Қазақстан ЕҚЫҰ-ның берік емес беделін нығайта алды ма немесе Хельсинкиден Астанаға дейінгі ұзақ жол хақында бірер сөз
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, өзінің демократиялық жетістіктерін орынды мақтан ете алатын бүгінгі Қазақстан өрлеу баспалдақтарына ілкімді істерімен ілінді. “...олай болса ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстан әлемдік демократия мектебінде ұялшақ жаңа оқушыдай көрінбейтін болады”, деген саясаттанушы Юрий Солозобовтың сөзімен осы пайымдардың ақиқаттығын ақтарып көрелікші.
Тақырыпқа сұранған сауал, яғни “ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі Қазақстан Ұйымның бұрынғы КСРО кеңістігіндегі сондайлық берік емес беделін нығайтатын болады”, деген сәуегей сөз расталып келеді. Өткен жылы Мәскеуде өткен “Қазақстанның халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамалары” деп аталатын дөңгелек үстелде ТМД саясаткерлері “Қазақстан Республикасы мұны атқара алады, өйткені, бүгінде бұл ел бүкіл Орталық Азияның көшбасшысы ретінде қабылданады және Еуроодақтың өңірдегі шешуші әріптесі болып табылады. Бейнелеп айтқанда, Қазақстанның төрағалық етуімен ЕҚЫҰ ескі проблемаларда жаңа көзқарасқа және жаңа “еуразиялық бейнеге” ие болады. Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның қатысуымен қазірдің өзінде құрылып қойылған қауіпсіздік тетіктеріне құрметпен қарайды. Бірақ, Астана оларды жаңғырту қажеттігін айқын түсініп отыр”, деген жоқ па еді?!
Ал ол кезде Қазақстанның аталған Ұйымға төрағалығы екіұдай болып тұрған-ды, Астана Саммитін өткізу туралы ой саясаткерлердің үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Оның үстіне еліміздің төрағалығына сын болған қырғыз оқиғалары да орын алмаған, болуы болжанбаған тұс еді. Сындарлы сәтте салиқалы шешімге бара алған, оңтайлы қадамдар арқылы көршілерде тұтануға шақ қалған азамат соғысының алдын Қазақстан туралы, соңғы шиеленістер туралы сөз айтпай қалу мүмкін емес.
Мұсылман және еуропалық қоғамдастықтар арасында дәнекер болып үлгерген Астананың көптеген жанжалдарды шешуге қабілетті екендігі бұрын да айтылып келген. Ал Қазақстанның саяси басшылығы өзінің басты тарихи миссиясы – Батыс пен Шығыс арасындағы көпір болуды әлдеқашан түйсінген.
Сондықтан да Еуропаның кіндігінен алыста жатқан Астананың ЕҚЫҰ төрағаға таңдалынып алуы кездейсоқтық еместігін қаперде ұстаған жөн болар. Оның үстіне аталған Ұйым бастамашылдыққа келгенде “шаршап қалды” деген пікірлер жиі айтыла бастағанда Қазақстанның – тәуелсіз тың елдің төрағалығынан күтетін соны қадамдар легі көп еді. Нақты іс тындырғаннан гөрі, қадағалаушылық қана әрекетке көшкен ЕҚЫҰ-ның келешегі күмәнді көріне бастағаны және аян. Бәрін қойып, гуманитарлық себеттің ішін зерттеуге үйір болып алды дейтін Ұйым өзінің ең басты миссиясын – әскери-саяси және экономикалық бағыттарын ұмыт қалдыра бастағаны кеше еді.
Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ны созылмалы дағдарыстан шығара алды ма? Мұны өзіміз емес, өзгелер айтқанда былай: “ЕҚЫҰ – өте-мөте бюрократиялық ұйым. Мен Қазақстан оған жұмыс істеу үшін өзінің ең күшті дипломаттарын жібергенін, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ-дағы жұмысқа жауап беретін жоғары санаттағы білікті де шебер мамандарды тағайындағанын білемін. өзімнің жеке тәжірибеме орай, сіздердің дипломаттарыңыз өте күшті екенін атап өткім келеді және сол үшін мен оларды құрметтеймін”, деген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Р.Хоугланд. Хоугланд мырза бұл пікірді айтқанда, төрағалықтың алғашқы үш айында-ақ ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың 15 қатысушы елде болып, оның ішінде жанжалдар орын алған мемлекеттерді де аралағанын меңзесе керек.
Ұйымның беделін көтеру деген мәселеден туындайды, азуын айға білеген державалардың өзі нақ Қазақстанның Халықаралық ядролық отын банкін орналастыру үшін бірден-бір үміткер ел екендігі кездейсоқ еместігін ашық мойындайды. “Атом сынақтарының қасіретін өз басынан кешкен, ядролық қарудан жария түрде бас тартқан Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін түбегейлі күшейту саласында қазіргіден әлдеқайда табанды іс-әрекетті талап етуге толық моральдық құқығы бар”, деген жоқ па еді Ресей сарапшылары.
