Сейсенбі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Украина астанасы – Киев қаласына ұшып келді. Халықаралық “Борисполь” әуежайында Қазақстан Президентін Украина Үкіметінің ресми адамдары қарсы алып, Украина Президентінің әкімшілігіне бастады.
Бұл күні Киев аспаны барынша ашық болып, қоңыр күзге қарамай күннің нұры молынан төгіліп, ауаның температурасы 30 градус ыстықтың маңында тұрды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кортежі өткен орталық көшелерде Қазақстан мен Украинаның жалаулары ілініп, қарсы алу салтанатын арттыра түскен.
Украина Президенті әкімшілігі ғимараты алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Украина Президенті Виктор Янукович қарсы алды. Осы жердегі салтанатты қарсы алу рәсімдері аяқталған соң мемлекет басшылары шағын құрамдағы келіссөз үстеліне отырды.
Қазақстан мен Украина қарым-қатынастары осы күнге дейін серпінді қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдарда екі жақтың ұстанымдары үнемі ұқсастығымен ерекшеленді. Мәселен, БҰҰ шеңберінде Қазақстан Украинаның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 2008-2011 жылдардағы мүшесі болуын жақтаған, ал Украина 2011-2012 жылдарға Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын қолдап отыр.
Қазақстан басшысының Украинаға жасаған сапарлары екіжақты қарым-қатынастың дами түсуіне игі ықпалын тигізіп келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан Президенті Украинаға осымен жетінші рет ресми сапар жасап отыр. Екі ел басшыларының кездесулері үнемі достық, түсіністік және елдеріміздің арасындағы түрлі бағыттағы ынтымақтастықтарды тереңдете беруге деген ұмтылыс жағдайында өтіп келеді.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Украинаның жаңадан сайланған Президенті Виктор Януковичтің Қазақстанға алғашқы ресми сапары болды. Сапар барысында 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан – Украина өзара іс-қимыл жоспарына (“Жол картасы-3”) және екі елдің үкіметтері арасында 2000 жылдың 19 мамырында азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдету жөніндегі келісімге өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Ал екі елдің арасында қол қойылған барлық құжаттар саны қазір 80-нен асып жығылады.
Қазақстан мен Украина арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс басталғанша тұрақты қарқынмен дамыды. Тауар айналымы жөнінен Қазақстан ТМД бойынша Украинаның екінші орындағы, ал барлық сауда әріптестері арасында төртінші орындағы әріптесі болды. Украина да ТМД бойынша Қазақстанның Ресейден кейінгі екінші, ал барлық әріптестері арасында бесінші орындағы сауда әріптесі болып келді. Бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың салқынынан екіжақты сауда айналымы 30 пайызға жуық төмендеп, 2009 жылы 3 578,8 млн. АҚШ долларына дейін түсіп кетті. Соның ішінде қазақстандық экспорт көлемі 1 514,3 млн., ал импорт 2 064.6 млн. АҚШ доллары көлемінде болды. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында екіжақты тауар айналымы 956,4 млн. АҚШ доллары көлемінде болды, соның 621,4 миллионы экспорт, ал 335,4 млн. доллары импортты құрады.
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметтерге қарасақ, Қазақстаннан Украина экономикасына құйылған инвестицияның көлемі 254,4 млн. доллар, ал Украинаның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 23,3 млн. долларға тең болған екен.
Шағын құрамдағы екіжақты кездесуден шыққан соң мемлекет басшылары келіссөздерді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Оған Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі Амангелді Жұмабаев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаев, “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті Асқар Мамин, “Қазатомөнеркәсіп” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ президенті Қайыргелді Қабылдин және т.б. қатысты.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерді ашқан Украина Президенті Виктор Янукович осының алдында шағын құрамда болған келіссөзге қысқаша шолу жасап, ондағы негізгі мәселелер туралы айтып берді. Біз Қазақстанмен әріптестік қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Келіссөз барысында біздер бір-бірімізді емеуріннен-ақ ұғып отырдық. Осының өзі біздің мүдделеріміздің ұқсас екендігін көрсетпей ме, дей келіп, ол екі елдің арасындағы қарым-қатынастардың өте ертеден орнағанын тілге тиек етті. Одан әрі Украинаның Қазақстан секілді тұрақты жолмен дамып келе жатқан сенімді елмен әріптестікке аса мүдделі екенін атап өтіп, Қазақстан Президентінің атына жылы сөздер айтты. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың нарықтық экономика орнату жолындағы қажырлы еңбектеріне үлкен баға беріп, өзінің одан үлгі алғысы келетінін жеткізді.
Украина экономикасының сипатына тоқталғанда, оның ғылыми-техникалық әлеуеті зор екенін ауызға алды. Қазір біз өнеркәсіпте ғылым жетістіктерін пайдаланып, инновациялық даму жолын қалап отырмыз. Осы қатарда ғарыштық жаңа жобаларды іске асырғымыз келеді, дей келіп, шағын құрамдағы кездесуде Қазақстан-Ресей арасындағы осы салада қолға алынып жүрген жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы пікір алысылғанын жеткізді. Осы орайда Байқоңырды бірлесе пайдалану перспективасы жоғары екенін білдірді.
Одан әрі өзінің Қазақстанмен бірлесіп жолаушы және жүк тасымалының ұшақтарын жасау жөнінде бірлескен кәсіпорын құру мәселесін көтергенін айтты. Бұл жобалар іске асса, екі жаққа да тиімді болар еді, деді ол. Сонымен бірге, Украина Қазақстанның мұнай-газ кен орындарын игеруге қатысу, көліктік инфрақұрылым жобаларына атсалысу перспективалары туралы мәселелер көтерілгенін айтты. Соңғысы туралы айтқанда, “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” жобасына Украинаның да атсалысу ойы барын айтқанын жеткізді. Атом энергетикасында да сіздер Ресеймен бірлесіп жаңа жобаларды іске асырудасыздар, біз де осы жобаларға әріптес ретінде енгіміз келеді, деді ол.
