15 Қыркүйек, 2010

Әлем назары Астанада

455 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Біз бүгінде ғаламнан қашықта қалған бейтарап ел емеспіз. Әлемнің аламанына бауырынан жаратып тұлпар қосқан, төрткүл дүние-кеуде бір жерде кеңес құрса, төрден табылар толғаулы ой қосқан жоталы жұртпыз. Бес құрлыққа түгел жаққан, жағалай жаһанның көңілін тапқан, алыстағандарды парасатты пайымдармен жақындастырған, жақындағандарды бауырластырған халықпыз. Бұған қабырғалы қазақтың жиырма жылға енді толғалы отырған ықшам тарихында дәлел де көп, дерек те көп. Қамшының сабындай осынау қысқа мерзімде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді шоқтығы биік халықаралық құрылымға төраға болған, солай болуға барлық жағынан лайық болған мемлекетпіз. Өркениетті ғаламның табалдырығын бізбен бірге аттаған талай ел төрткүл дүниенің тайталасында шаң қауып қалды. Оларды алыс-жақын кеңістіктердің біразында бар экономикалық қиындықтар ғана емес, желдей ескен желмая заманның тынысын сезіне алмауы, кенжелеп қалған ескі байлам-түсініктерден дер кезінде безіне алмауы тежеді, әлі де шідерлеп отыр. Ал жаңа өмір – бағыттай жүріп бәсекелестікке шақыратын, алыс-беріспен жалғаса жүріп жаһанға талпындыратын, мініңді тауып айтатын, бірде жай, бірде сауып айтатын тегеурінді өмір ондай бейжайлықты кешпейді. Бүгінгі бір күн кешегі бір жылға тең. Сондықтан оның екпініне сергектер мен серпінділер ғана ілесе алады. Қамшы үстіне қамшы басатын кез бұл. Елбасының, Қазақстан Президентінің сөзімен айтсақ, алыс сапарға бел буып, кемені тәуекел дариясына түсіретін, елес үміті емес, елдік пен ерлік мұратын сол кеменің тұғырына ту етіп байлайтын кезең. Қазақ халқы ширек ғасырдан да аз уақытта елдіктің де, ерліктің де қандай болатынын сан мәрте көрсетті. Ғалам таныған тұлға, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының ақыл-парасаты­мен осы сынық сүйем мерзімде бір емес, бірнеше аймақтық салмақты ұйымдарға – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Еуразия экономикалық қоғамдастығы мен АӨСШК-ге төрағалық етіп үлгердік. Енді міне, елу алты іргелі елді біріктірген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымын табысты басқарудамыз. Қазақстан – кешегі кеңестік республи­калар мен Азияда мұндай жоғары сенімге алғаш ие болған мемлекет. Аталған ұйымға мүше елдер сарапшыларының пікіріне сүйенсек, ЕҚЫҰ-ның кейінгі жылдары бәсеңсіген қызметі біз жетек­шілік еткен айларда жанданған. Астана­ның ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде он бір жыл бойы өткізілме­ген саммит те қайта шақырылып отыр. Елімізде, қазақтың алтын ордасы – елордасында болатын осы мәртебелі жиын алдында ұйымның тарихына қыс­қа шолу жасап шықсақ, артық болмас. Ол 1973 жылы Шығыс пен Батыстың әріптестігі мен диалогын дамыту үшін шақырылған Еуропадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі кеңес негізінде құрылған болатын. Кеңсесі Прагада орна­ласты. Уақыт оза келе оның құ­рамына Еуропаның, Орталық Азия мен Солтүстік Американың 56 мемлекеті кір­ді. 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінде мемлекетаралық қатынастар­дың негізгі қағидаттары бекітілді. Олар­дың қата­рында теңдік пен егемендік, шекаралар ынтымақтастығы, күш қол­данбау, дау-дамайларды бейбіт келі­сім­дермен реттеу, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау, дін мен сенім, ой ер­кіндігі, адам құқын қорғау, халықаралық міндеттемелерге адалдық секілді қағи­далар бар. Кейін де әлемге төнген қауіп-қатердің алдын алу, қарулануға бақылау орнату, экономика­лық және экология­лық қауіпсіздік секілді мұраттармен толықты. Қазақстан Республикасының Прези­денті еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық қыз­метіне кірісуіне орай жолдаған үндеуінде осы қағидаттардың барынша қатаң сақталуына және дәйекті жүзеге асуына