21 Қыркүйек, 2010

“Электронды” демократияның келешегі қандай?

650 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Электронды дауыс беру қаншалықты тиімді? Демо­кра­тия ұлықтылығын қамта­масыз етуге ақпараттық технологиялар же­тілді ме? Жуырда осы мәселелер бойынша өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы аясында Қазақстан қызу пікірталас ұйымдастырған болатын. Өткен аптада Венадағы Хофбург сарайында ЕҚЫҰ аума­ғын­да электрондық дауыс беру мәселелеріне арналған екі күндік семинар болып өтті. Ұйымдастырушылары – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ). Алқалы мәжіліске ЕҚЫҰ-ға қатысушы және әріптес елдердің орталық сайлау комиссиялары өкілдері, халықаралық сарапшылар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты. Еліміздің Орталық сайлау ко­мис­сиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастаған қазақстан­дық делегация ОСК мүшелері, ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкіл­дік және бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінен құ­ралған. Мәжілістің ашылуында сөй­ле­ген сөзінде Қ.Тұрғанқұлов се­ми­нардың тақырыбын таңдау кез­дейсоқтық емес екенін атап өтті. Өйткені, сайлау үдерісі саласына жаңа технологиялық шешімдер енгізу және электронды дауыс беру жүйесін дамыту күрделі, көп­тарапты және көп жағдайда даулы мәселе болып табылады. Ол семинарға қатысушыларды элек­трон­ды дауыс берудің ар­тық­­шы­лықтары мен кемші­лік­те­рін анықтау, орын алып отырған мә­се­лелерді айқындау және туын­дауы мүмкін проблемаларды бол­жау үшін әртүрлі электрондық дау­ыс беру жүйелері мен құрыл­ғыларын қолданудың іс-тәжі­ри­бесімен белсенді пікір бөлісуге шақырды. “Бүгінгі күні әртүрлі елдердің сарапшылары электронды дауыс беру жүйелерін одан әрі қолдану мүмкіндіктерін әрқалай бағалай­ды және бірыңғай опера­циялық және техникалық стан­дарттарды ен­гі­зуге, қауіпсіздік пен сенім­ді­лікті қам­тамасыз етуге, сай­лау­шы­­лар­дың, бай­қаушылардың және бар­лық сайлауға қатысу­шы­лар­дың құ­қықтарының сақталуы­на ерекше назар аударады”, – деп атап өтті ҚР ОСК басшысы. ЕҚЫҰ Демократиялық инсти­тут­тар және адам құқықтары жө­ніндегі бюросының директоры Янеш Ленарчич электронды дау­ыс беру жүйелерін енгізіп отыр­ған мемлекеттер, демократиялық сай­лаудың ЕҚЫҰ міндеттеме­ле­рі­не және басқа да халықаралық стан­дарт­тарына сәйкес, сайлау үдері­сінің біртұтастығын қорғау бой­ын­ша шаралардың қолданы­луын қам­тамасыз етуі, сондай-ақ ай­қын­дықты, есептілікті және қоғам тарапынан сенімді қам­та­масыз етудің дәстүрлі дауыс беру тәсіл­дері ұсынатындай кепілдік­терін беруі тиіс, деп атап өтті. Үш жұмыс секциясы бары­сын­да семинарға қатысушылар ЕҚЫҰ-ға мүше елдерде элек­трон­­ды дауыс беруді қолдану, элек­тронды дауыс берудің ха­лық­­­ара­лық стандарттары, элек­трон­дық дауыс беруді құқықтық реттеу және халықаралық байқау, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер кеңістігінде элек­трон­дық дауыс беруді қолда­ну перс­пективалары сынды тақы­рыптарды талқылады. Семинарға қатысушылар электронды дауыс беру жүйелерін енгізу және қол­дану барысында туындайтын ке­лелі мәселелерді айқындауға және шешілуі демократиялық сайлау ұстанымдары мен қағидаттары­ның сөзсіз сақталуына ықпал ететін бі­рінші кезекті мәселелерді анық­тауға мүмкіндік алды. Осы шараға дайындық бойын­ша жұмыс аясында Қазақстан Рес­публикасы Орталық сайлау ко­миссиясы мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ элек­тронды дауыс беру жөнін­де­гі халықаралық құжаттар шолуын, сондай-ақ басқа да баспа мате­риалдарын әзірлеген болатын. Оның сыртында “Сайлау” ААЖ-дың қолданыстағы жабдығы қой­ылып, семинарға қатысушыларға өзіндік бейресми мини-референ­думға қатысып, “Сіз электронды дауыс беруді пайдалануды қол­дай­сыз ба?” деген сұраққа жауап беру ұсынылған. Семинардың Латвия ОСК төр­­аға­сы Арнис Цимдарстың жетек­ші­лігімен өткен элек­трон­ды дау­ыс беру бойынша көзқа­рас­тарға ар­налған бірінші отыры­сында әртүрлі елдерде электрон­ды дау­ыс беруді қолдану тәжірибесі бой­ынша негізгі баяндамалармен Ре­сей ОСК төрағасы Владимир Чу­ров, Таллинн технологиялық инс­титутының профессоры Улле Ма­дисе (Эстония), Бельгияның Фе­дералдық мемлекеттік қызмет бас директорының Сайлау жөніндегі басқармасының басшысы Стефан де Мюль және АҚШ-тың Элек­тораттық көмек жөніндегі комис­сиясының төрағасы Донетта Дэ­видсон ханым сөйледі. Одан кейін болған пікірталас кезінде бірқатар елдердің сайлау органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, соның ішінде Қазақстанның өкілдері – “Сайлауды байқау жөніндегі ко­митет” қоғамдық бірлестігінің са­рапшысы, профессор Қазбек Жи­рен­шин және “Қазақстан Респуб­ликасы ОСК Инженерлік-техни­ка­лық орталығы” мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Ар­сақбаев сөз сөйледі. Сөз сөйлегендердің көпшілігі сайлау үдерісінде заманауи ақпа­раттық-коммуникациялық техно­логияларды қолданудың қажетті­гін және демократиялық сайлау сала­сындағы халықаралық стан­дарт­тар­дың сақталуын кепілден­діретін бірыңғай техникалық және опе­рациялық стандарттарды әзірлеу қа­жеттігін қолдайтын пікір біл­дірді. Семинарға қатысқан мейман­дар Қазақстан төрағалығы ұсын­ған тақырыптың дер кезінде көте­ріл­геніне әрі ЕҚЫҰ қауым­дастығы үшін өзекті екеніне баса назар аудартты. Мысалы, Ресей Федерация­сының Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Владимир Чуров, ЕҚЫҰ-ның электронды дауыс беру мәселелеріне арналған са­рап­тамалық семинары қа­зақ­стандық төрағалықтың маңызды баста­ма­ларының және жетістік­терінің бірі болып табылатынын айтты. Оның пікірінше, қазақ­стандық тарап ұсынған семинар­дың тақырыбы ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлше­мінің аясын­дағы пікірталастар үшін ең өзекті және ең маңызды тақырыптың бірі болып табылады. “Қазақстан ұйым төрағасы ретінде сайлау үдерісі мен жаңа тех­нологияларға арналған аса қызық тақырып ұсынды”, – деді ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директоры Янеш Ленарчич. Оның семинар кезінде білдірген негізгі ойы – әр ел дау­ыс беру тәсілін өзі таңдауы тиіс. Жиынға қатысушылар Қа­зақ­стан тарапына осынау пайдалы пікір­таласты ұймдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, қездесуден алған қанағаттанушылығын жа­сыр­мады. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан. ---------------------------------- Суретті түсірген автор.