертеңгі тарих. Ел тарихы, мемлекет тарихы. Географиялық ауқымы әбден кеңейген, геосаяси бітімі тұлғаланған, халықаралық маңызы аса мәнді, хаттамалық әдеп пен мәдениеттің үлгісі болып саналатын хаттамалық жұмыстар қазір Қазақстан мемлекетінің ұлттық-мемлекеттік ажары әрі абыройы болып келеді.
Бұл жаңа оқулық-кітап “Қазақстан тарихындағы хаттамалық практика”, “Бүгінгі әлемдегі халықаралық қатынастардағы хаттаманың ерекшеліктері мен әдептері”, “Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы” атты негізгі үлкен үш тараудан тұрады. Сонымен қатар жазылған жайларды одан әрі деректік-мазмұндық жағынан байыта түсетін қосымшалар мен библиографиялық анықтамалық және иллюстрациялық сілтемелер де кітаптың ұстанған мақсаты мен идеясын одан әрі тұлғаландырып, оқулықтық мән-мазмұнға қосымша құнды сипат беріп тұр. Жалпы көлемі 52 баспа табақтан тұратын бұл кітап-оқулық жақсы полиграфиялық пішіндеу мен безендіруден өткен. Тек шығарылым данасы аздау, бар болғаны 1000 дана. Бұл кітап тек қана хаттамалық іспен айналысатын мемлекеттік мекеме емес, барлық мемлекеттік органдар үшін де кез келген жағдайда практикалық тәлім-тәрбие, жол көрсетер нұсқаулық бола алатын жинақ. Тіпті мектептің жоғары сынып оқушылары да осы бастан хаттамалық әліппеге назар салса, одан еш ұтылмайды.
Мемлекеттік хаттама мен азаматтық әдеп қағидаларының да жалпы ұштасар жері бір. Ең бастысы келген қонақты сыйлау, қадірлеу, оған орны мен беделіне сай құрмет пен ықылас көрсету. Бұл қасиеттер халқымыздың қанында бар ұлы дәстүрлердің көзі бітеле жаздап келе жатқан қайнарларын қайтадан ашып кетуге де игі әсерін тигізер еді деген ой бар.
Кітаптың бірінші тарауында автор өткен ғасырлар қойнауына көз тастап, Қазақстан даласындағы ежелгі хаттамалық дәстүрлер туралы жан-жақты сөз өреді. Ата-баба рухын қадірлеу жөнінен әлем халықтарының қай-қайсысынан да өресі биік тұратын сақтардың сол кездегі халықтық церемониалдары, бүгінгі тілмен айтқанда, елдік хаттамалары жөнінде құнды-құнды деректер мен дәйектер орнымен айтылып, одан шығатын қисынды қорытындылар оқырманның зердесіне жаңа мәліметтер құяды. Бұл деректер халықаралық қатынастар саласында енді ғана “желкілдеп өскен құрақтай” болып жетіліп келе жатқан осы мамандықтың жас шәкірттеріне қажетті ақпараттарды толықтай бере алады. Жетісу жерінен табылған шырағдандарда бейнеленген хаттамалық дәстүрлер бейнесі, Пазырық қорғанынан табылған қонақ күту салтын бейнелеген ақ текемет, Есік қорғанынан табылған аң стиліндегі белбеулік доғалар, Мүде қағанның қадірлі қонақтар мен ресми делегациялардың алдынан шыққан кездегі ат үстіндегі салтанатты киімі, біздің ежелгі бабаларымыздың салт-дәстүрін бейнелеп, көрсеткен қытайлықтардың сан алуан миниатюралары негізінде тарихқа тереңдей отырып, көп жайды қозғаған автор Еуразия жазығының әр жерінде күні бүгінге дейін балбал тастардан мейірлене көз тастап тұрған мейірбан бабаларымыздың өткені мен кеткенінен сыр қозғайды.
