17 Қыркүйек, 2010

Басты талап – бәсекеге қабілеттілік

517 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматы облысының Жаркент өңіріндегі Қорғас ауылына келіп қайтты. Үкімет басшысының ресми іссапары екі ел шекарасында салынып жатқан “Қорғас” халықаралық шекаралық әріптестік орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысуға арналды. “Қорғас” ХШӘО президенті Ғаб­дулхаким Жәшібеков Үкімет басшысына орталықта атқарылып жатқан істер жөнінде баяндап, Қорғас-Жетіген темір жолы мен Алматы-Қорғас автожол құры­лы­сы­ның барысымен таныстырды. Бұдан соң Үкімет басшысы ҚХР тарапына өтіп, көршілес елдің ат­қарушы билік өкілдерімен кездесті. Кәрім Мәсімовтің Алматы облы­сына келгендегі басты мақ­саты – аталған орталықтың 2012 жылға белгіленген алғашқы ке­зе­ңін­де атқарылатын істерді бағамдау болатын. “Қорғас” халықаралық ше­каралық әріптестік орталығының құрылысы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы бас­шыларының бастамасымен бір­лесіп жасалған, Қытай елімен екі ара­дағы сауданы жандандыруға, сонымен бірге екі мемлекеттің де тасымал әлеуетін дамытуға арнал­ған ірі жоба болып табылады. Ол өндірістік, көліктік салаға капитал жұмсауға, шағын және орта биз­несті барынша табысты етуге мүмкіндік береді. 2004 жылдың 24 қыркүйегінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың ШҰАР-ға барған сапарында Қазақстан мен Қытай шекаралары ара­сында “Қорғас” халықаралық шекаралық әріптестік орталығын құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Орталықтың құрылысы екі бө­ліктен тұрады. Олар Алматы облы­сының Панфилов ауданында орна­ласқан қазақстандық және Іле-Қа­зақ автономиялы облысы аймағын­дағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында тұрған қытайлық бөлік деп аталады. Орталықтың жалпы аума­ғы 528 гектарды  қамтиды, оның 185 гектары қазақстандық, 343 гектары қытайлық бөлікте. Ор­талық пайдалануға берілгеннен кейін екі ел азаматтары виза ресім­демей-ақ 30 тәулік мерзімге дейін жүре алады. Жобаның құны 382,9 миллиард теңге, оның 73,7 млрд. теңгесі рес­пуб­ликалық бюджет қаржысы, 309,2 млрд. теңгесі жеке инвес­торлардың еншісінде. Бюджеттен бө­лінген қаржының 65,8 млрд. теңгесі орталықты жобалау мен инфрақұрылымдық құрылыс ны­сандарын салуға жұмсалыпты. Ор­талық құрылысының алғашқы кезеңін аяқтау 2012 жылға белгі­ленсе, 2018 жылдан бастап ол то­лық қуатында іске кіріседі. Қазіргі кезде көптеген нысанда құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. “Қорғас” еркін экономикалық аймағы бірнеше бөлімнен тұратын болады. Мұнда үлкен көлік тер­ми­налы, сауда көрмесі, келген адам­дар ашық аспан астына шықпай жалғастыра аралайтын сауда па­вильон­дары, бір мезетте 5 мың адам қабылдауға мүмкіндігі бар қо­нақүй кешені салынады. Халық­аралық қаржы және өндірістік ұйымдардың ірі халықаралық кез­десулерін, конференцияларын, симпозиумдарын өткізуге арналған орталық салынбақшы. Офистер мен мейрамханалар, казино, кино­театр, көп қабатты тұрғын үйлер, мектеп пен балабақша, келушілер демалатын басқа  орындар  жайы да ойластырылған. Орталықтың қызметі  саудамен ғана шектелмейді. Бұл жерде ШЫҰ мәмілесінің құрамындағы мем­ле­кет­­тердің мәдениеті мен тарихи дамуынан кең мағлұмат беретін этникалық парк жасалған. Өндіріс орындарымен ҚХР-да немесе әлем­нің кез келген елінде жасала­тын техника мен өндірістік құрал-жабдықтардың бөлшектерін жасап беруге шарттасуға болады. Мұның өзі халықаралық еңбек рыногын өрістетеді. Іскер азаматтар осын­дағы көрмелерден өзіне қажет тауар түрлерін таңдап, келісім-шарт жа­сасуына, қолма-қол есеп айыры­суына болады. Мұнда келген іскер адамдарды ғылыми-техникалық жетістіктермен таныстыру мүм­кін­дігі де бар. Осылайша еліміздің оң­түстік шығыс шекарасы саналатын Қорғаста алдағы уақытта инфра­құрылымы өте жоғары деңгейдегі, әлем назарын өзіне аударатын сән-салтанатты қала пайда болмақ. Мұн­дай еркін экономикалық аймақ әлемнің ешбір елінде әлі жасал­маған деуге болады. Ең бастысы, Қорғастан көршілес Азия және Еуропа елдеріне жол ашатын жаңа дәліз қалыптаспақшы. Премьер-Министр Кәрім Мә­сі­мовпен бірге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Көлік және коммуни­кация министрі Әбілғазы Құсайы­нов, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және бірқатар сала басшылары болды. *  *  * Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өткен сәрсенбіде арнайы экономикалық аймаққа кіретін “Alatau ІT Cіty” ақпараттық технологиялар паркінде болды. Үкімет басшысы осы жерде білім және инновациялық технологиялар саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен және келешекте қолға алынатын іс-шаралармен танысты. “Alatau ІT Cіty” ақпараттық