Күмәншілдер Қазақстан төраға болуға жас ел, еуропалық астаналардан тым шалғайда орналасқан деген қисық уәждерін алға тартып жатқанда, ТМД елдері түгел тұрып, жауап ретінде төмендегі тарихи мысалды, “қырғи-қабақ” соғыстың ең қызған шағында Еуропаның шетінде орналасқан кішкентай елге – Финляндияға мүмкін емес дерлік нәрсені істеудің сәті түскенін еске салды. Ол келіссөздер үстеліне жанжалдасушы ұлы державаларды отырғызып, оларды әйгілі Хельсинки актісіне қол қоюға келістірді. Осы арада 1975 жылы фин астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөнінде конференция өтіп, ЕҚЫҰ дүниеге келгенін айтудың сәті түсіп тұр.
“Кім білген, бәлкім, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан кейін саясатшылардың сөз тіркесінде “Астана рухы” ұғымы кіретін шығар” деген үмітті сәуегейліктің үдесінен Астана Саммиті шыға ала ма?
Батыс пен Шығыстың лидерлерімен тең сөйлесетін, өзінің демократиялық сенімдерін жасырып жатпайтын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне шүбә келтірмейтін халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер Астана Саммитінің өту-өтпеуі белгісіз тұста да осылай иек артқан болатын. Кейбіреулердің геосаяси картасында әбден мүмкін болатын “отты нүкте” ретінде белгіленген көпэтносты еліміздің ұлтаралық және конфессияралық қатынастарды жолға қою тәжірибесінің иесі ретінде танылғанына тәнті болып, осыны Қазақстанның адамзаттық ауқымға шығара алатынына сенгендері болар! Яки тарихтың тезінен өткен, халықаралық ұйымдарда көп жұмыс істеген, келіссөздер барысында көп тәжірибе жинақтаған, ауызбіршілікті алдыңғы кезекке қойған тәуелсіз Қазақстанның ұстанған саясатын үлгі тұта бастағаны шығар!
Ендеше, Астана Саммиті күн тәртібіне қандай көкейкесті мәселелерді шығарады? Әрине, міндетті түрде Астана нақты мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. ЕҚЫҰ-ның осы уақытқа дейін шарасы табылмаған жанды жері – Ауғанстан. ЕҚЫҰ-да мұсылман мемлекеттері аздығын ескерсек, бітімгерлікке шақырған Қазақстанның бұл мәселеде сөзі өтімді болады деп есептеу керек. Оның үстіне араағайындық ісінде Қазақстан қол қусырып қарап отырған жоқ. Өз жауапкершілігін нақты білетін Қазақстан Ауғанстанға 50 миллион доллар көлемінде көмек көрсетуді мойнына алды. Отыз жылға жуық соғысып, лаңы бітпеген елде бүтін бір ұрпақ дүниеге келіп, кәсіпсіз-жұмыссыз отырғанын да жақсы біледі. Сондықтан да осы елде мамандар даярлау ісіне еліміз қолұшын беріп жатқанын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер көріп отыр. Мыңнан астам ауғандық Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып, ізгілік пен бейбітшілікті өз елдеріне егу үшін оралады.
ЕҚЫҰ төрағалығы барысында Қазақстан айналып өте алмайтын тағы бір мәселе – Таулы Қарабақ дауы. Оның үстіне алып державалардың өзі тағы ұзақ уақытқа дейін қауіпсіздік саласында Астана Саммиті сынды үнқатысу мүмкіндігінің тумайтынын түйсініп отыр. Және соңғы жылдардың бедеріндегі саяси шиеленістер мен қақтығыстарды тек қарудың күшімен, қоқан-лоқымен реттеудің мүмкін еместігі көрінді.
Төскейде малы, төсекте басы қосылған Қырғызстандағы мемлекеттік төңкеріс те Қазақстан төрағалығының қаншалықты тұрлаулы екендігіне сын болды. Қазақстан бұл мәселеде ЕҚЫҰ-ға төраға болмаса да, бауырлас елдің басына түскен келеңсіздікке бей-жай қарай алмасы ақиқат еді. Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпқырлылығы және Ресеймен, Батыспен де жақсы қарым-қатынасы, халықаралық ұйымдармен бірлестігі айыр қалпақты ағайынның келешегіне игі ықпалын тигізері күмәнсіз. Іргесі лаң болып жатқанда қарап жатпаған еліміз қырғыздың тауқыметін бір кісідей бөлісті, көмегін берді, қаржысын бөлді. Ықпалын танытты!
Сырттағы саясаткерлердің: “Осы заманғы Қазақстан өзінің миллиондаған азаматтарына “Мемлекет деген – бұл біз!” деп мақтанышпен айтуға мүмкіндік беріп отыр”, деп берген бағасы Астана Саммитін лайықты қарсы алуға жол ашатынына, адамзаттық ынтымақтастық тарихында өз ізін қалдыратынына сеніңіз. Бұл – біздің Қазақстанымыз, бұл – сіздің Отаныңыз!
Айнаш ЕСАЛИ.