Алматы қаласындағы Бостандық ауданы аумағында ойын автоматтары залдарының заңсыз жұмыс істеп тұрғандығы жақында өткізілген тексеріс кезінде анықталды. Ойын бизнесі туралы заңнаманы қолдануға қатысты тексеріс жүргізгенге дейін Бостандық ауданында шамамен қырық ойын мекемесі заңсыз жұмыс істеген. Атап айтарлығы, кезекті тексеріс нәтижесінде ойын залдарының күнделікті кірісінің – 100 мың теңгені құрайтыны, ал кейбір кезде бұл сомадан да артық болғаны анықталды. Сонымен қатар олар салық орындарына тіркелмеген, сәйкесінше ешқандай салық та төлемеген. Осыған қарамастан, Бостандық аудандық салық басқармасы өз бетінше тексеріс жасамай, ЭҚСЖКД-ге және прокуратураға ақпараттық хабарлар жіберумен ғана шектелген.
Бостандық ауданының прокуроры Ғани Сейсенбиевтің айтуынша, бүгінде жоғарыда атап көрсетілген заң бұзушылықтар үшін 13 адам жауапкершілікке тартылып, 300-ден астам ойын жабдықтары тәркіленген. Бостандық аудандық прокуратурасының Алматы қалалық ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімімен бірлесіп, “Альфа” бильярд клубындағы тексерісі және өзге де іс-шаралары өз нәтижесін беруде.
Сала мамандары ойын залдарының иелері өртке қарсы қарапайым сақтандыру ережелерін де қолданбайтындығын айтады. Қынжыларлығы, жалға алынған бөлмелер электронды жабдыққа толтырылып, электр қуатын пайдаланған кезде қауіпсіздік техникасы да сақталмайды. Сонымен қатар ойын бизнесінде қолданылатын жабдықтардың санитарлық талаптарға жауап беретініне және адам денсаулығына қауіпсіз екендігіне кепілдік жоқ.
Ойын залдарының әдетте қаладағы көп қабатты үйлердің бірінші қабатында орналасатыны белгілі. Кездейсоқ өрт тұтанса оның көпшілікке үлкен қатер төндіріп, қайғылы жағдайға ұшырататындығы айтпаса да түсінікті. Ойын жабдықтары Қазақстанға ешқандай құжатсыз және сапа сертификатынсыз әкелінген. Заңсыз ойын бизнесімен күрес іс-шаралары жалғасуда, келешекте бұл бағыттағы заң бұзушылықпен күресте тұрақты жұмыс істейтін топтар да құрылмақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.