21 Қыркүйек, 2010

Күн тәртібі бекітілді

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеше болған Сенат бюросының отырысы палата басшысының сөзімен ашылды, онда Төраға Парламент сессиясының ашылуы кезінде депутаттардың алдына Елбасы қойған міндеттерге тоқталды. Қ.Тоқаев Сенаттың негізгі қызметі еліміздің 2020 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету екенін атап өтті. Төраға сес­сия­ны ашқан кезде Президент Н.На­зарбаев дамудың басым бағыт­тарын жүзеге асыру мақсатында отыздан астам заң жобаларын Парламенттің осы сессиясында қарауға және қабылдауға тапсырма берді, деді және қазіргі кезде осы заң жобаларының жиырмаға жуығы Парламентте екенін айтты. Заң шығару жұмыстарының маңызды бөлігі, Қ.Тоқаевтың ай­туын­ша, республикалық бюджетке өз­герістер енгізу болып табылады. Үш жылдық бюджетке өзгерістер қазан-қараша айларында енгізілетін болады, деп атап өтті Төраға. Палата Төрағасы сондай-ақ даму бағдарламасына арналған бюд­жет қаржысының тиімді және үнемді орындалуына парламенттік бақылауды күшейту қажеттігі туралы да атап өтті. Бюро отырысында Парламент Мә­жілісі мақұлдаған заң жобалары палата комитеттері арасында бөлі­ніп берілді. Атап айтқанда, “Уақыт­ша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы” және “Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық банкі арасындағы Еуропа Инвести­ция­лық банкінің Қазақстан Республи­ка­сындағы қызметін реттейтін не­гіздемелік келісімді ратификация­лау туралы” заң жобалары Қаржы және бюджет комитетіне берілді. Сондай-ақ 23 қыркүйекте болатын палатаның кезекті отыры­сының күн тәртібін қалыптастыру туралы комитеттердің ұсыныстары қаралды. Алдағы палата отыры­сын­да “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және “Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне көлік мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы” заң жобалары бірінші оқылымда қара­латын болды, деп хабарлады Пар­ла­мент Сенатының баспасөз қызметі.