ықпал ететін төрт ұстанымды атап көр­сеткен еді. Олар – Сенім, Дәстүр, Ашық­тық, Төзімділік. Астана Самми­тін­де Қазақ елі әлемге тәуелсіздігін баянды еткен, төртеуін түгел етіп, төбедегіні кел­тірген осы ұранды шақыруларды жаһанға тағы да жария етпек. Алыс-жақынға қазақтай сенсең, дәстүріңді Алаштай ардақтасаң, жақсыда жаттық жоқ деп айналаңа дәл біздей ашық болсаң, тек­тілік пен тегеурінділік тепсінуден емес, төңірегіңе төзімділігіңмен де көрінетінін ұмытпасаң, бүкіл әлем осылай ойлап, солай толғаса, бұл ғаламда шешімін таппайтын мәселе жоқ. Бүгінде әлем көз тіккен Астананың ұлағаты осы, жаһанға танылған тұлғаның ғибраты сол. ЕҚЫҰ-ның тарихына қайта оралсақ, оның Хельсинки Қорытынды актісінен кейін маңызды қадамы 1990 жылы Парижде жасалған еді. Сол жылы Фран­ция астанасында ұйымға мүше елдердің басшылары Еуропадағы аумақтық тұтастық ұстанымын құрметтеу жөніндегі Декларацияға қол қойды. Сол арқылы қырғи-қабақ соғысқа тосқауыл болды. Шындығын айтайық, осыдан кейінгі жылдарда тарихи деуге саятын, 56 ел түгелдей құрметтеген ірі саяси құжат дүниеге келе қойған жоқ. Ал заман да, мемлекеттер де 90-ыншы жылдардан бері танымастай өзгерді, ұлттық, адамзаттық құндылықтарға да көзқарас басқа. Режімдік идеологиялардан арылған ғалам ортақ түсінікпен тұтасуды қалайды. Осының бәрі Астана Саммитінің әлемдік маңызын арттыра түседі. Елорданың дөңгеленген дүниеге жаңа ой ұсынатыны даусыз. Бәлкім біздің жас ордамыздан ғаламға ХХІ ғасырдың ақыл-парасаты мен күш-қуатын адамзаттың бүгінгі тыныш, ертеңгі алаңсыз өміріне бастайтын тың идея қанат қағар. Бұл идея, бәлкім алдымен Еуропалық қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымның керегесін кеңейту арқылы жүзеге асар. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның төраға­лық қызметіне кірісуіне орай жасаған үндеуінде бұл орайда да пікір білдірген болатын. “ЕҚЫҰ-ның болаша­ғын айқындайтын сауал мынадай, – деген еді, – Ұйым ХХІ ғасыр әлемінің саналуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде “Вена­дан шығысқа қарай” кеңістігінен дәс­түрлі Батыс дараланып тұратын, блок­тарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?” Астана Саммитінде осы өзекті сауалға жауап табылады деп ойлаймыз. Қазақстан ұйымды Еуропаның ғана емес, мүшелі­гіне енген елдердің ғана емес, Батыс пен басқа да ұлан-ғайыр дүниенің шын мә­ніндегі ынтымақтастық ошағына айнал­ды­рар. Қазіргі таңда, Біріккен Ұлттар Ұйымының әр аймақта бір тұтанатын қақтығыстардың алдын алуға күш-жігері жетпей отырған шақта ЕҚЫҰ-ның ықпа­лы нақ осылай күшеюі жанталасқан жа­һан үшін ауадай қажет. Бұл біздің ғана байлам-болжамы­мыз емес, Еуропа да, Азия да Астанаға осын­дай үміт-тілекпен қарап отыр. Бүгінде ғасырлар бойы әлем­ге төрелік айтып келген АҚШ-тың әр қиырдағы өңірлік шиеленістерді қарудың күшімен шешуге бағытталған саясаты өзін-өзі ақтамағаны баршаға белгілі болып отырғанда, Орталық Азиядағы дәстүрлі елдер өз ішінде жікке бөлініп, діни және экономикалық терең дағдарысқа ұшырып жатқанда, лаңкестік дараның емес, белгілі бір топтардың да емес, тұтас аймақтық құрылымдардың кәсібіне айналған кезде 56 мемлекет басшыларының ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырған елде бас қосуы бес құрлықты түгел елеңдететіні даусыз. Сол ынта-назардың басты себебі – Қазақ­стан­­ның және ел Президентінің халық­ара­лық қауымдастық алдындағы зор бе­делі. Шындығына келсек, бүгінгі әлем жұмыр жердің әр түкпіріндегі өткір мәселелер қатар қарастырылған, ба­рын­ша анық әрі дәлелді жаңа идеяларға зәру. “Қазіргі кезде бүкіл адамзат қауым­дас­ты­ғының болашағы үшін мемлекет бас­шы­лары­ның қателеспеуі ең басты қажетті­лік”, – деп АҚШ-тағы Сол­түстік Коро­ли­на универ­ситетінің про­фессоры Хал Фос­тер атап көрсеткеніндей, әлем тұлға­лардан зор үміт күтеді. Осы Фостер тағы да дәл