Президенттік мәдениет орталығында белгілі саяхаттанушы, Орталық Азия, Сібір, Қазақстан халықтарының тарихын, фольклорын зерттеуші-этнограф ғалым Григорий Николаевич Потаниннің 175 жылдық мерейтойына арналған “Жұмбағына Азияның үңілген” әдеби-музыкалық кеші өтті. Кешті сөз сөйлеп ашқан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Г.Потаниннің қазақ халқына сіңірген еңбегін нақты мысалдармен дәйектеп, Қазақстанда оның аяғының ізі қалмаған бірде-бір жер жоқ десе болғандайын, фольклорлық мұралар мен халық ауыз әдебиетінің әйгілі нұсқаларын талмай іздеуде, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын зерделеп, Шығыс және Еуропа ғалымдарының сирек кездесетін еңбектерін тынбай зерттеуде ол атқарған істің орны қашанда биік болып қала беретінін әңгімеледі. Әдеби-музыкалық кешті Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников келіп тамашалады.
Григорий Потанин есімі күллі Қазақ даласына таныс десек, қате айтпаймыз. Павлодар облысының Ямышево ауылында дүниеге келген жиһангер ғалымның аты қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімімен егіз ұғымға айналып кеткелі қашан. Өйткені 1845-1852 жылдары Омбыдағы кадет корпусында екеуі бірге оқып, өле-өлгенше бір-бірімен жақын дос болып өткен. Омбы облыстық мұрағатында бірге жұмыс жасап, қазақ халқы жөніндегі тарихи-этнографиялық әдебиеттерді зерттеген. 1853-58 жылдары Сібірде әскери қызметте болған. 1859-61 жылдары Петербург университетінің физика-математика факультетінің жаратылыстану бөлімінде оқыған. Сібір мен Орталық Азияның аз зерттелген аудандарының географиясы, этнографиясы, фольклоры, ботаникасы мен экономикасы жөнінде деректер жинау мақсатымен 1876 жылдан бастап бірқатар саяхаттар жасаған. Солтүстік-Батыс Моңғолияға, Үлкен Хинганға, Забайкалье, Алтай мен Қазақстанға (Баянауыл, Сырымбет, Зайсан, Тарбағатай) экспедициялары барысында баға жетпес тарихи құндылықтарға кезікті. Қазақ халқының аңыздары мен ертегілері жайында деректер жинап, кітап жазды. 1884 жылы Абай Құнанбаев Григорий Потанинге “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасының қолжазбасын сыйға тартты деген деректің өзі ғалымның қазақ фольклорына қаншалық маңыз бергенін аңғартқандай. Ал Алаштың ардақтылары Потанинмен өзара тығыз қарым-қатынаста болмаса, Міржақып Дулатов оны “Сібірдің құрметті ақсақалы” дер ме еді?!
Артына 235 кітап пен ғылыми мақалалар жазып қалдырған ғалым кезінде Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерін жариялауға барынша атсалысқанын, Батыс Сібірдің мәдени және қоғамдық өміріне белсене араласып, мектептер, әйелдер курсын, мұражайлар ашуға қатысқанын, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, “Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері” атты еңбек жазғанын, осынау географиялық озық еңбектері үшін оны Орыс география қоғамы 1886 жылы Үлкен Константинов медалімен марапаттағанын, Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздақ аталғанын, одан да бергіге жылжысақ, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұса Шорманов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақпаев сынды қазақтың айтулы азаматтарымен араласып тұрғанын кеш барысында сахналық көріністер шынайы баяндап, сол кезеңдер сазы тартылды. Ғалымның өмірі мен шығармашылығына арнап деректі фильм әзірленуі, қалалық орыс драма театры әртістерінің орындауында қолжазбаларынан үзінділер оқылуы, көрме залында Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Потанин тағылымдарынан тарихи жәдігерлерді тамашалатуы әйгілі саяхатшының мерейтойына әжептәуір дайындықтар жасалып жатқанын аңғартты. Ерлан Төребай, Берік Омаров, Елена Федякина, Жәнібек Сапаров, Марат Нүкеев, Алексей Ефременко, Станислав Гасаев, Қаракөз Әбдішәріпова, Еркебұлан Қайназаров, Рамзат Балакишев, Мадина Адамова, Айзат Қарабекова сынды өнер тарландары әдеби кешті әнмен, жырмен әдіптеді. Ұшы-қиырсыз қазақ даласында ұшан-теңіз жауһарға кенеліп, қалтқысыз еңбек еткен аяулы тұлғаға арналған шара мұнымен аяқталмайды, мерейтой әрмен қарай Павлодарда жалғаспақ, республиканың барлық мектептерінде ғалымды еске алу кештері, тарихи-поэтикалық сабақтар өтпек, ал келер жылы Мәдениет министрлігі Потанин шығармаларын жиыстырып, жаңадан жинағын басып шығаруды жоспарлап отыр. Ғалым еңбектерін жаңғырту арқылы сан ғасырдан бері келе жатқан қымбат қазына қайта түлеп, халқымен қапысыз қауышады деген сенімді селкеусіз серік етейік.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
--------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.