Баспасөз-2011
Шындығында солай. Баяғы балшығы белшеден келетін Атырау мен бүгінгі жаңарған, жаңғырған Атырауды салыстыру мүмкін емес. Дәулеті бұрынғыдан да артты, соған сай сәулеті келіскен Атырауда жыл сайын сан алуан өзгерістер болып жатады. Еңсесі тіктелген жұртшылық та, іскерлік байланыспен, ағайындық араластықпен келген қонақтар да зәулім ғимараттар, әсем тұрғын үйлер секілді алуан айшықтармен айшықталған Атыраудың келісті келбетіне қызыға қарайтын болды. “Бұл баяғы Атырау емес, тіптен керемет өзгеріпті”, дейді бәрі. Халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, экономиканы өркендетуге бағытталған өзгерістер бұл.
Мәселен, бұрын қаланың шеткі көшелерін айтпағанда, орталығының өзі желімдей жабысқан батпақтан арылмаушы еді. Жаяу жүргінші түгілі көліктің өзі әрең жүретін. Енді бәрі басқаша. Облыс орталығымен бірге, алыс елді мекендерде де асфальт жолдар салынып жатыр. Аудандардағы елді мекендерге табиғи газ, таза ауыз су желілері тартылуда. Өңірдің бір қиырындағы Қызылқоға ауданына да жан жылытар табиғи газ, мейір қандырар мөлдір ауыз су жетіп, ондағы ағайындардың көпшілігі шелек-шелек күл шығарып, тезек жағу азабынан құтылды. “Көгілдір отын” рахатын тек армандаумен күн кешкен қызылқоғалықтардың бүгінгі қуанышында шек жоғын айтқан ләзім.
Қызылқоға жұртшылығын қуанышқа бөлеп, жанын жадыратқан жарқын істер өзге аудандарға да тән. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында да асфальт жолдар салынып, абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Ауыз су желісі жаңғыртылуда. Индер ауданында Жайық үстінен салынған көпір құрылысы пайдалануға берілді. Мақат ауданына ауыз су желісі тартылды. Өткен жылдары Құрманғазы, Мақат аудандарында, жақында Жылыой ауданында сәні мен салтанаты жарасқан мәдениет үйі ашылды. Биылғы оқу жылында Индер, Исатай, Махамбет, Құрманғазы аудандарында бір-бірден жаңа мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты. Әлі де салынып жатқан білім ордалары, денсаулық сақтау ғимараттары жетерлік. Жастардың саламатты өмірге бет бұруына жол ашқан спорт сарайлары ашылып жатыр. Әлеумет әлеуетін арттыратын осындай алуан-алуан әлеуметтік жобалар, әрине, өңір экономикасының қарқынды дамуының жемісі. Мәселен, биылғы қаңтар-тамыз айларында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары 1 941 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 17,2 пайызға артық. Демек, осы деректің өзі мұнайлы Атырау экономикасындағы қарқынның бәсеңдемегенін аңғартады. Қазынаға түсер салық түсімі де молайды.
Өңірде бірнеше индустриялық жобаларды іске асыру көзделсе, олардың кейбірі қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Елімізде медициналық шприцтер шығаратын алғашқы зауыт Атырауда өнім шығаруды қолға алды. Оңтүстік Корея технологиясымен шығарылған шприцтер сапасы өте жоғары. Бағасы шетелдік өнімнен, мәселен, Германиядан тасымалданатын шпирцтерден әлдеқайда арзан. Импорт алмастыруға таптырмайтын шприцтерге отандық медицинадан ғана емес, көршілес елдерден де сұраныс бар. Яғни, қазақстандық шприцтердің экспорттық көкжиегі кеңейе түспек. Сонымен бірге, жеңіл панель шығаратын зауыттың келешегіне үміт артуға болады. Бұл, алдымен, отандық құрылыс индустриясының қарқын алуына серпін бермек. Екіншіден, құрылысқа қажетті осы өніммен түрлі ғимараттарды сапалы әрі тез салуға болады. Экономиканың барлық саласында оң өзгерістерге бастайтын жобалар жетерлік. Мұнай-газ өнеркәсібінің көшбасшы кәсіпорны – Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысының алғашқы қадасы қағылды. Балық өнімдерінің түр-түрін шығаратын “Атыраубалық” үлесі мемлекет меншігіне қайтарылып, осы кәсіпорын негізінде “Жайықбалық” кәсіпорны жұмыс істей бастады.
Өткен сенбіде облыс әкімі Бергей Рысқалиев мұнайлы Атыраудағы осындай өркенді өзгерістер мен келешек жобалар, сонымен бірге, кейбір проблемалық мәселелер туралы “Егемен Қазақстан” РГ” АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановты 1,5 сағаттай уақытқа созылған қабылдау кезінде әңгімелеп берді. Әсіресе, Жайық өзеніне Ресей өзендері арқылы құйылатын су мөлшерінің тым-тым төмендеп кетуі алаңдатады. Көрші мемлекет Ириклинский су қоймасын, Сакмара өзенінің Жайыққа құяр сағасындағы 60-тан астам су қоймаларын толтырып алмай, су жібермейтін болды. Жайық суының тартылу қаупі жағадағы Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін ауыз сумен қамтуда, сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашуына кедергі жасау ықтималдығын күшейтеді. Өйткені, Каспий бекіресі Жайық өзені бойымен Орал қаласына дейінгі аумаққа уылдырық шашады. Ал өзен суы жылма-жыл азайып, Жайықтың кейбір жерлеріндегі тереңдігі 50 см-ден аспауға айналды.
– Атырау – ежелден қаймағы бұзылмаған қазақы өңір, – деді әкім Бергей Сәулебайұлы. –Алғашқылардың қатарында іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді. Қазір өңірдегі шетелдік кәсіпорындарда ағылшын тілінен тікелей қазақшаға, қазақ тілінен тікелей ағылшыншаға аудару үрдісі қалыптасты. Мемлекеттік тілдің қанат жаюымен бірге, ұлттық баспасөздің таралымы да молайды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы –“Егемен Қазақстанға” ықылас ерекше. Алдағы жылы да “Егеменнің” таралымы көбейеді.
Бас басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов алаш арыстары негізін қалаған “Егемен Қазақстанның” оқырманға мемлекеттік саясатты жеткізудегі, қазақ қоғамының рухани қажеттілігін өтеудегі орны мен маңызына тоқтала келе, келер жылы басылымның Атыраудағы таралымы 10 000 данадан кем болмайтынына сенім білдірді. Соңғы екі жыл қатарынан “Атырау-ақпарат” КМК баспаханасында басылатын газет сапасы жақсарып, оқырман қолына бұрынғыдай кешікпей, тез жететін болды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.