аңғарғандай: “Қазақстанның бү­гінгі жетістіктерінің барлығы – Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың үнемі дұрыс таңдау жасай алатындығынан”. Астана Елбасы­ның парасат-пайымымен алдағы Сам­митте әлем үшін де адастырмас таң­дау табатынына иланамыз. Байыбына барар болсақ, ЕҚЫҰ-ның әуелі төрағалыққа Қазақстанды таңдауы­ның, көп уақыт өтпей жатып әлемдік маңызға ие Саммитті Астанада өткізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдауы­ның астарында үлкен мән бар. Осы екі орайлы шешім арқылы ұйым жаһан алдындағы бастапқы беделін қайтарып алды. Еліміз оның тізгінін ұстаған са­нау­лы айлардың ішінде бірнеше маңызды қадамдарға ұйтқы болды. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас Ассамблеясы Елба­сының идеясымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарар қабыл­дады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұ­мысы жан­данды, Орталық Азияның тұ­рақ­ты да­муына арналған қадамдар жасал­ды, Ауған­стандағы күрделі жағдайды реттеу­дің тың ұсыныстары талқыланып, жүзеге асырыла бастады, адамзатты тұтас алаң­датып отырған есірткі қатерінің жолын кесуге әлемді түгел жұмылдыру шара­лары жемісін беруде, іргедегі Қырғыз­стан Қазақстан көшбасшысының күш-жігерімен ішкі алапат апатты дер кезінде ауыздықтады. Осының бәрі әлем мем­лекеттерінің республикамызға, оның Президентіне деген сенімін күшейтті. Сыртқы елдер сарапшыларының ой-пікірлеріне ден қойсақ, бүгінде ЕҚЫҰ Қазақстанның бұл артықшылығына, әлем алаңдаған өзекті мәселелерге дер шағында назар аударып, олардың шеші­мін таба білетін ұшқырлығына, ұсы­ныстарды жүзеге асырудағы іскерлігіне тәнті бола отырып, осы қабілет-мүм­кіндігін одан әрі де пайдалануға ынталы. Бұл үшін, әрине, Қазақстан ұйымның құрылымына тереңдеп енуі керек. Біздің ойымызша, Астана Саммитінде бұл орай­да келелі әңгіме болады. Атап айтқанда, елордада Орталық Азия филиалын құру жөнінде ұсыныс жасалуы әбден мүмкін. Саммит туралы көзқарасын толассыз білдіріп жатқан саясаткерлердің ортақ байламы осыған саяды. Анығында Еуропа үшін де, мазасыз Азия үшін де аталған құрылым қазіргі күндегі саяси-әлеуметтік маңызы зор қа­жет­тіліктердің бірі. 140 этнос пен 40-тан астам конфессия өкілдерін бір шаңы­рақ­тың астында ынтымақтастырып отырған Қазақстанның дін хақындағы ұстанымы таным мен сенім алшақты­ғына төзімсіз шығыс үшін тиімді болар еді. Исламның көп негіздерінің бірі болып табылатын төзімділік дәстүрі қа­зақ жерінде ор­нық­қан. Біз қабылдаған бірлік пен теңдік доктринасы Орталық Азия­ның қаруы қолы­нан түспей жүрген елде­рі үшін бейбіт өмірге оралудың игі жо­лына айнала алар еді. Бағзы ұлттық дәс­түрлер мен рухани құндылықтарды ХХІ ғасырдағы жалпы адамзаттық өркениет­пен сәйкестендірудің осы заманғы озық үлгісі де бізде. Ал құр­лықтар жақын­дас­пай, қоян-қол­тық ара­ласпай тұра ал­майды. Өзара үн­де­су мен сіңісу – қа­зіргі кезеңнің өмір­­лік талабы. Міне, осы бауыр­ла­су мис­сия­сын Орта­лық Азия­да жүзеге асы­ра ала­тын жал­ғыз мем­лекет – Қазақ­стан. Батыс пен Шы­ғыстың өрке­ние­тін бірдей сіңір­ген, оны ұлттық рухы арқы­лы оң­тай­лы сіңір­ген ел де сол. Қазақ жері сон­дықтан да кір­пияз Шығыс пен шартарапқа ашық, заманға бейімдел­гіш Батыстың арасы­на тартылған ұлағат көпірі бола алады. Ұлы Отан соғысынан бергі кезеңдегі әлемдік бірігу идеяларын зерделесек, ғалам тұтасу жолында келе жатқанын көреміз. Осы адамзаттық өрелі мұратты жүзеге асыруды көздеп құрылған халық­аралық деңгейдегі ұйымдар аз емес. Олар­дың біразы Азияда. Солардың іргелесі – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі. Әуелде Азиядағы мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен құрылған. Оның баста­машысы Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Ә.