21 Қыркүйек, 2010

Халықтан шыққан қайраткер

830 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Уақыт шіркін зымырап, заман сырғып өтуде. Сол сынаптай сыр­ғы­ған сағым жылдар санатында азды-көпті ғұмырының саналы жыл­д­арын мәнді өткізген, туған еліне, ауылы мен аймағына арнап, жұрт­шылықтың есінде ұзақ сақ­талатын азаматтар болады. Осындай өнегелі өмір кешкен ел аға­сының қатарында Құсайын Би­жанұлы да бар еді. Ол кісінің әкесі Бижан ақсақал ел ішінде беделді, арғы-бергі та­рих-ты қаузап, есте жоқ ескі заманның естеліктерін сапырып отыратын, қазақ халқының басынан кешкен небір кезең, оқиғаларынан хабары бар зерделі, шежіре кісі болатын. Сондай қасиет оның ұлы Құса-йын­ның да бойынан табылды. Сондықтан да болар, отызыншы жыл­дардағы ашаршылық зардабы енді сейіліп, одан кейінгі тұста елі­міздің бетке ұстар зиялылары “ха­лық жауы” деген жаламен ұсталып, ұлтымыздың ұяты болған арыс аза­маттар атылып, айдалып кеткен шақ­та орнында бар оңалар де­гендей, осы Құсекең тәрізді саналы жандар ағарту ісіне араласа бастады. Халық абыржып, кімге ілесерін, қайда барарын білмей абдырап қалған өліара шақта осындай перзенттеріміздің шығып, жөн сілтейтін кез келген еді. 17-18-дерге енді келген, мұрты жаңа тебіндеген жас Құсайын жұртты көтерудің жолы – халықтың сауатын ашу деп білді. Бала ұстаз алғашқы қадамын Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ мектебінде өзінен бірер жас қана кі­ші балаларға дәріс беруден бас­тады. Көзі ашық, көкірегі ояу, та­бан­ды да ұстамды бозбаланың ба­ғыт-бағдары дұрыс еді. Сон­дық-тан да көп кешікпей білікті ұстаз ре­тінде саяси білім қызметіне жо­ға­ры­латылады. Алайда, бүкіл ха­лық­тың басына түскен қиын тағдыр оның осы салада жарқырап кө­рі­нуіне жол бермеді. Батыста соғыс өрті бұрқ ете түсті де, тепсе темір үзетін азаматтар шетінен әскерге алына бастады. Солардың алғашқы легінде бозбала Құсайын да Отан алдындағы жауынгерлік парызын өтеуге аттанып кетті. Бас­тапқыда осы ай­мақтан жиналған жастар Алма­тының іргесіндегі № 18-ші за­пас­тағы полк құрамында әскери да­йын­­дықтан өтіп, артынан май­данға аттанады. Міне, осы тұста бас­қын­шы дұшпан тобы Ста­лин-град тү­біндегі шай­қас­ты өршітіп, сол кескілескен соғыста дивизияға ге­не­рал Чуйков қол­бас­шылық ете­ді. Құсекең сол сұрапыл кезеңнің не­бір қиын сәттерін көзімен көріп, та­лай қыршын жастың қапияда көз жұм­ғанын өкінішпен айтып оты­ру­шы еді. Ақыры сол майданда өзі де жарақат алып, ұзақ жылдар зардап шекті. 1943 жылдың алғашқы күнінде, қаңтардың қақаған аязында қарсы шабуылға шыққан атқыштар полкы жаудың тегеурінді тосқауылына тап болады. Осы шайқаста Құсайын аға екі аяғынан бірдей жараланады. Оны майдандас достары жау ше-біне тастамай, көшпелі санитар­лық бөлімшеге жеткізеді. – Менің жанымды алып қалған ленинградтық дәрігер еді. Алғашқы көмектен соң, Челябі қаласының іргесіндегі Сунгул госпиталінде емделдім. Қарт дәрігердің емі шипа болмағанда, екі аяғымнан