Кеше Астанада “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институты партияның Халықтық тұғырнамасын жүзеге асыру барысы жөнінде ғылыми-практикалық семинар өткізді. Институт директоры Болат Байқадамов модераторлық еткен семинарда 2007 жылдан бергі тұғырнаманы жүзеге асырудың проблемалық тұстарын анықтау мен оның мақсаттарына қол жеткізу перспективалары қаралды.
Тұғырнама 2007 жылы 4 шілдеде қабылданып, сайлауда партияның жеңісін айқындап берген бағдарламалық құжат қана емес, электоралды кезең аралығындағы басты бағдар да болып табылады. Осы ретте “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Расул Оразғұлов Тұғырнама жұмыс желісін тапқандығын ерекше атап өтті. Әйтсе де соңғы үш жылдың жұмысын қорытындылау қажет. Партия лидері тапсырмаларын орындауда тиімділік жетіспеуде. Мәселен, не жасалса да оны индустриялық-инновациялық жоба дегенге телінуде. Расул Қабдоллаұлы елдің ішкі жағдайын кешенді тұрде талдау керектігін тілге тиек ете отырып, қалған екі жыл ішінде сайлауалды міндеттемелерді толық орындау үшін жүйелі жұмыс қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, бюджет қаражатына бақылау жасау, мемлекеттік шығынды қысқарту, бизнес климатты жақсарту, мемлекет пен жеке меншік әріптестігін дамыту және тағы басқа міндеттерді нақты орындау қажет.
Халықтық тұғырнаманың тиімді жүзеге асырылуын Мәжілістегі “Нұр Отан” ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы Айткүл Самақова жан-жақты айтып берді. Мәселен, денсаулық сақтау саласына бағытталған қаржы 1,5 есеге өскен. Ал 2012 жылы оның көлемі тағы екі есеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Елімізде 200-ден астам денсаулық сақтау мекемелері салынса, кепілді медициналық көмек 2007 жылы 1,4 есеге артқаны белгілі.
Ал білім саласына бөлінген қаржы 11 пайызға өсіп, 250 мектеп салынған. Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 90 мың жұмыс орнын ашу көзделсе, тағы 100 мың адамды оқыту жоспарланған. Осы орайда Айткүл Байғазықызы кейбір проблемаларға да назар аударта кетті. Қазіргі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар қатары көп, алайда болашақта олар әлеуметтік зейнетақы ғана ала алады. Жұмыс істейтін жүкті әйелдер сияқты өзін-өзі жұмыспен қамтыған аяғы ауыр әйелдерге де жалақы төленуі тиіс.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев өзінің “Саяси жүйенің тұрақтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз ету” атты баяндамасында елді басқарудың ұзақ мерзімді перспективаларына ерекше ден қойды. Оппоненттеріміз бізді КОКП-мен салыстырады, дей келіп, Ермұхамет Қабиденұлы қазіргі кезде елімізде саяси бәсекелестік орта қалыптасқанын атап көрсетті. Бірақ “Нұр Отан” болашақта да жеңіс биігінен көрінуді көздейді. Бұл ретте партияның Халықтық тұғырнамасы қуатты күшке айналмақ.
Бұдан кейін сөз алған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Қамалиев, Мәдениет министрлігі Қоғамдық-саяси жұмысы департаменті директорының орынбасары Василий Порубаймех және Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші – ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеп берді.
Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдар қызметкерлері, партия Орталық аппараты мен өңірлік филиалдар және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан семинар талқылау және пікір алмасумен аяқталды. Нәтижесінде партияның Орталық аппаратына, мемлекеттік органдарға және өңірлік филиалдарға семинардың ұсынымдары жолданатын болып шешілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.