22 Қыркүйек, 2010

“Балапан” қанат қағады

920 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
“Қазақстан”  РТРК” АҚ басқарма төрағасы Жанай ОМАРОВ балалар телеарнасы туралы ой толғайды – Жанай Сейітжанұлы, Қазақ­стан телерыногында тағы бір жаңа арнаның дүниеге келетіні туралы естіген едік, бүгін өзіңізден осы ту­ра­лы нақты білудің сәті түсіп отыр. Бұл жаңа арна қалай аталады? Кімдерге арналады? – Мен бүгін “Егемен Қазақ­стан” газетінің барша оқырман­да­ры­на елімізде  балаларға ар­налған “Балапан” телеарнасы­ның ашыла­тыны туралы алғаш рет қуана хабарлағым келеді. Мемлекетіміздің тарихында ең алғашқы телеарна 1958 жылы 8 наурызда ашылған болатын. Содан бері жарты ға­сыр­дан астам уақыт ішінде Қазақстан медиарыногындағы телеарналар саны жыл санап артып келеді. Бір­ақ, олардың бірде-бірі жас көрер­мендерге толықтай арналмаған. Енді сол жоғымыздың орнын тол­тырып, олардың санатына кіш­кентай “Балапан” қосылып отыр, ол тек балалар арнасы ретінде бағдарламалар таратады. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде, өзіміз білетіндей, балаларға арнал­ған көптеген телеарналар қызмет көрсетеді. Ол мемлекет идеология­сы­ның бір бөлшегі іспетті. Осы үрдісті бетке алып, біздің ел де балаларға жеке арна ашуға кірісті. Бұл – сарабдал, салиқалы сая­сат­тың арқасында жүзеге асып отыр деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуға бағыт­тал­ған “Балапан” арнайы бағдарлама­сын әзірлеп, іске асыруды тапсыр­ған болатын. Сонымен, осы “Бала­пан” бағдарламасының жалғасын­дай болып, “Балапан” балалар арнасы ашылып жатыр. Теледидар – ұрпақ тәрбиесінің айнымас құралы десек, еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы бү­гінгі өскелең ұрпағымызға сапалы, тәрбиелік тағылымы мол теле­өнім­дер ұсыну керек. Көгілдір экранда ба­лаларға арналған бағдарлама­лар­дың мәні мен мазмұны мемлекеттік идеологиямызға сәйкес келетін болсын. Мұны халықтың ертеңін ойлайтын үлкен ағаларымыз маған жиі айтады. Бүгін қазақ баласы си­қырлы жәшіктен шетел мульт­фильм­дері мен бағдарламаларынан басқа не көре алады? Талапқа сай аз ғана, саусақпен санарлық өнім­дер болыпты. Онымен миллион­даған жас көрерменнің сұранымын қанағаттандыру мүмкін емес. Осы орайда, түпкілікті шешім қабылдау қажет еді. Балалардың өз телеар­насы болуы туралы талай рет ай­тылды. Бірақ ол сөз жүзінде қалып келді. Ақыры Үкіметіміз осы мә­селені түпкілікті шешті. Біздің корпорацияға балаларға арналған жаңа арна ашу тапсырылды. Біз үш-төрт айдың ішінде шығарма­шылық, қаржылық және техни­ка­лық шешімдер қабылдап, арнаны эфирге шығару жұмысын аяқтауға тақадық. Келесі аптадан бастап жаңа арна Қазақстан көгінде жарқ етеді. Меніңше, балаларға арналған қазақ тіліндегі арнаның ашылуы еліміздің рухани өмірінің тарихына жазылатын үл­кен оқиға және ұлтымыздың бо­ла­шағы үшін салынған инвестиция болмақ. – Жанай Сейітжанұлы, “Бала­пан” балалар телеарнасының өз ерек­шеліктері жеткілікті. Бұл арнаны дайындау мен шығару “Қазақстан” республикалық телерадио­кор­по­ра­циясына тапсырылғаны сіздер үшін мәртебе деп білеміз. Енді таңдаудың сіздерге түсуінің негізгі себептерін білсек бола ма? – “Қазақстан” республикалық те­лерадио корпорациясы – жарты ға­сырдан астам жарқын тарихы бар іргелі мекеме. Оның материалдық-техникалық базасы, мамандарының техникалық, шығармашылық даяр­лық деңгейі еліміздегі телеарналар бойынша алдыңғы орында. Жаңа арна ашу үшін мұндай мүмкін­дік­терді пайдалану қажет еді. Өзімізде барды сырттан іздеп қайтеміз? Сон­дықтан Үкіметтің таңдауы бізге түсті. Біз өз ішімізден жаңа “Бала­пан” деген шығармашылық бірлес­тік ашып, оған тиісті мамандарды топтастырдық. Ол үшін бұған дейін кішкентай көрермендер үшін жұ­мыс істеген, балалар тілін түсінетін қызметкерлерді іріктедік. Олар негізінен жас көрермендер ойынан шығатын хабарларға тапсырыс береді. Яғни, контентті айқындай­ды. Ал кейбір жекелеген бағдарла­малар сыртта аутсорсинг әдісімен, яғни басқа продюсерлік орталықтар мен компанияларда дайындалады. Бұл өз кезегінде түрлі телетуын­дылар дайындайтын жеке, шағын студияларды қолдау болып табы­ла­ды. Демек, қазақ тілінде материал әзірлейтін журналистер тек кор­по­рациямыздың ауқымымен шектел­мей, басқа жерлерде де жұмыс та­буына жағдай жасадық. Оның үс­ті­не түрлі тақырыптарды түрлі про­дюсерлік