бірдей айырылатын едім, – деп отыратын майдангер ағамыз. Сол соғыстан осылайша жа­ра­қат алып, қос балдаққа сүйеніп оралған жігіт қайтадан оқу-ағарту саласында қызмет атқарды. Жоғары білім алды. Іскер азаматтың бас­шы­лық, ұйымдастырушылық қа­білеті байқалып, кейінірек бірнеше аудандарда партия коми­тетінің бірінші хатшысы бол­ғаны оның еңбекке деген құл­шынысының, елге деген ыстық ықыласының сан қырларын ашып көрсетті. Балқаш көліне дейін, Іленің қос қапталын алып жатқан боз далада бір кездері өркеш-өркеш шағыл құмдар мен жабайы аң-құстар және сек­сеуілден басқа көзге ілінер нәрсе көрінбейтін. Мал баққан халық қалың тоғай ішінен шықпай, мына тұрған Алматыны да көп көрмей өтетін тұстары да болған. Өйткені, алқап игерілмеген, жолы салынбаған заман еді ол кез. Бал­қаш ауданының бірінші хат­шысы болған Құсайын Бижанов көп кешікпей Ақдала алқабын игеруді қолға алды. Тың жатқан жерлерге түрен түсіп, егіс алқап­тары ұлғайып, бірнеше күріш шаруа­шылықтары бой көтерді. Тусырап жатқан өлкеге нәр беретін ты­ным­сыз күндердің жемісін көріп, бүгінде Балқаш өңірінің тұрғын-дары Құсекеңді ыстық сезіммен еске алады. Бір кездері Малайсары, Тасмұрын асуларынан өтетін жол болмай, өгіз арбамен Алматыға Ақкөл, Көктал, Құйғаннан апталап, айлап жететін кезең де болған. Шаңы бұрқырап жататын арба жолға алпысыншы жылдардың орта тұсында асфальт төселіп, автокөлік жүре бастайды. Содан бері Балқаш ауданының түлеуі басталды. Ақдала алқабына нәр берген Тасмұрын каналы тартылып, тегістелген құм төбелер күріш егістігіне айналып шыға келді. Бұл тұтас ауданның жаңарған, түлеген тұсы. – Бұрын мұнда азық-түлік, көкөніс атаулы Алматыдан тасы­лып жеткізілетін. Енді ондай қа­зынаны Алматыға бір кезде томаға-тұйық  безеріп жатқан Ақдаланың өзі беретін болды. Ал осының бәріне тікелей ұйытқы болған халқымыздың біртуар азаматы Димекең – Дінмұхаммед Қонаев еді ғой, – деп отыратын Құсайын аға. Өзі өнегелі ісімен ел ішінде беделі артқан ардагер ағаның осыдан біраз жыл бұрын болған әң­гіме желісі жетпісінші жыл­дар­дың соңына қарай мерзімді бас­па­сөз­дің негізгі тақырыбына айналған Бартоғай су қоймасына ауысқан-ды. Құсайын Бижанов осы тұста Шелек аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы болатын. Ырыс арнасына айналған канал 150 шақырымға созылып, екпінді құрылыс деп танылғаны бар. Өйткені, ол облыс шаруашылық­та­рында егіннің шығымдылығын арттыру, көкөністі көбейту, бау-бақшаны ұлғайту қажеттілігінен туды. Соған негізгі өзек болған мол судың көзі Шелек өңірінде, Бар­тоғай шатқалында еді. Сондықтан да бүкіл ауыртпалық Шелек құ­ры­лысшыларына түскен болатын. Ал оны ұйымдастыру, ұйытқы болу тізгінін басшы өз қолына ұстады. Алматы облысының бірнеше ауданы аумағынан өтетін үлкен Алматы каналы аңызақ даланың шөлін қандырып, бұл күнде жазираға қарай жосылып жатыр. Шелек ауданы Алматы об­лы­сын­дағы экономикасы ілгерілеген аймақ болды. Құсайын Бижанов осы өңірді басқарып тұрған