Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар
Өзіміз ғана емес, өзге төрткүл дүниені шарлап келіп, қазақтың бейнелеу әлемінің есігін қағып, “Кім бар-ау?” дейтін талғамы жоғары, өресі биік қауымға масаттанып көрсетер інжу-маржанның сапында Жұмекең, суретші Жұмақын Қайрамбаевтың бүкіл еңбектері тұрар еді.
Өткен ғасырдың ортасынан аса бере, дүние есігін ашып, бүгін кемеліне келіп, кескіндеме дейтін алып пештің көмейінен ақ құрыштай құйылып түскен, Жұмақындай шебердің сандығын ашып бір қарасаңыз – тіні ақ алмастай бағалы, ділі өлшеусіз рухани байлықтың үстінен түсесіз. Көсіп жіберсеңіз, “Құрбан айт”, “Сейіл”, “Киелі бұлақ”, “Немере” деп тізіле кететін, кілең мықты картиналары соған дәлел. Оңы мен солы бір, палиндромдай, ойы мен қол шеберлігі осынау картиналарына “жан бітіріп”, күллі көрерменнің көкірегіне желгек кезбедей келіп, меймандай қонып, сол кеуденің иесіндей тұрақтап қалады.
Қарап тұрсаңыз, шығармаларының аясы өте кең. Натюрморттан тартып, пейзаж дейтін етене жанрдың қай-қайсысына кенеп керіп, палитра ашыпты. Әсіресе портрет саласында өндіріп жазды. Жұбайы мен қызының камералық портреттерінен бастау алған адам бейнелері түпсіз тереңге бет түзеп, арыны күшейе береді. Осыған дейін жазған портреттерінің бір парасы Абылай хан образы деп білемін өз басым.
“Кеңестік реализмнің” тұйық шеңбері ашылғаннан кейін-ақ қазақтың бейнелеу өнері өзінің жоғалтқан мұрасын іздеуге біржола ден қойғаны мәлім. Тарих қойнауына кеткен, бейнелеу-сурет тілімен айтылуға тиіс аймаңдай тақырыптар андағайлап алдымыздан шыққанда Жұмақын суретші “Абылай хан” сериясын жазуды мықтап қолға алған.
– Хандарымыз бен батырларымызды, жақсылар мен жайсаңдарымызды, ел болып бірігу, халық болып тұтасу жолында қанын да жанын да аямаған арыстарымызды ұлықтау үрдісі басталды. Портреттер сомдауға баспалар бәйге жариялап жатты. Тәуелсіздік рухымен екінші тынысы ашылған суретшілер аламанға кірді де кетті. Менің таңдағаным Әбілмансұр образы болғандықтан, ол туралы дерек жинадым. Дастандарды сүзіп шығуға тура келді. Сөйтіп, 1944 жылы Германияда салынған алғашқы нұсқаға тоқтадым. Сол портреттен кейін бір қаулап өсер дән жатқанын жүйкем сезді...
Нобайларының бәрі жинала келіп, ортақ образға айналды (Кейін антропологиялық портретін қалыптастырғанда менікі түп қазығынан алшақ кете қоймапты). Нәтижесінде, бақ жанып әлгі бәйгеден “менің атым” келді, алғашқы плакаттық нұсқасы көп таралыммен халықтың қолына тиді. “Қазағым” деп, өз елінің болмысын дәріптей алатын саналы жанның төріне ұялмай іліп қоятын сол нұсқа жаныма жақын, – дейді суретші, тоқсаныншы жылдардың басын еске алып.
Ел басына күн туған зауал шақта халқын қырғыннан аман алып қалудың небір озық үлгісін көрсеткен даңқты хан портретінің содан бері қарай бірнеше варианттары дүниеге келді. Сурет салу өнерінің “салтанатты портрет” дейтін айрықша жанр санатына талай жақсы картина қосылды. Ақшаңқан мұрақ кигізіп, ақ боз ат мінгізіп, әншейін “Салт атты” деп тақырып қойса да, әлеумет оның Абылай хан екенін жазбай танитын жағдайға жетті.
