“Әділеттің жолын қу, шыншыл бол...”
Жүсіп Баласағұни.
Жасыл желек жамылған ағаштардың сап-сары түске ене бастаған жылдың осы бір маусымын Мұхамеджан ерекше ұнатады. Орыстың ұлы шайыры Пушкиннің алтын күзді не үшін ұнатқанын кім білсін, ал Мұхаң күздің мол ырыс әкелетінін әрі өзінің еңбек жолын бастаған сәті болғандықтан жанына жақын тартады.
Ол осыдан 60 жыл бұрын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бірлік кентінде көп балалы ата-ананың отбасында дүниеге келген. Үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген әке-шешесі ауылды былай қойып, өңірге сыйлы жандар еді. Әкесі Ахмедия мен анасы Әсия талап қойғыш, балаларына дұрыс тәрбие беруге ерекше көңіл бөлетін принципшіл жандар болатын. Ахмедия қарияның мамандығы заңгер, ұзақ жылдар кеңес-партия саласында қызмет атқарып, көпті көрген азамат болғандықтан Мұхамеджанның заңгерлікті меңгеруіне жөн сілтеген. Ақыры пысық та көпшіл, қарапайым, ізеттігі мен достарына деген адалдығы сезіліп тұратын Мұхамеджан Пақырдінов С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы ойдағыдай аяқтады.
Сол жылдың өзі ұнататын күзінде 23 жастағы балаң жігіт Алматы қаласындағы Фрунзе ауданы прокуратурасының тергеушісі қызметіне орналасады. Астананы былай қойып аудандардан қызмет тауып алудың өзі қиямет саналатын кезде Мұхаңның астана төрінен бірақ шығуы өзінің іскерлігіне байланысты болса керек. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезде қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көрінетін, оқудың арасында уақыт тауып, аудандық прокуратураға жиі баратын азаматты ондағылар танып, оның қарымын байқаса керек. Астана болған соң бір миллионға жуық тұрғыны бар жерде қылмыс та көбірек орын алатыны белгілі. Алғашқы тапсырма әлі күнге есінде. Әлдебір мекеменің басшысы бір адамды қызметтен заңсыз босатып жіберген көрінеді. Мәселенің анық-қанығын зерттеу оңайға түскен жоқ. Алайда алған бетінен қайтпайтын жас жігіт сол азаматтың құқығын қорғап, қайтадан жұмысқа қабылдаттырды. Аяқ астынан зәбір көрген азаматтың өзіне қайта-қайта алғыс айтып, көзіне жас алғаны есінде қалып қойыпты.
Фрунзе ауданы прокуратурасының тергеушісі қызметінде Мұхаң үш жыл қызмет етті. Сол үш жыл құлашты сермеуге таршылық етсе де, жас заңгер Жүсіп Баласағұнидың “ Әділеттің жолын қу, шыншыл бол” деген сөзінің өміршеңдігіне көз жеткізгендей болды. Осы уақыт ішінде оның алдына зәбір көріп, тағдыр тауқыметін тартқан талай жандар келді. Әр адамның тағдыры әрқилы дегендей, оны терең зерттеп, неліктен қиянат шекті деген сауалға жауап қайтару оңайға тимеді. Алайда, үш жыл ішінде тәжірибесін шыңдап алған М.Пақырдіновтің қызметі жоғарылап, Алматы қаласы прокуратурасының аға тергеушісі болып жұмысқа кірісті.
