17-19 қыркүйек аралығында Астанада теннистен Қазақстан мен Швейцария құрамаларының арасында Дэвис Кубогының әлемдік лигасына жолдама беретін матчтық кездесу өтті.
Осы кезге дейін әлемдік бәйгеде бақ сынасып көрмеген Қазақстанның ерлер құрамасы бұл жолы кездесудің фавориті саналған қарсыластарынан үш күн бойы басым түсіп, теннистен әлемдегі ең үздік 15 елмен бірге Дэвис Кубогының келесі айналымында күш сынасуға мүмкіндік алды.
Бұл бәсекеге атақты Роджер Федерердің қатысуы жоспарланғанымен, ол Астанаға келе алмады. Кортқа Швейцариядан Марко Кьюдинелли, Михаэль Ламмер, Иво Аллегро, Станислас Вавринка сияқты теннисшілер шықса, біздің елден Андрей Голубев, Юрий Щукин, Михаил Кукушкин шықты.
Жарыстың қызықты болатыны бірінші күннен көрінді. Кортқа алғаш болып шыққан Қазақстанның бірінші ракеткасы Андрей Голубев пен Марко Кьюдинеллидің арасында өткен бәсеке үш сеттің бәрінде 6:4 болып аяқталды. Бұл кездесуде Андрей екі-ақ рет қателік жіберіп, эйстерді жақсы орындап, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді.
Осы күні Михаил Кукушкин мен Станислас Вавринканың арасында болған кездесу де қызықты және тартысты өтті. Мұның алдында екеуі АҚШ-тың ашық чемпионатында кездескен еді. Сол жерде Михаилды үш сетте ойсырата ұтқан Вавринка осы жолы да өзінің жеңетініне сенімді болды. Біздің жігіт АТР рейтингісінде 96 орында тұрса да, осы кездесудің алдында аталмыш рейтингте 27 орында болған Станислас Вавринкадан екі сетте ұтылғанымен, қалған үш сетте 6:1, 6:4, 6:3 есебімен басым түсті.
Осы ойыннан кейін Қазақстан құрамасының капитаны Егор Шалдуновтың: “Бізге енді келесі, жұптасып өнер көрсетуде қонақтарды жеңу керек. Бірақ ол оңай болмайды. Швейцариялықтар қулыққа басып, құрамасын ойынға алмастырып шығуы мүмкін”, деген ойын білдірген еді. Соның болжамы келесі күні айна қатесіз дәл келді. Швейцариялықтар ойынға Михаэл Ламмердің орнына қайтадан еңсесі түсе бастаған Станислас Вавринка мен Иво Аллегроны қосты. Біздің құрама да қарап қалмады. Кортқа Евгений Королевтің орнына Андрей Голубевті шығарды. Ол Юрий Щукинмен бірге қонақтарға қарсы ойнады. Осы кездесуде соңғы кезде жақсы тандем болып жүрген екеуі қарсыластарын үш сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңіп, елімізге көптен бері күткен Дэвис Кубогының жолдамасын алып берді. Ал Вавринка кортта тағы да мінез көрсетіп, төрешінің санаған ұпайларымен келіспейтінін, доптың кейбір жерде алаңға емес, сыртқа кетіп қалғанын дәлелдеумен болды. Ақыры, оның уәжіне төреші құлақ аспаған соң ол ойынның соңында ракеткасын лақтырып, корттан кетіп қалды. Швейцария құрамасының капитаны Северин Лути де төрешімен дауласқысы келіп еді, бірақ оның да уәжі ескерілмеген соң өзінің орындығын бір теуіп, корттан шығып кетті. Міне, осындай нотамен жарыстың екінші күні, яғни Қазақстан құрамасының Дэвис Кубогының ең үздік 16 командасы қатысатын плей-офф бәсекесіне жолдама алған күні аяқталды.
Ал жарыстың үшінші күні Андрей Голубев бірінші күннен бастап тасада қалып жүрген Михаэл Ламмермен кездесіп, оны 6:2, 6:4, ал Михаил Кукушкин Марко Кьюдинеллиді де дәл осындай есеппен ұтып, кешегі ойында лайықты түрде жеңгенін көрсетті.
Сөйтіп, жарыстың соңғы күні отандастарының жеңісіне сенімді болған 160-қа жуық швейцариялық жанкүйерлердің Астанаға келер алдындағы көңіл-күйі бір күнде су сепкендей басылды. Осы күні қонақтардың көңілін тек қана мына бір оқиға көтере алды. Жарыс аяқталған соң швейцариялық бір жанкүйер ішінде маңызды құжаттары мен ақшасы бар кейсті жоғалтып алыпты. Соны бірнеше минөттерден кейін тәртіп сақшысы қайтарып беріпті. Оған кейсті бір жас бала әкеліп берген көрінеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.
-------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.