Суретшінің жанын жай таптырмаған хан образы жылдармен жылжи келе, кеңейіп, кемерінен асып, шарықтап, көп тұлғалы, кескіндеменің кемел тілімен, композицияның ұтқыр шешімімен жазылып, тағы бір “Абылай хан” дейтін алып полотноға ұласты. Астана жұртының назарына биыл ұсынылғын бұл картина өзінің расында үлкендігімен ерекшеленді. Ені екі жарым, көлденеңі бес жарым метр болатын алып полотно Тәуелсіздік сарайының төрінен орын алып, көрерменнің көзайымына айналды.
Сізге қарай қасиетті Түркістан, Ахмет Ясауи кесенесінен тартқан қалың топ келе жатар еді бұл картинада. Көпшіліктің тап ортасында ақ бозға мінген Абылай хан. Өңкей бір бас киімімен күн жасқаған салтанатты киімді кісілер қаумалаған ханның жүзі байсалдылық пен бекзатқа, пайым мен парасатқа толы. Дер шағы, зар шағы!
Әлеумет шамамен үш топқа бөлініп, баяу алға басып келеді. Картинаның оң жағында – әнші-күйші, кернейші, сал-серісімен араласқан, ауыртпалықтың өзін “көппен бірге ұлы той” қылатын қалың бұқара болса керек. Салт аттының сол жағын ала халықтың дәулеттісі мен бағланы, би менен бектері келеді. Тап осы кісілердің ішінен Төле, Қазыбек, Әйтекелерді көрер едіңіз. “Мына қариялар тап солар!” – деп, көкірек көзіңіз жазбай тани қояды. Қапиядан жол табар адал ұлын дәл танып, хан көтергеніне еш шүбәлары жоқ дана қарттар да бізге ақыл тұнған көздерін жай тастап, өтіп барады. Одан арғы тұста ауыздығымен алыстырып қазанат мінген, алаш туын көкке тіреген батырлар тұтасады.
Үш топтың алдарында да қалқан мен алдаспан ұстаған сардарлар.
Картинада Түркістан өңірінің аптап ыстығы сары, қызыл сары бояулармен көрініс тауып, аспанның көкшіл реңімен, көлеңкені қапқан алқара көк түспен шарпысады. Сөйтеді де қарама-қарсы “суық” пен “ыстық” түстер ойнап, “жан бітеді”. Кезінде суретші әріптесі Қалиолла Ахметжанов та: “Суретші туындылары жайында сөз қозғағанда оның көркемдік тілінің ерекшелігіне тоқталмай кетпеуге болмайды. Кескіндеме өнерінің өмірі – бейнелеу құралы, “тілсіз тіл” – түстер, бояулардың өзара қатынасы. Жұмақын туындыларында тақырыпты бейнелеу ақ пен қара, жасыл мен қызыл, көк пен қызғылт, күлгін мен сары сияқты қарама-қарсы түстердің қайшылығына құрылып, жарық пен көлеңкенің қарсыластығы арқылы шешіледі. Бұл көркемдік тіл “Мәңгілік”, “Жекпе-жек”, “Аллегория” сияқты еңбектерінде арпалыс пен шиеленістің сыртқы бейнесі, ішкі динамикасы мен қайшылығы күшейіп, күрестің әсерін тудырады. Бейнелеу тілі тақырыптың мағынасына сәйкес келіп, тұтастық құрайды”, – дегені бар. Айтса айтқандай, сол әдіс айтылмыш картинадан да өз мінезін және тауып, көрермен көзімен барып оның барақат жүйкесіне ұласады. Әп-сәтте жайылып түсесіз. Осындайда “Әп, бәрекелді, картина болса, осындай болсын!” дейтін пікірдің айтылып қалары сөзсіз.
Ханның тақымындағы сұлу сәйгүлік, шіркін, картинаның салтанатты қалпын үдете түсіп, әсем басып келеді. Қазақтың асырып айтатын, “баспа-бас қызға бермес” тұлпар, қолбасшының ақ, зерлі шапанымен астасып, тұтасып кеткен. Бипаз қолды шеберден шыққан ер-тұрман мен шылбыр-тізгін, үзеңгі, өмілдірік біткен әлгі салтанатты күшейте түсіп, иесінің кемар белдігі мен қолына таққан жүзік тамғамен ынтымақ табады. Бұл да болса суретшінің қазақ халқының этнографиясын, ғасыр мөлшеріндегі қандай құрал-жабдықпен тұтынғанын дөп білетін сұңғылалығынан хабар берсе керек.