Қариялардың “өмір-өзен” деп айтып отыратынын Мұхаң жас кезінде жиі еститін, ойға қалатын. Бірақ сол сөздің философиясына мән бермеген екен. Адамның өмірі бейнебір ағып жатқан өзенге ұқсас. Оның соқпағы мен бұралаңы адамды адастырып кетуі де ғажап емес. Кейде сүрінесің, кейде қадамың сәтті болып, алға қарай батыл адымдай бересің. Мұхаң сан мәрте бұған көз жеткізіп, өмір өзен екенін, оның үйрететіні де, тәлім-тәрбиесі де мол екенін бастан кешірді. Аға тергеуші қызметінде жүргенде талай адамның тағдырына жауапкершілікпен қарап, мәселенің оң шешім табуына ықпал жасады. Орынсыз зәбір көрген жандардың құқығын қорғау үшін сан рет бастықтарымен сөзге келіп қалғаны есінде. Үлкен қаланың тіршілігі бұрқ-сарқ жалғасып жатады. Алматы болған соң қылмыс та жиі жасалады. Аға тергеуші болған соң оған үнемі шешуі күрделі қиын істер тапсырылды. Ал істі бастаған екенсің, оны ақырына дейін жеткізіп, әділ шешіміңді айтқан орынды. Еңбек сүйгіш, үнемі ізденісте жүретін азамат өз мамандығының қыр-сырын осында жүргенде біршама терең меңгеріп алды. Талай күрделі істерді ақырына дейін жеткізе білді. 1976 жылы ол Алматы қаласындағы прокуратура қызметкерлерінің ішінде “Ең үздік тергеуші” атағына ие болды.
Әлі есінде, сол жылы жас тергеушіге аса бір күрделі де қиын істі жүргізу тапсырылды. Ұйқысыз күндер мен түндер жалғасты. Мемлекет қаржысын талан-таражға салған адамдарды әшкерелеу оңай болмады. Ақыры бұл қылмыстың да шешімін таба білген Мұхаңды сол кезде Алматы қалалық сотының төрағасы Б.Махметов іскерлігі мен қайсарлығы үшін сыйлап, қызметке шақырады. 1977 жылдың маусымында М. Пақырдінов Алматы қалалық сотының мүшесіне сайланады. Қысқа мерзімде ол тәжірибелі судьялармен қоян-қолтық ынтымақпен қызмет етіп, әділеттің ақ жолын орнатуға ерекше үлес қосады. Жас болса да құқық қорғау саласының қыр-сырын жетік меңгерген М.Пақырдінов небәрі 30 жасында еліміздің тарихында бірінші болып Жоғарғы Соттың ең жас мүшесі болып сайланады. Бұл жауапты қызметте болған төрт-бес жылда талай күрделі қылмыстық істердің оң шешілуіне ықпал жасайды. Еліміздің облыс орталықтары мен ірі қалаларында да аса жауапты қылмыстық істердің ашылуына мұрындық болады.
Бірыңғай прокуратура және сот саласында қызмет етіп, төселіп қалған азаматқа Жоғарғы Соттағы мерзімі аяқталған соң Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, Алматы қаласы Октябрь ауданы заң кеңесінің меңгерушісі қызметін атқару қиынға соқпаса да, оған көндігу оңай болмады. 1986 жылдан бастап ол Жамбыл қаласы Зауыт ауданы прокурорының көмекшісі, Жамбыл қаласы Орталық ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы Совет ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы прокуратурасының жалпы қадағалау бөлімінің бастығы, Талғар ауданының прокуроры, Алматы облысы прокурорының орынбасары, Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметі сияқты баспалдақтардан өтті. Барлық жерде де өзін жақсы қырымен таныта білді. Өзіне сеніп жүктелген қызметті ірі-кіші демей, барлығына да жауапкершілікпен қараған азаматтың іскерлігі мен қабілетіне көпшілік жоғары баға беріп келді.
2000 жылдың сәуірі болатын. Мұхамеджан Ахмедияұлы Пақырдінов Шығыс Қазақстан облысының прокуроры қызметіне тағайындалған соң, қатар оқыған азаматты құттықтап бардық. ҚазМУ-ді бітіргенімізге 27 жыл өтіп кетсе де замандастар бір-бірін ұмытпапты. Кенді Алтайдың адамдары, табиғаты жайлы құрдасымыз талай жылы пікірлерді ортаға салды.
