Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашемиттік Корольдігінің Премьер-министрі Самир Заид әл-Рифаимен кездесіп, келіссөздер жүргізілді. Кездесуден кейін тараптар БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
– Еліміз үшін Иордания араб аймағындағы маңызды стратегиялық әріптес саналады, Самир Заид әл-Рифаидың бұл сапары Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенімім кәміл, – деген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде сауда, экономика, индустрия, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, мәдениет, туризм, фармацевтика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланғанын да назардан тыс қалдырмады. – Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания Королі Абдулла бен Хусейн ІІ арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатындағы жұмыс бағыттары талқыланды. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша да пікір алмастық, – деді ол. Қазақстан мен Иордания арасындағы әріптестіктің маңыздылығына ерекше тоқталған Үкімет басшысы оның даму деңгейіне де өз ризашылығын білдірді.
– Қазақстан мен Иордания өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өзара инвестициялар тарту тұрғысында ортақ шешімге келді. Экономика саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін екі ел кәсіпкерлері арасында жиі кездесулер өткені абзал деп ойлаймын. Бұл екі ел кәсіпкерлеріне инвестициялық мүмкіндіктермен танысуға кең жол ашады, – деген Иордания Хашемиттік Корольдігінің Премьер-министрі Самир Заид әл-Рифаи екі мемлекет басшылары арасында қалыптасқан айрықша қарым-қатынастың осы елдер өзара байланыстарының жоғары деңгейге жетуіне ықпал еткенін атап көрсетіп, болашақта да ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады деген үмітте екенін жеткізді.
Елімізге ресми сапармен келген 44 жастағы Самир Заид әл-Рифаидың еңбек жолы 1988 жылдан басталған. Осы жылдар Иордания Корольдігінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. Ал өткен жылдың желтоқсанынан Иордания Хашемиттік Корольдігінің Премьер-министрі қызметінде. Араб, ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.