Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республика Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен болды. Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ғалымдары мен оқытушылары алдына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау міндетін қойған болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанда алғаш рет құрылған қоғамдық қамқоршылар институты ең маңызды үйлестіру органы ретінде жоғары оқу орындарының жұмысын бақылауды жүзеге асыруда. Университеттің осы қамқоршылар кеңесінің алғашқы жиынын оның төрағасы Әділбек Жақсыбеков өткізіп, бұл іс-шара жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев қатысты.
Қоғамдық қамқоршылар кеңесінің осы басқосуында университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасап, онда ол жоғары оқу орнында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар және мамандар даярлаудағы іргелі жобалар жөнінде жан-жақты айтып берді. Әсіресе, университеттің инновациялық кластерін дамытуды белсенді түрде қолдауға басты назар аударылуда. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, ҚазҰУ — республикадағы жоғары оқу орындары арасында өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар оқу орны. Және де оның барлық жүйесіндегі даму факторы назар аударарлықтай.
Талғат Мұсабаев болса өз кезегінде бұл оқу орнында аэроғарыштық салада мамандар даярлауға кірісу жұмыстарының басталғандығын тілге тиек етіп, осы істің Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталды. Ал сенатор Қуаныш Сұлтанов сөзінің түйінін: “Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті әлемдік тәжірибені қолдана отырып, мұндағы қамқоршылар кеңесін жүзеге асырсақ, бұл университеттің дамыған елдер қатарындағы бәсекеге төтеп беруін арттырады”, – деген оймен беркітті.
Қоғамдық кеңесте университеттің базасында бүгінгі күн талабына орай ақпараттық білім орталығы құрылуына қолдау көрсету мәселесі де қозғалды.
Университетте болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге баса назар аударылуда. Оған ҚазҰУ-дің әскери кафедрасын нақты мысалға алуға болады. Мұнда запастағы әскери қызметкерлерді дайындап, оларды шыңдау өзіндік талап деңгейінен шығуда.
Қамқоршылар кеңесінің отырысынан кейін Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бүгінгі заман талабына сай жабдықталған осы кешеннің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.