Алайда, Мұхаңды алаңдататын жайлар бар сияқты. Шығыс Қазақстан облысы қылмыс жасау жөнінен елімізде алдыңғы орынды ешкімге бермейтіні белгілі. Құрығанда екінші орында немесе көш басында. Өкінішті-ақ. Мұхамеджан Ахмедияұлы облыс прокуроры қызметінде тоғыз-ақ ай болса да талай күрделі істердің әділ атқаруына басшылық жасады. Өзендер өрнектеген Өскеменнің экологиясы күрделі. Қоршаған ортаны аяусыз бүлдіріп жатқан ірі кәсіпорындар басшыларына да қатаң шара қолданғанына көз жеткізгенбіз. Тоғыз айдан кейін Мұхаң қызмет бабымен Жамбыл облысының прокуроры болып ауысты. Прокуратура саласында 21 жыл абыроймен қызмет атқарған азаматтың іскерлігі мен қабілеті бағаланып, ҚР Бас прокурорының бұйрығымен сан мәрте марапатталды. 2001 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған үшінші сыныпты мемлекеттік заң кеңесшісі деген атақ берілді.
М.Пақырдінов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық басқармасы сот жүйесі мәселелері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін де абыроймен атқарып, еліміздегі құқық қорғау саласындағы реформалардың жүйелі жүргізілуіне ықпал жасады. Біліктілігі мен білімі зор іскер азаматты 2004 жылдың сәуірінде Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындайды. Ол жерде бес жыл қызмет жасаған азаматтың іскерлігіне қарағандылықтар риза. Хакім Абай “түзелмейтін адам бар деушілердің тілін кесу керек” деген екен. Осы сөздің терең астары бар. Оған Мұхаң сан мәрте көз жеткізді. Ауыр қылмыс жасаған талай жандардың дұрыс жолға түсуіне М.Пақырдіновтің жағдай жасағанын қарағандылықтар айтып отырады.
Арада он жылдан кейін Мұхаң Өскеменге қайтып оралды. Бұл жолғы қызметі Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы. Қызметке кіріскен он ай ішінде М.Пақырдіновтің жетекшілігімен талай игілікті істердің атқарылып жатқанына көз жеткіздік. Ол келе сала бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
– Біздің атқарып жатқан ісіміз ашық әрі әділ өтуі тиіс. Журналистерден ешнәрсе жасырып қалмауға уәде беремін. Кез келген сот мәжілістеріне қатыса аласыздар. Қылмыс жасау жөнінен Кенді Алтай елімізде алдыңғы орында тұр екен. Демек, судьялардың білімі мен біліктілігі қылмысты істерді әділ әрі тез ашуға ықпал жасағаны оң болар еді. Мемлекеттік тілдің өркен жаюына да көңіл бөлеміз, – деген еді кездесуде Мұхамеджан Ахмедияұлы.
Сол айтқан уәдесінде тұра білді. Келе салып тіл мерекесін өткізіп, қала, аудан соттарында қызмет ететін судьялар мен мамандардың ана тілін құрметтеулеріне ықпал тудырды. Бір сүйініштісі, оған қатысқандар арасында басқа да ұлт өкілдері бар. Ақпарат құралдары мерекесі қарсаңында құқық қорғау саласын дұрыс насихаттап жүргендерді марапаттады. Шығыс Қазақстан облысында 10 айда қылмыс жасау біршама төмендеген сыңайлы. Елбасы Н.Назарбаевтың жақында құқық қорғау саласындағы реформа жайлы кеңес өткізгені белгілі. Елге оралысымен ол жайлы кеңінен мағлұмат беріп, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға күш салатындарын айтты.
Есімі елге белгілі, құрметке бөленген Мұхаңның ұлдары да әке жолын қуған. Ғалымжан – Алматы қаласындағы Жетісу ауданы прокурорының орынбасары қызметін жемісті атқарып жатса, Бауыржан – Павлодар облыстық кеден департаменті бастығының орынбасары. Ал Нұржаны – Алматы қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы. “Әке көрген оқ жонар” демекші, үш ұлының тәрбиесіне, білімі мен біліктілігінің артуына ұдайы көңіл бөлетін Мұхаң бақытты әке. Ұзақ жылғы қызметі “Құрмет” орденімен, үш медальмен аталып өткен, заң ғылымдарының кандидаты М.Пақырдінов бүгіндері 60 деген жастың асқарына көтеріліп отыр. Иә, тұлғалы азаматтың айшықты өмірі жастарға үлгі боларлықтай.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Суретте: Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы М. Пақырдінов.