Белгілі тарихшы ғалым Б.Көмеков: “Хундардың мемлекеттік дәстүрлері Еуразия даласын мекен еткен көшпелілер мемлекетінің арғытекті ақиқат көрінісі” деп жазғандай, ежелгі Еуразия құрлығының тарихында хундардың құдіретті іздері сайрап жатыр. Кітапта осы жайлар тек құр ділмар, құрғақ мақтаныш ретінде емес, осы саланың аса белгілі майталман мамандары С.Кляшторныйдың, Д.Савиновтың, Л.Гумилевтің, Н.Бичуриннің, Ю.Худяковтың, А.Нефедкиннің, т.б. зерделі зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, нақты деректерге арқа тірейді. Осы ретте ел тарихының елеулі оқулықтарының бірі, Елбасымыздың белгілі кітабы – “Ғасырлар тоғысынданың” да жинақтың мазмұндық жүгін одан әрі көтеріп тұрғаны шындық.
Жалпы, тарихи деректерді тізбелеп айту бар да, оны барынша талдап, таратып, оқырманға түсіндіре отырып жазу бар. Осы тұрғыдан келгенде, бұл кітап тек қана осы саланың мамандары үшін ғана емес, ел тарихын, мемлекет тарихын, ата-баба тарихын қадірлеп, қастерлейтін кез келген адам үшін маңызды жинақ. Көкке табынған көк түріктердің аспанға қарап жайылған адал алақандарының арасынан төгілген Тәңірдің нұры біздің бабаларымыздың көкірегінде күн сәулесін ойнатып, адамгершіліктің адами принциптерін қалыптастырған. Көк аспан мен қара жердің арасындағы мәңгілік рухани байланыс пен өзара түсіністік біздің ата жырымыз бен ана аңыздарымыздың алтын тегін құраған. Тәңірге табынған Күлтегін мен Білге қағанның бізге жеткен көк тастағы көне жырлары кешегі-бүгінгі ақындарымыздың өлеңдерінде де өрнек тауып, өзегін көрсетіп жатыр. Мұқағалидың: “Алдымен көргенім аспан” деуінде үлкен сыр бар. Белгілі ақынның белгілі дастаны жазылып, ол парақшалар болып ұшақтан төмен тасталып, қауқылдаған халық мәре-сәре болғанда сол Мұқағали тағы да “Жер Ана, кешір бізді” деп жазған еді ғой.
Аспан астында, жер үстінде жаңа мыңжылдықтың түндігін түріп, іргесін көтерген адамзаттың ұлы көшінде келе жатқан қазақ жұрты алыста қалған алтын тамырын табу үшін ақиқаттың алдаспанына сүйеніп, ой сүңгісін білім алауына шыңдағанда ғана ұпайымыз түгел болары хақ. Сондықтан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсары баласы: “Бір Аллаға сиынып, кел, балалар оқылық!” деп тегін айтпағанын терең түсініп, қажетті оқулықтардан көз жазбай, керегімізді танып, көгенімізді толтыра берейік.
Әңгіменің алғашқы сарынына қарай өкше көтерсек, екінші тарау мен үшінші тараудың арасында қисындық айырма жоқ. Бірі негізгі тақырыптың кіріспесі, екіншісі оның жан-жақты мазмұны іспеттес. Қазіргі әлемдегі халықаралық қатынастар мен әдеп нормалары, әр түрлі деңгейдегі халықаралық оқиғалар мен үрдістер, басқосулар мен кездесулер қалай атқарылады, қалай жасалады, қалай әдіптеліп, қандай хаттамалық қисындарға арқа сүйейді, міне, осылар кітаптың екінші тарауында кеңінен байыпталып, әсіресе шетелдердегі хаттамалық салт-дәстүрлер жайы жан-жақты зерделенеді. Бұл жерде өзгені тану арқылы өзіңді танисың деген халықтық қағида бой көрсетеді. Осы тарауда Еуропаның да, Азияның да, Американың да, Африканың да мемлекеттік хаттамалары жөнінде қысқа да нұсқа мәліметтер беріліп, олар хақында қажетті сөз айтылған. Оқулықтық стильдің де барынша көрінген тарауы осы.