орталықтар мен телеком­паниялардың әзірлеуі арнаны біріз­ділік пен бірсарындылықтан құт­қа­рады. Ақыр аяғында дайын хабар­лар “Қазақстан” ұлттық арнасының “Балапан” шығармашылық бірлес­ті­гінде мұқият тексеріліп, техни­калық, шығармашылық сапа дең­гейі жоғары болған жағдайда эфирге жіберіледі. – Жанай Сейітжанұлы, жаңадан ашылатын “Балапан” арнасының көрсетілімдері туралы айтып өтсе­ңіз? Эфир тілі, көрермен аудитория­сы туралы газет оқырмандары да білгісі келеді. – “Балапан” телеарнасының басты артықшылығы – ол тек мем­лекеттік тілде хабар таратады. Ал оның көрермендері тілі жаңадан шығып келе жатқан баладан бастап 10 жасқа дейінгі балалар деп отыр­мыз және бұл көрермен қатары тәрбиеші-мұғалімдермен, ата-аналармен толығуы мүмкін екенін айта кетуіміз керек. Негізінен хал­қы­мыз “баланы – жастан” деген. Баланың ұлттық болмысы, рухани жан-дүниесі балғын шағында қа­лыптасады емес пе? “Балапан” ар­насының көрсетілімдері де негі­зі­нен танымдық, оқу-танымдық, ойын-сауық шоу бағдарламаларға негізделген. Алғашқы маусымға алты бағдарлама, бір мульттоптама ұсынып отырмыз. Олар, санап берсек, мыналар: l “Алақай, балақай!” – спорт­тық ойын-сауық шоу бағдарлама; l “Айжұлдыз” – кешкілік та­ным­дық бағдарлама; l “Кел, ойнайық!” – танымдық ойын-сауық шоу бағдарлама; l “Шеберхана” – оқу-та­ным­дық бағдарлама; l “Әліппе” – оқу-танымдық бағ­дарлама; l “Ән салайық!” – отбасылық му­зыкалық ойын-сауық шоу бағдарлама; l “Ғажайыпстанға саяхат” – оқу-танымдық мультсериал. Сонымен бірге “Қазақстан” ұлт­тық телеар­на­сынан шығатын “Ай­гөлек”, “То­ла­ғай”, “Еркетай” бағ­дарламалары енді “Балапан” теле­ар­на­сынан да көрсетіле­тін болады. Сондай-ақ ұлттық болмысы­мыз­ға сай, тәрбие­лік-танымдық маз­мұн­дағы балаларға арналған шетелдік ки­нолар мен мульт­фильмдер жіті сұ­рып­талып, қазақ ті­лі­не аударылып бе­рі­леді. Бағдарламалар өте қызықты. Бала­лар­дың ұғымына тү­сінікті. Қазіргі заман талабына сай жаса­лу­да. Оған балалары­мыз 27 қыркүйектен бастап өздері куә болады. – Бағдарлама­ларды жасаған кезде қандай қағидаттарды басшылыққа ал­ды­ңыз­дар? Бағдарла­ма­лардың идеясы туралы айтсаңыз. – Өте маңызды сұрақ. Өйткені бағ­дарламаның мазмұ­ны арнаның жалпы идеясын көрсетіп тұ­рады. Біздің бар күш салған жеріміз де осы мәселе: бағдарламалар техникалық жабдықталуы жағынан шетелдік арналардың хабарларынан қалыспауы тиіс. Ал мазмұны өзі­міз­дің ұлттық болмысымызға сай, тілі таза, көркем жасалуы керек. Бағдарламалар балаларды ортақ пайдалы іске жұмылдырып, бірге ойнау, сұрақтың жауабын бірге табу, ортақ мақсат қойып, оны жү­зе­ге асыруға талпындырады. Мұ­ның бәрі де баланың жеке басы­ның қоғамдағы бағытын анық­тай­ды, оның өмірге белсенді ұстаны­мын қалыптастырады. Сондай-ақ “Балапан” арнасының көрсетілім­дері баланы жастайынан еңбек сүй­гіштікке, ізгілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, көп дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүние­ге қуана білуді, яғни жалпы еңбек нәтижесін бағалауға үйретеді. Дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, ру­ха­ни ойлау дәрежесі биік, мәде­ниетті, парасатты, ар-ожданды, еңбек сүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге атсалысады. – Жанай Сейітжанұлы, бұл бас­та­маларыңыз бізді қатты қуантып отыр. Айтыңызшы, көрермендер “Балапан” телеарнасын қалай көре алады? – “Балапан” балалар телеарна­сы әзірге кабельді желі арқылы таралады. Сөз соңында айтарым, енді біздің бөбектеріміздің уақытын қызықты өткізуге мүмкіндік беретін өз арнасы бар. Ол – өзінің көрер­мендерін мемлекеттік тілді білуге ынталандырады. Ол – қолөнерді үйреніп, шебер болуға шыңдайды. Ол – ертегі айтып, ән салуға ша­қы­рады. Ол – әлемнің ең үздік ба­лалар кинолары мен мульт­фильмдерін қазақ тілінде ұсынады. “Балапанның” кейіпкерлері: Бояу­бек пен Өшіргіш, Ақтөс пен Шө­же­тай, тағы басқалар біздің кіш­кентай көрермендеріміздің бірге ойнап, бірге күлетін, бірге сурет салып, бірге оқитын, тіпті бірге сапарға шығатын нағыз достарына айналады деп ойлаймыз. Сондық­тан болашақта “Балапан” балалар телеарнасы әрбір баланың жүрегін жау­лап, қиялына қанат бітірер, на­ғыз серігі боларына сеніміміз мол. – Әңгімеңізге рахмет. “Бала­пан” балалар арнасына өз тарапы­мыз­дан сәт сапар тілейміз! Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.