Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.
Депутаттардың талқысына бірқатар халықаралық құжаттарды бекітуді көздейтін заң жобалары ұсынылатын болды. Атап айтқанда, “Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы”, “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобалары палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне ұсынылды.
Сондай-ақ “Нормативтік құқықтық актілер туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын депутаттардың екінші оқылымда талқыға салатыны қарастырылып отыр.
Бюро отырысында Еуропа Парламентіндегі Арал проблемасы бойынша арнайы тыңдауларға Мәжілістің қатысуы туралы мәселе қаралды. Аталмыш басқосу үстіміздегі жылғы 12 қазан күні Бельгия Корольдігінде өтетіні жоспарланған.
“Егемен-ақпарат”.