Сәйгүлік демекші, сонау эпостардың қойнауындағы жылқымен өмірі бірге батырлардан тартып, Исатайдың Ақтабанға, күні кешегі Жұматай Жақыпбаевтың Кенежиренге деген іңкәрлігіндей текті тұқымға ерекше бір сүйіспеншілік Жұмекең бойында да бар. Содан болар, суретші шығармашылығында Қамбар ата баласы үйір-үйірімен жүргені. “Табын”, “Шеру”, “Бетпе-бет”, “Аңсау” дейтін картиналары біздің айтпағымызды үдете түсіп, қысқа тілдің жеткізе алмаған тұсын, кем-кетігін толтырып жібереді! “Хан тәңірі” полотносын айтып жеткізуге біз секілді суретшінің шорқақ тілі жете қояр ма екен?!.
...Өзі де жарау мініп, қазақтың бейнелеу әлеміндегі алаңға қарғып шыға келген тұлпарының сауырынан күн домалап:
– “Әй, мұндайды мен де саламын ғой!” – деп әкіреңдеп келгенді демде сабасына салар адуын қуатпен, “Ал, еріп көрші, кәнеки!” – деп жайлап айтып, шашасына шаң жұқпай, тайпалып бір жөнелгенде, көз қарықтырады.
Иә, Керей мен Жәнібек құрған алып мемлекеті бірер ғасырдан соң ел болып, әрі қарай өмір сүруі сынға түскен шағында, елдің бірлігі, халықтың тұтастығы жолына өмірін сарп еткен сардар образы – қазақтың бейнелеу өнерінің ғана емес, халықтың қазынасына қосылған сом дүние.
Қашанда жетпейтін уақыт шіркіннің, Жұмекеңмен бір сәт кездестіріп қалған сараң сәтінде:
– Сүндетке отыратын “жігіттің”, ашамай қонып, шашақ тағынып, тай мініп, әкесімен үзеңгілесе әлдебір сапарға аттанғаны туралы “Киелі” дейтін суретіңіз бар. Маған ерекше ұнаған картинаның бірі осы. Бұл қазір қайда, кімде?– деймін суретшіден.
– Музейдегілер “Киелі” деп аударыпты ғой, бұл о баста “Сакраментальды” деген атауға келетін сурет. Қазақшада баламасын таппағам. Оны аударып та керегі жоқ. Тақырып көкейін тесті ме, көрермен әлгі сөзді өзі-ақ іздеп тауып алды. Несіне бәрін шайнап аузына саламыз. Ол ас болып жарыта ма?
Сүндет дейтін біздің балалық кезіміздің анық болып, санада табы қалған кадры іспетті. Таңертеңнен көретінің – сый-сияпат. Қоржының тәттіге, жанқалтаң теңгеге толып, әй бір шалқитын кезің...
Картинадағы айтпақ ой балақайдың “мұсылман” болғанында емес. Баяғы ататегіміз, ислам келместен бұрын-ақ қадірлеп-қастерлеп өткен тазалық дейтін киелі нәрсесі жайындағы картина. Бұл – ұмыта салуға күнә, алып тастауға еш болмайтын, ата-бабамыздан жібі үзілмей, бірінен-біріне беріліп отыратын ең бір сиқырлы, тақырыбының аясы өте кең дүние. Қазір, Астанада, Президенттік мәдениет орталығында, – дейді.
Суретші портрет жазу барысында қариялар образына жиі барды. “Жолаушы”, “Әке портреті”, “Тарих”, “Данышпандар”, “Тілдесу” атты шығармалары осы бір сөзге дәлел.