Назарбаев болды, 1992 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясының 47-сес­сиясында ұсынды. Кеңес осы кең байтақ өңірдегі дау-жанжалдар мен қақтығыс­тар­дың алдын алу, саяси-экономикалық тұ­рақтылықты сақтау міндеттерімен шұғыл­данады, Орталық Азияның геосаяси жүйесін реттеу мәселесі де назарында. Әлем ойшылдары Батыс пен Шығыстағы осы тақылеттес дербес құрылымдардың іс-қызметін жан­дандыра отырып, жаһандық мемлекеттік жүйе туралы ойластыруда. Қос құр­лықтағы ұлттар мен ұлттық мемлекет­терді жаһанды ұйымдастырудың қоғам­дық-саяси үлгісі деп біледі, оларды ға­ламдық идеология тұтастыра алатын­дығына кәміл сенеді. Осымен бірге, жа­һандық азаматтық қоғам құруға ұмтыл­ған күштер де жетерлік. Ғаламдық ортақ ізгілікке негізделген бұл талпыныстардың нәтижелі болуы барлық жағынан қуатты Еуропа мен дәстүрлі өркениетке бай, адам және табиғи ресурс­тары мол Азия­ның ынтымақтаса білуіне тығыз бай­ланысты екені жиі айтылып жүр. Осыған орай Астана Сам­митінде аталған екі әлемді бұрынғыдан да жақындастырудың жолдары жан-жақты қарастырылатыны даусыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылымдық ерекшеліктеріне сәйкес кәрі құрлық мәселесімен ғана емес, Азияның мұрат-мүддесімен да айналысуға тиіс. Қазіргі таңда оның құрамында бес орталық­азиялық мемлекет бар. Олай болса, ЕҚЫҰ таза еуропалық атана алмайды, барлық жағынан еуразиялық сипатта. Соған мән берген кейбір сарапшылар ұйымды Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы деп қайта атау жөнінде ой білдіруде. Біз мұндай ұйға­рымға толық қосыламыз және Астана Саммитінің осындай тарихи бас­тамаларымен ерекшеленуіне тілек­теспіз. Қазіргі таңда зиялы қауымның ара­сында Саммит Қазақстан мен Астанаға, бізден тысқары елдерге не береді деген сауал жүр. Алдымен сырт мемлекеттер жайында айтсақ, оған Елбасы ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кіріскен кезде жан-жақты жауап берген болатын. Саммит ұйымға мүше мемлекеттердің осы заманғы қауіп-қатердің алдын алуға бейімделуіне ықпал етеді, басқа елдердің осы халықаралық құрылымға сенімі мен құрметін артты­рады. Хельсинки Қоры­тын­ды актісі мен Париж декларациясын жаңа маз­мұнда байытуға мүмкіндік туғызады. Соның нәтижесінде 56 мемлекет алдағы кезеңде ұстанатын әлемдегі қазіргі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа міндеттері анықталады. Ол бәлкім жаңа Астана декларациясы түрінде өмірге келер. Ал Саммит біз үшін не әкеледі десек, ең алдымен Қазақстанды әлемге қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде тағы да танытады. Оның халық­аралық үйлесімділікке бағытталған өмір­шең ой-идеяларына жаһан қанығады. Республиканың Батыстағы жетекші мемлекеттермен стратегиялық әріптес болу мүмкіндігі артады, Азия мен ТМД-дағы көшбасшылық беделі нығая түседі. Саммиттің бас қаламызға да берері көп. Осы аса маңызды жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен келген бұқаралық баспасөз өкілдері Саммиттің жұмысы туралы жедел ақпаратты шартарапқа тарата жүріп, Астананы барлық қырынан көрсететін болады. Барынша жедел салынған, әсем салынған шаһардың көркіне көптеген елдер көз қанық­тырады. Астанамен іскерлік қатынас ор­натуға ынталы топтардың қатары кө­бейеді. Туризм, құрылыс және басқа са­ла­ларда Астана жаңа әріптестер табады. Осының бәрі, айналып-үйіріліп кел­генде, елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. Біз алда тұрған оқиғаның мән-маз­мұнын, оның ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге, одан тыс мемлекеттерге тигізетін игі ықпалын алдын ала терең сезіне де бермеспіз. Бір ақиқаттың басы ашық: бүгінде Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті жаһанға жаққан, әлемді үндестік пен өзара сенімге бастаған тың идеяларымен халықаралық биікке көтерілсе, күні ертең Астана Қазақ елінің төрінен ғаламның төріне айналады. Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің  депутаты.