Жетім көрсең жебей жүр!
Өскеменде үш күнге созылған жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары директорларының және балалар құқықтарын қорғау мамандарының қатысуымен республикалық кеңес өткізілді. Мұндай маңызы бар жиын жиі өткізіле бермейді. Оның үстіне Президент Н.Назарбаевтың “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары туралы” үстіміздегі жылдың 17 тамыздағы Жарлығын жүзеге асыру бойынша бірқатар мәселелер талқыланды. Кеңес жұмысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, алда тұрған міндеттер жайлы айтып берді. Елбасы Жарлығындағы міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қараған жөн, оның үстіне жетім балалар проблемасы бүкіл әлемді толғандырып отыр, деді өңір басшысы.
Кеңейтілген отырыс шеңберінде балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияның ратификациялауы аясында қорғаншылық және қамқоршылық органдардың жұмысын ұйымдастырудағы өзекті мәселелерді, оның ішінде бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді талқылау болды. Ертеңінде кеңеске қатысушылар “Үміт” балалар үйінде болып, онда тәрбиеленіп жатқан жетім балаларға барлық жағдай жасалып отырғандарына көз жеткізді. Балалар үйінің директоры Майра Бейсақанова өз жұмыстары жайлы баяндап, балалар демалатын бөлмелерді көрсетті.
Сол күні кешкілік “Үміт” балалар үйінің тәрбиеленушілері қала қонақтары мен тұрғындарына “Үміт аруы” атты салтанатты шоуды ұсынды. Мың бұралып, билеген, бірнеше тілде ән шырқаған, өз өнерлерімен тәнті еткен балалар өнеріне жиналғандар жоғары баға беріп, оларға сәт сапар тіледі.
Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.