“Қариялар азайып бара жатқан” заманда судай төгілтіп өсиет тоқитын, бордай егілтіп аят оқитын нағыз қарттарды аңсап, сағынып барып түсіреді кенебінің бетіне. Мұндайда кемеңгер де ақылды, білімі асқан ойшыл, данагөй, болашақты болжай білетін адамдардың бейнесін кез келген суретшінің жүрегі дауалап сала бермейтінін қаперге алсақ, Жұмақын Қайрамбаев салмағы арта түседі. Тәлімдік мәнге ие, өнеге-үлгі, туа бітті әулиелер бейнесін жасап отырып, Жұмақын суретшінің көкейіне солардай қартая аламыз ба деген сұрақ келетіндей. Қолда бардың қадіріне жете алдық па, солардың нұсқаған жағымен жүрдік пе? Әйтпесе, Майқы би айтқан өсиеттің нәтижесі қане, Мөңке бидің болжауы ше, – дей ме екен.
“Менің Абайым” дейтін картинасы да осы пайымымыздың бір парасы. Құдайдың қазақ пешенесіне жазған ғұлама жанын суретші өз көзімен, көкірек көзімен көріп, өз тереңінен танып барып кенеп бетіне түсірген. Маңдайы кере қарыс данышпанның портреті де рамаға сыймай, “ақылманның тағдыры осылай таршылықта өтеді” дейтін ишарамен бітірген.
Жұмақын Қайрамбаевтың талантынан бір ғана детальдың суретші қауымға ғана емес, қазақ баласы үшін мақтаныш болатын жөні бар. Петербордың Эрмитажда Рембранттың “Даная” атты картинасы сақтаулы. Бұл өзі – дақпырты алысқа кеткен санаулы дүниелердің бірегейі. Сол картинаны Жұмекең сол тұстағы Ленинградтың Репин атындағы Кескіндеме, архитектура және мүсін академиясының жоғары курсында оқып жүріп, айлап отырып көшіреді. Жазып бітіргеннен кейін, әділ қазылар тарапынан “түпнұсқаға ең жақындаған көшірме” деп танылып, мөр соғылып, академияның сурет қорына табыс етіліпті. Жұмекең оқуды тәмамдап, елге қайтқан бірер жылдан кейін музейде тұрған жерінде түпнұсқа “Данаяға” әлдебір делқұлы қоспа шашып жіберіп, картина әбден бүлініп, тоқсан пайыз бояуы ағып кетеді. Алғашында өңдеушілер абдырап, артынша ес жиып, “Данаяның” көшірмелерін іздей бастайды. Ақыры бәрі бір ауыздан Жұмекеңнің жазған нұсқасына тоқтап, соған қарап отырып түпнұсқаны қалпына келтіріпті! Әне, тас жарған қазақ талантының бір парасы!
Енді бір сәт, Жұмекеңнің шығармашылығынан өзге қандай бел-белесі бар еді деп төңірегіңе қарасаңыз – Темірбек Жүргенов атындағы Көркем-өнер академиясында отыз жылдай сабақ берген ұстаздық қызметі түседі назарыңызға. Қайрамбаевтың алдынан Досбол Қасымовтай, Талғат Тілеужанов, Мейіржан Нұрғожин, Өмірбек Жұбаниязовтай қазақтың бейнелеу өнерінің тарландарының өткеніне куә боласыз. “Күлтегін”, “Отырар шайқасы”, “Кенесары хан”, “Ұшақ-ұшақ” атты мықты картиналарды дүниеге әкелген осынау хас шеберлер өз кәсіпқой палитрасын Жұмекеңнің алдында ашқан еді. Болашақта ұстаздан шәкірт озып жатса тек сүйініш.
– Бәсе, Қайрамбаевтан оқығандар осылай болса керек-ті! – дерсіз сүйіне.
Біз өткен жазбаларымыздың бірінде: “Бұл кісінің жұрт алдына шығып алған марапаты да жоқтың қасы. Әншейінде күмпілдеп, кейде босқа соғылып жататын даңқтың да шыңдауылы Қайрамбаевқа келгенде әредік, үнсіз”, – дегенбіз. Енді, бүгін сол даңқ мырзаның сыналар шағы туған секілді. Именбей барып иесін табатын сәт келді, Ақсарбас!
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, Мәдениет қайраткері, суретші.