21 Қыркүйек, 2010

Жаһандық қауіпсіздік – жалпыға ортақ мәселе

665 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
20 қыркүйекте Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы ашылды. Бұл сессияның ең басты ерекшелігі, осыдан 10 жыл бұрын Нью-Йоркте БҰҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен ұйымның Мыңжылдық саммитінде қабылданған мыңжылдықтың даму мақсаттарына қатысты жалпы пікірсайыс (дебат) болмақ. Ол 20-25 қыркүйек аралығын қамтиды. БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация да қатысуда. Ал сессияның төрағасы болып Швейцария өкілі Иозеф Дайс сайланды. Биылғы жылы әлемде бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдер арасында ынтымақ­тас­тықты дамыту мақсатында қызмет етіп келе жатқан беделді халық­ара­лық ұйым – БҰҰ-ның құрыл­ға­ны­на 65 жыл толады. Ұйымның мере­келік осы сессиясында Мыңжыл­дықтың даму мақсаттарымен қатар, халықаралық және өңірлік ұйым­дардың қатысуымен көптеген іс-шаралар өткелі отыр. Солардың бір­қатарына Қанат Саудабаев қа­тысады және сөз сөйлейді деп жоспарланған. БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен жылғы 64-ші сессиясында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін рефо­р­ма­лау, БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысын жандандыру, ұйымның әлемдік аренадағы беделін және көшбасшылық рөлін нығайту, климат ауытқушылығы мен кедей­ші­лікке қарсы күрес, сондай-ақ адам құқығын қорғау мәселелеріне баса назар аударылған болатын. Ал ұйымның бұл сессиясында жо­ға­ры­да атап өткен Мыңжылдықтың даму мақсаттары, оның ішінде жа­һан­дық қауіпсіздік, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру, тағы басқа да жалпыға ортақ өзекті де өткір мәселелер талқыланады. Осыдан 10 жыл бұрын, 2000 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­ла­рының қатысуымен өткен жо­ға­ры деңгейдегі Мыңжылдық самми­тін­де “Мыңжылдық және мақсат­тар­ға жетудегі дамуды, жедел­де­тудің келісім шаралары” деклара­циясына (оны “Мыңжылдықтың даму мақсаттары” деп атайды) қол қойылған болатын. Сонымен қатар, декларацияда 2015 жылға дейін Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша міндетте­мелер көрсетілген-ді. Жоғары дең­гейде өткен сол саммитке Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан еді. Қазақстан – БҰҰ-ның мүшесі. Сондықтан да бұл міндеттемелерді орындау Қазақстанға да қатысты. Ал ұйымның осы сессиясында Мыңжылдықтың даму мақсаттары құжатын жүзеге асыру барысында 10 жыл ішінде атқарылған жұмыс­тарға қорытынды жасалады. Қазақстан Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыруды бастапқы кезде-ақ қолға алды. Мысалы, еліміздің Үкіметі 2000 жылдан бастап БҰҰ-ның Елдер командасымен өзара әріптестік жағдайда үш есебін дайындады. Сонымен қатар, кедейшілікті қыс­қартып, азаматтардың жалпы білім алуларына қолжетімділік жағдайлар жасады. Бұлардан бөлек Қазақстан Үкіметі 2007 жылы Мыңжылдық­тың даму мақсаттарының күн тәр­тібі бойынша мемлекеттік бағдар­ла­маларға негізделген ұлттық ба­сымдықтарды талдауға, ұлттық ста­тистикаға, тағы басқа да мәселе­лер­ге қатысты құжаттар қабылдады. Ал 2010 жылы Үкімет өңірлік бағдар­ламаларды дамытудың индикатор­ла­рын енгізу жұмыстарын қолға алды. 19 қыркүйекте түстен кейін Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Кездесуде тараптар алды­мен Орталық Азиядағы, одан кейін Қырғызстан мен Ауғанстандағы жағ­дайларды талқылады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде төңкерістен кейін Қыр­ғыз­станды тұрақтандыруға жан-жақты экономикалық көмек көрсетіп жатқанына ризашылық білдірді. Қырғызстанға Қазақстан тарапы­нан көрсетілетін көмектің жалпы көлемі 10 миллион доллардан асады. Бүгінде бұл елге көмір, цемент, құрылыс мате­риалдары, азық-түлік жеткізіліп жатыр. Бас хатшы, сондай-ақ Қазақ­стан­ның Ауғанстан жастарын елі­міздің жоғары оқу орындарында оқыту үшін 50 миллион доллар бөл­геніне де разылық танытты. Со­нымен қатар, Пан Ги Мун еліміз­дің ядролық қару түрлерін кезең-кезеңімен қысқарту бастамасына да жоғары баға берді. Бас хатшының атап өтуінше, Қазақстан ЕҚЫҰ төр­ағалығын жоғары деңгейде атқарып келеді. Кездесуде ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы Қанат Сауда­баев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға осы жылдың 1-2 желтоқ­санын­да Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитіне қатысуға шақырған хатты табыс етті. Қанат Саудабаевтың атап өткеніндей, БҰҰ халықаралық қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ететін әлемдегі ең беделді ұйым болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы әлемде қаржы-эконо­микалық дағдарыс әлі аяқтала қой­маған тұста өтіп отыр. Ал Қазақ­стан БҰҰ аясында өзінің сыртқы саясатын қазақстандық бағыт пен басымдықтарға сәйкес табысты жүргізіп келеді. Еліміз ұйымға мү­ше болған 1992 жылдан бергі ке­зеңдерде халықаралық қоғамдас­тық­пен ойдағыдай интеграцияла­нып қана қоймай, бейбітшілік сүйетін, қауіп-қатердің кез кел­ге­ніне қарсы тұратын мемлекет ре­тін­де әлемдік қоғамдастықтан өзі­нің лайықты орнын ала білді. Оның үстіне Қазақстан халық­ара­лық деңгейде бастамалар көтеріп, оларды жүзеге асыру арқылы да кеңінен танылды. Осының барлығы БҰҰ тарапынан әркез жоғары бағаланып келеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, “Егемен Қазақстан” –  Нью-Йорктен. Суретті түсірген Ілияс ОМАРОВ.