жыл-дары нағыз кемеліне келіп, іскерлік қабілеті қалыптасып, толысқан шағы еді. Оның үлкен абырой-бе­делге ие болған тұсы осы кезең. Ауданда мал шаруашылығы ба­рын­ша қарқын алып, егістік алқаптар ау­қымы арта түсті. Шалғайдағы ауылдарға асфальт жол төселіп, алыс елді мекендерге жан бітті. Ха­лықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Эко­номикасы көтерілген аудан Бү­кіл­одақтық ауыспалы Қызыл туды бір­неше мәрте иеленді. Құсекеңнің осындай іскерлік қабілетін, жұртты еңбекке жұмылдырып, тәртіп пен жинақылыққа бейімдеген қасиет­те­рін жұртшылық бүгінде ыстық сезіммен еске алады. Ардагер ағаның ел мен жерге деген сүйіспеншілігі оның өрісі биік ру­хани танымынан туын­дағандай. Арғы-бергі әңгіме барысында мұз­балақ ақын Мұқағалимен, әйгілі саз­герлер Нұрғисамен, Шәмшімен бол­ған кездесулері, жолдас-сырлас сәт­тері ерекше сезіммен айтылып оты­ра­тын. Жалпы, Құсайын Бижанов На­рын­қол, Балқаш, Шелек аудан­да­рында басшылық қызмет атқарған кездерінде шаруашылық жетек­ші­лері оның беделінің биік болғанын үнемі айтып отырады. Бүгінде ел ішінде сол тұстағы кей минис­тр­лердің өздері Құсекеңе келіп сәлем беріп, тәжірибесі мол аудан басшысынан ақыл-кеңес сұраған сәттерін тілге тиек етеді. Азаматтың еңбегі бағаланып, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Қызыл Жұл­дыз, Отан соғысы орден­дерімен ма­ра­пат­талады. Екі мәрте Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық Ко­митеттің мүшесі болған. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Құсайын Бижанов есімі ауыл атына,  ономастикалық комис­сияның шешімімен өзі қызмет атқарған бірнеше ауыл көшелеріне, мектепке  берілгені ол кісінің еңбегінің жемісіне деген құрмет болса керек. Кезінде Құсайын Бижановпен қызметтес болған қоғам қайрат­кер­лері – замандас, құрбы-достардың да қатары сиреген. Олардың сана­тында Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Әріпбай Алыбаев, Заман­бек Батталханов сынды аза­мат­тар бар. Олар кезінде Құсекең туралы есте­ліктер жазып қалдырды. Ол кісі ширек ғасырға жуық бірнеше аудан­ды басқарса, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Мем­лекет басына келген соң ардагер, қоғам қайраткері ретінде Қ.Би­жа­нов Елбасының сындарлы сая­са­тын қызу қолдап, егемендігіміздің бастауында қолға алынған асқаралы істерге барынша қолдау көрсетті. Соңғы жылдары кейінгі өскелең ұр­паққа тәлім боларлық шығармалар жазып, жастар тәрбиесіне назар аударып, отансүйгіштік рухта, жас жеткін­шектерге патриоттық тәрбие беру ісіне көңіл бөліп, түрлі кездесулер өткізіп жүрді. Оның қаламынан шыққан шығармалары: “Өмір өрнегі” және “Нұрлы жол” ат­ты жи­нақтарда жарық көрді. Сонау жи­ырмасыншы жылдар­дың күзінде дүниеге келіп, одан бергі кезеңдердің небір қиын-қыстауын бас­тан өткерген, елінің өркендеп өсуі­не сүбелі үлес қосқан, сөзі мен ісі өнеге болған Құсайын Бижанов, міне, осындай есімі есте қалған азамат. Саясат БЕЙІСБАЙ, журналист. Алматы облысы.