Өзінің жауап сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев украиналық әріптесінің ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді. Сөз арасында екіжақты ынтымақтастық жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігінен де анық көрінетінін атап өтті. Соның ішінде өзінің В.Януковичпен биыл ғана жетінші рет кездесіп отырғанын мәлімдеді. Біз Украинамен барлық мәселелер бойынша да ынтымақтасуға әзірміз. Соның ішінде қазақстандық энергетика көздерін бірлесе игеру мәселелері бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берілді.
Ал екіжақты сауданың қызуына Ресей арқылы өтетін транзит тарифтерінің жоғары болуы кері әсерін тигізуде. Тарифтің жоғарылығынан біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілеттігін төмендетіп алады. Бірақ соған қарамай біз былтыр ғана Украинадан 170 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алдық. Қазір оларды өзімізде жасау үшін бірлескен кәсіпорындар құрылуда, деді Қазақстан басшысы. Ғарыш саласындағы әріптестік туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның украиналық “Зенит” және “Днепр” зымыран ұшырғыштары жобасы акциясының 10 пайызын алуға келісілгенін, бірақ Қазақстан жағы акцияның 33 пайызынан үмітті екенін айтты. Біз өз еліміздегі 2014 жылға дейінгі аралыққа арналған индустриялық-инновацияландыру бағдармасын іске асыру үшін 50 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартамыз. Соны игеруге украиналық іскерлерді де шақырамыз. Ал көлік инфрақұрылымы туралы айтқанда, украиналық әріптесімнің “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” жобасына қатысқысы келген ниетін қолдаймын.
Мемлекет басшыларының кіріспе сөзінен кейін келіссөздер БАҚ-тың қатысуынсыз, “жабық есік” жағдайында жалғасты.
Ұзаққа созылған кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталған соң екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі болды. Ұзын саны сегіз құжатқа қол қойылуы екіжақты қарым-қатынастардың қызу қарқынмен дамып келе жатқандығының айғағы болса керек. Қол қойылған құжаттар арасында Қазақстанмен Украина арасында 2010-2011 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына (“Жол картасы-3”) қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы хаттама да болды. Оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Украина Президенті В.Янукович қол қойды. Бұл құжат украин жағының бұрынғы жоспарға мәшине жасау, көлік, әскери-техникалық ынтымақтастық, агроөнеркәсіп салалары бойынша қосымша тармақтар енгізу жөніндегі ұсынысы бойынша әзірленген еді. Қазақстан Үкіметі мен Украина Министрлер кабинеті арасындағы екі жақта да дипломатиялық өкілдіктер үйін салуға жер бөлу туралы келісімге Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Украина жағынан Сыртқы істер министрі К.Грищенко қол қойды. Айта кетерлігі, келісім бойынша аталған мақсат үшін Украина жағы Қазақстанға Киевтен 0,45 га, ал Қазақстан жағы Украинаға Астанадан 0,9 га жерді жалға беретін болады.
Қазақстан Республикасы мен Украинаның Білім және ғылым министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге екі елдің сала министрлері Ж.Түймебаев пен Д.Табачник, адам құқықтары жөніндегі ынтымақтастық жөніндегі құжатқа Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық өкіл А.Шәкіров пен Украина Жоғарғы Радасының адам құқықтары жөніндегі өкілі Н.Карпачева, темір жол саласындағы жүк тасымалы бойынша дұрыс тарифтік ахуал жасау жөніндегі келісімге “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті А.Мамин мен Украина мемлекеттік темір жол көлігінің бас директоры М.Костюк қол қойды. Бұлардан басқа да екіжақты үш құжатқа қол қойылды. Олардың бәріне Қазақстан жағынан Төтенше және өкілетті елші А.Жұмабаев қол қойды.
Осыдан кейін мемлекеттер басшылары журналистермен баспасөз конференциясын өткізді. Оны ашқан Украина Президенті жоғарыда аталған жайларды атай келіп, екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамытуда әлі де қолға алынбаған шаруалар көп екенін тілге тиек етті. Сол әлеуетті молынан қолдану үшін екі елдің үкіметтеріне нақты тапсырмалар берілгенін айтты. Сонымен қатар, 2014 жылы Тарас Шевченконың 200 жылдық мерейтойын бірлесе атап өтуге келісілгенін жеткізді. Сөзінің соңында келіссөздер барысында әлемдік өзекті проблемалар туралы пікір алысылғанын атап көрсетті.
Қазақстан Президенті жылы қарсы алғаны үшін Украина жағына ризашылығын білдіре келіп, екі жақтың барлық мәселеде де үлкен түсіністікпен ортақ тіл тапқанын айтты. Одан әрі әлемдік экономикалық дағдарыстың еңсеріліп келе жатқанына байланысты екіжақты сауда айналымының бұрынғы қалпына келетініне сенім білдірді. Сонымен бірге, гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың дами беретініне де үміт артты. Қазірдің өзінде Украинада жүздеген қазақстандық жас білім алуда, алдағы уақытта бұл санның артатынына сенімдіміз, деді Н.Назарбаев.
Баспасөз конференциясының соңында президенттер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Кеше кешкісін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Белгісіз солдат пен Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-мемориалдарға гүлдесте қойды. Содан соң Украина Премьер-министрі Н.Азаровпен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Жақсыбай САМРАТ – Киевтен. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.