технологиялық паркінде Үкімет басшысымен бірге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа техно­логиялар министрі Әсет Исекешев, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев және Қаржы министрі Болат Жәмішев болды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов өткізген кеңейтілген жиында “Alatau ІT Cіty” ақпараттық тех­но­логия паркінің даму тұжырым­дамасының тұсаукесері болды. Оған белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындары ректорлары, сонымен қатар бизнес-құрылымдардың басшылары да қатысты. Ақпарат­тық технологиялар паркі Мемлекет басшысының Жарлығымен бұдан жеті жыл бұрын, яғни 2003 жылы тамыз айында құрылған болатын. Оны құрудағы ең негізгі мақсат елімізде бүгінгі күннің жоғары та­лабына сай келетіндей ақпараттық өндірісті одан әрі дамытып, өр­кендету болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы басты қажет­тілікке айналып отырған жоғары технологиялық кәсіпорындарды құру екендігі айтпаса да түсінікті. Бір құптарлығы, қазірде ақпараттық технологиялар паркінің қаты­сушысы 24 компания болып есеп­телінеді. Олар бұл парктегі қызметтің негізгі түрлерін іске асыруда. Көпшілікке белгілі, еліміздің экономикасы жаңа кезеңге аяқ басты. Соған орай, үдемелі индус­триялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар қандай салада болмасын іскерлік пен сапалылықты және жауапкершілікті талап ететіндігі сөзсіз. Сол себептен де,  кездесуде бұл мәселеге басты на­зар аударылды. Экономиканы модернизациялау аясында техно­логияны жетілдіру, еңбек өнім­ділігін қарқынды түрде арттырудың қажеттілігі өте  зор. Ақпараттық технологиялар паркінің келешектегі даму тұжырымдамасының тұсауке­се­рінде сөз алған “Ұлттық инно­вациялық қор” АҚ директорлар кеңесінің төрайымы Зарина Арсланова бұл салада бүгінгі таңда қол жеткен жетістіктер және келе­шекте қолға алынатын жобалар туралы жан-жақты баяндап берді. Бұл орайда, әсіресе, ақпараттық технологиялар паркіне кәсіпкер­лердің келуін ынталандыратын бір­шама жағымды жұмыстар көрініс беруі құптарлық жәйт. Анығырақ айтқанда, салық мөлшерін төмен­дету бағытында біршама іс-шаралар қабылдануының, сонымен қатар, нормативтік-ақпараттық актілерге өзгерістердің енгізілуінің маңызы зор. Зарина Арсланованың пікірін­ше, кәсіпкерлерді қолдау және оларға көмек қолын созу мәселе­сінде ескеретін жәйттер аз емес. Міне, осы жұмыстардың арасында кәсіпкерлердің офистерге төлем құнының – олардың талабына сай келуі, яғни бағаның тым қымбаттап кетуі ғана емес, сонымен қатар бұл бағыттағы өзге де күрделіліктердің өз шешімін табуының қажеттілігі зор екендігі даусыз. Арнаулы эко­номикалық аймаққа әкелінетін бар­лық тауарлардың дерлік кедендік баж салығынан босатылуы, техно­логиялық жабдықтар импорты са­лығының азайтылуы туралы ұсы­ныстардың бар екендігі де айтылды. Сала басшылары атап көрсеткеніндей, шын мәнісінде де қазақстандық өнім өндірушілердің өнімдерін шетелдерде өздеріне пайдалы бағамен өткізуі үшін экс­порттық баж салығын төмендетудің мәні зор. Арнаулы экономикалық аймақ­тағы кездесуде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ақпараттық тех­нологиялар паркінің электр, газ және сумен қамтамасыздандыруға баса назар аударды. Үкімет бас­шысы осыған байланысты Алматы және Алматы облысы әкімдіктеріне күн тәртібінде тұрған мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Сондай-ақ бұл іске шетелдік ма­мандарды белсенді түрде тарту керектігін де тілге тиек етті. Ашы­ғын айтқанда, өндірістің өркендеуі мамандар біліктілігіне тәуелді. Сондықтан да бүгінгі таңда әлемдік стандарттарға сай келетін мамандар дайындаудың ауадай қажеттігін атап өткен Үкімет басшысы өзге де ауқымды міндеттерге тоқталды. Елімізде ақпараттық және инно­вациялық технологияларды одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасау және жобаларды қаржыландыру да назардан тыс қалмай, министр­ліктер мен ведомстволарға нақты міндеттер жүктелді. Ақпараттық технологиялар паркінің аумағындағы көрмеде “Зерде” АҚ, “Қазақтелеком” АҚ, “Дельта” ІТ” ЖШС, “Халықаралық ақпараттық технология универ­си­теті” АҚ, “Сұлу Свет” консорциу­мы, “Алтстрантелеком” ЖШС, “Zerecon” ЖШС, “Физика-техни­калық институт” ЖШС және басқа да компаниялардың әр алуан жо­балары көпшілік назарына ұсы­нылды. Бұл орайда Халықаралық ақпараттық технология универси­тетіне арналған бөлім туралы атап айтқан жөн. АҚШ-тың “Карнеги Меллон” университетімен тығыз байланыстағы оқу орны жас мамандар даярлауда үлкен ізденіс пен іскерліктің үлгісін танытуда. Әлемдік деңгейдегі мамандар дайындау – ел келешегіне қосы­латын мол үлес. Басты тұжырым осы. Күмісжан БАЙЖАН,  Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы облысы.