Ал кітаптың жазылу идеясы осы жинақтың дүниеге келуіне басты қазық болған тарау – “Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы”. Бұл тарауда айтылатын жайлардың басты оқиғаларын Қазақстан халқы да жан-жақты біледі. Кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын көрсетіліп, жазылған жайлардың жай-күйін автор толық ашып берген. Саяси сахна сыртындағы сан алуан жағдайлардың пайда болу, даму, өрбу, жалғасу, аяқталу сәттері қалай жүзеге асты, кім асырды, басты рөлде кім болды деген сауалдарға оқырман енді толық мағлұмат алады. Осылайша әрбір оқырман өзі де осы оқиғалардың тікелей болмаса да, жанама куәсі болғанын сезінеді.
Бұл негізгі тарауда мемлекеттік рәміздердің мәні мен мақсаты толықтай ашылып, оны қолдану мен пайдаланудың мемлекеттік хаттамадағы басты маңызы мен мақсаты жүйеленген. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен қастерлеудің мемлекеттік хаттамада көрініс табуы қандай маңызға ие екендігін де осы кітапты оқу үстінде жас маман терең сезіне түсетін болады. Шетелдің мемлекет басшылары мен президенттерінің Қазақстанға келу сапарлары, Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шетелдерге барған сапарлары, осыларды дайындау мен ойдағыдай жүзеге асыру процестері, мемлекеттік хаттаманың қырлары мен сырлары, маңызы мен мәні, қысқасы осы саладағы барлық жәйттер мен жағдаяттар кітапта толық әрі хронологиялық тізбеге сай жазылған.
Мемлекет басшысының ресми, мемлекеттік, жұмыс, кездесу, биресми кездесулер, саммит сапарлары, өз еліміздің өңірлеріне жасалған жұмыс сапарлары және олардың дайындалу, жүзеге асырылу процестері туралы егжей-тегжейлі жазылып, әрбір сапардың мәні мен мақсаты айқындалып, көрсетілген. Шет елдерден келген делегацияларды қабылдау мен күтудің халықаралық нормаларға сай этикасы мен эстетикасы, қонақасы берудегі қалыптасқан дәстүрлер мен халықаралық шарттарға сай болуы, қонақты дәрежесіне қарай кімнің күтіп алып, кімнің шығарып салатыны да осы кітапта орынды баяндалған. Мемлекеттік мерекелердегі іс-шараларды өткізу мен мемлекеттік наградаларды, жоғары әскери атақтар мен шендерді берудегі қалыптасқан хаттамалық үрдістер, міне осылардың бәрі осы салада оқып жатқан жастар мен мамандар, студенттер мен жас кадрлар үшін аса қажет. Сан тақырыпты қамтыған сала-сала суреттер, хаттамалық іс-шаралардың әртүрлі деңгей мен мазмұндағы көріністері кітаптың деректік-дәйектік маңызын одан әрі арттырып, шынайы сенімділігін шашау шығармай дәлелдейді.
Қысқасы, өзі де шетелде “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқып, білім алған, осы саланың қалыптасқан қайраткері, “Бірінші класты кеңесші” дипломатиялық дәрежесі бар, 2006-2009 жылдары Елбасы Хаттамалық қызметінің жетекшісі болған Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің тікелей басшылығымен дүниеге келген оқулық-кітаптың маңызы мен мақсаты туралы қысқаша айта отырып, ел тарихының жаңа бір тарауына қосылған жақсы жинақ кітап сөресіне қосылды деген пікірімізді білдіріп отырмыз. Осы кітапты оқыған, қараған, зерделеген адам өзі де осы айтылғандарға қосылатынына кәміл сенеміз.
Өтеген ОРАЛБАЕВ, филология ғылымдарының кандидаты.