21 Қыркүйек, 2010

Сіз не дейсіз?

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тоқшылық сақталады Биылғы жаз біраз жерді қуаңшылыққа буғаны мәлім. Құрғақшылық Қарағанды ай­мағын да айналып өтпеді. Күйіп кеткен егістік алқап­тар, жайы­лым­дар мен шабын­дық­тар бар. Бүгінде біреулер соның салдары азық-түлік мәселесін қиындата­ды дейді. Шынында солай ма? “Егемен Қазақстанның” Қарағанды облысындағы тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ниқанбай Омархановқа: – Сіз бұған не дейсіз? – Мұны жағдайға толық қа­нық еместер айтатын шығар. Рас, астық, жем-шөп былтырғы кө­лем­нен төмен. Алайда сон­шалықты үрейленетіндей еште­ңе жоқ дер едім. Қазір алдын ала есептеп, екшеп, болжап отыр­ғанымыздай, азық-түлік түрлерінен тарық­пауы­мызға се­нім толық. Сөзім дәлелді болу үшін деректер келтірсем, өткен көктемде өңір бойынша 752 мың гектар егін егілді. Одан ор­та­ша түсім 5,8-6 центнерден ай­нал­ды. Әрине, бұған дейінгі көр­сеткіштен аз. Әйтсе де со­ның өзін­де 645 мың тонна ас­тық жи­на­лады деп күтілуде. Осы орайда былтырғы қордан 138 мың тонна дән қамбада сақ­таулы тұрғанын ескерсек, нан, ұн өнімдері жұртқа қалпынша молынан жететіндігіне күмән жоқ. Жалпы алғанда, тұтынуға 120 мың тонна астық, тұқымға 80 мың тоннасы қажет. Жоға­рыда аталғандай, қор бұдан едә­уір көлемге өспек. Демек, тоқ­шылық сақталатындығы анық. Сыртқа 260 мың тонна астық өткізіл­мектігі диқан қауымына қосымша табыс әкеледі. Екінші нан саналатын кар­топ та тұтынуға жеткілікті бо­луға тиіс. Бүгінде 6264 гектардан осы азық түрі жиналу үстінде. Көлемі – был­тырғыдан 1060 гектарға ұлғай­тыл­ған еді. Соның арқасында кар­топты 13 мың тоннаға артық жи­наймыз ғой деп үміттенеміз. Сөй­тіп, оның қоры күзде 121 мың тоннаға жетпек. Қыста кей жерлерде жем-шөпке зәрулік болуы мүмкін. Оның алдын алу шаралары бел­гіленді. Мал азығын белгілі се­бептерге байланысты аз әзір­ле­ген аудандарды қолайсыз жағ­дайда қалдырмау қарастырылды. Айта кету керек, қуаңшылық сал­дарынан 72 мың гектар егіс­тікке ештеңе өнбеді. Олар есеп­тен шығарылып, шығын өте­леді. Аймақтың азық-түлікпен өзін жеткілікті қамтамасыз етуі – алға қойылған басты мақсат. Соған сәйкес сыйымды қой­малар салу керектігі күн тәрті­бінде тұр. Әзірге картоп, көк­өніс сақтайтын 10 мың тон­на­лық 4 қойма пайдаланылып жүр. Бірден 92 мың тоннасы сақ­тауға қойылатын қоймалар қажет. Бұл мәселені шешу ойластырылып жатыр. Қарағанды.