17 қыркүйекте Әділет министрлігінде Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті.
Комиссия Үкіметтің 2010 жылғы 9 наурыздағы №181 қаулысымен құрылған. Комиссия қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік құқықтарын баламалы қорғау мәселелерін реттеу жөнінде нақты іс-қимылдарды іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Комиссияның бірінші отырысында комиссияның құрамы мен ережесі, зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықты анықтау және жолын кесу мәселелері бойынша әділет органдары мен құқық қорғау органдарының өзара іс-әрекеті, зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы сақтау нысанына тексерулер тәртібі, интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау мәселелері қаралды.
Әділет министрлігінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің өкілдері өз баяндамаларында зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықты анықтау және жолын кесу мәселелері бойынша әділет органдары мен құқық қорғау органдарының өзара іс-әрекеті бойынша жұмыстар жөнінде баяндады.
Ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықта әділет органдары республика бойынша зияткерлік меншік нысандарын пайдаланатын субъектілерге 315 тексеріс жүргізді, оның ішінде 301-і авторлық құқық туралы заңнаманы сақтауға қатысты тексерілді. Тексеріс нәтижесі бойынша 170 әкімшілік іс қозғалды. Заңсыз айналымнан жалпы соммасы 22 млн.-нан астам теңгені құрайтын контрафактілі өнімнің 63 мыңнан аса данасы тәркіленді. Айыппұл соммасы 2,5 млн.-нан астам теңгені құрады. Әкімшілік жауапкершілікке 127 тұлға тартылды.
Комиссия жұмысының барысында Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылды.
“Егемен-ақпарат”.