Алматы энергетиктері қуатты қосалқы стансалардың құрылысын аяқтады
Жақында “Алатау жарық компаниясы” (бұрынғы АПК) АҚ-тың басшылығы Азиада нысандарын және Алматының жоғарғы аудандарын электр қуатымен жабдықтау үшін салынған энергия жүйелері бойынша журналистермен саяхат өткізді. БАҚ өкілдері салынып жатқан құрылыс көлеміне таңғалып жаңа жабдықтардың озық технологияларымен жан-жақты танысты. Салынып жатқан бұл қосалқы стансалардың еліміздің басқа бірде-бір өңірінде баламасы жоқ.
Энергетиктер ең алдымен, Әл-Фараби даңғылындағы Казгуград қалашығының жанында жұмыс істеп тұрған “ҚазМУ” қосалқы стансасымен таныстырды. Бұл нысан 1973 жылы салынып, өзінің нормативтік мерзімін әлдеқашан тауысқан. Қосалқы станса ұлкен аумақты (30 сотықтан астам жерді) алып жатыр. Оның жабдықтары әбден ескірген, осы уақытқа дейін ол маңайдағы шағын аудандардарға қызмет көрсетіп келді. Қосалқы станса қуатына түсетін үлкен салмақтың салдарынан бұл аймақтағы үйлердегі электр қуаты жиі төмендейтін. Әсіресе, қыс айларында әбден ескірген, кешегі кеңес заманында шығарылған электр реттегіштер және басқа техникалар жиі қатардан шығып, қиындық туғызатын.
Мердігер компания алдағы бір айдың ішінде пайдалануға беруді жоспарлап отырған жаңа нысанды аралағанда, біз басқа көрініске тап болдық. Бұрынғы “ҚазМУ” атауымен салынып жатқан қосалқы станса ескі энергиялық жүйеден қашық емес. Бір қарағанда бұл нысан бүгінгі заманның офистеріне ұқсайды. Көркімен көз тартатын ғимараттың ішінде отандық және шетелдік кәсіпорындар шығарған қуатты трансформаторлар жабдықталуда. Нысанның өзі шағын аумақты алып жатыр. Онда энергетика саласының әлемдік жетекші кәсіпорындары шығарған қондырғылар орнатылған. Бұл қондырғылар өртке қарсы және апатқа қарсы қауіпсіздік нормаларына толық жауап береді. Қосалқы стансаны басқару толық автоматтандырылған және ең бастысы барлық кәбіл жүйелері жер астымен тартылған. Яғни, адамдардың өміріне қауіп төндіретін алқам-салқам электр сымдары жоқ. Осы жерде атап айтатын бір мәселе, жаңа қосалқы стансаны іске қосу – “Алатау жарық компаниясы” (АЖК) АҚ-тың аймақтың тұтынушыларын сенімді электр энергиясымен жабдықтау үшін жасалып жатқан кешенді шараның бір бөлігі ғана. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Алматыда жалпы құны 16 миллиард теңге болатын 15 қосалқы станса модернизацияланды және салынды. Сонымен бірге “АЖК” АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ғани Сәлімжуаров атап көрсеткендей, Азиада нысандарын, метрополитенді және іс жүзінде мегаполистің барлық аудандарын үзіліссіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі кезде тағы да 7 қосалқы стансаның құрылысы салынуда және қайта жарақтандырылуда. Олардың қатарында “ҚазМУ”-дан басқа “Отырар”, “Алатау”, “Ерменсай”, “Медеу”, “Шынбұлақ” және “16И Новая” қосалқы стансалары бар. Бұл стансалар биылғы жылдың соңына дейін толық пайдалануға берілмек. Осы кешенді жобаларды жүзеге асыру үшін 30,5 миллиард теңге күрделі қаржы игерілді.
– Қысқы Азия ойындары жақындаған сайын біз жұмыс қарқынын үдетудеміз, – деді Ғ.Сәлімжуаров. – Бұл ретте бізге қала әкімдігі және “Самұрық-Энерго” басқарушы компаниясы зор қолдау көрсетуде. Олардың үлкен түсіністігі және жан-жақты көмегінің нәтижесінде энергиялық кешенді дамыту үшін соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған қаржы бөлінуде. Тек бір ғана “ҚазМУ” қосалқы стансасын салу үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бір шақырым кабель жүйесін тартудың құны 120 миллион теңге тұрады. Энергетика жүйесін ауқымды модернизациялаудың тиімділігі де тайға таңба басқандай: 3,5 жарым жыл ішінде қалада 22 қосалқы станса (биылғы жылы іске қосылатын қосалқы стансаларды есептегенде) салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Орнатылған трансформаторлық қуат мөлшері 40 %-дан астамға арттырылды.
Ескеретін бір жай, іске қосылған жаңа нысандардың қуаты өндірістік көрсеткіштері жағынан ескілерінен әлдеқайда зор. Полиэтиленнен жасалған қорғағыштармен оралған (жер асты кәбілдері) электр желілерінің сенімділігі жоғары. Бұл желілердің өткізгіштік қабілеті үлкен, қауіпсіз, ең бастысы – ол электр қуатының нормативтен тыс шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. “АЖК” АҚ шараларының жоспары бойынша 2013 жылдың соңына таман нормадан тыс шығындарды толық жою қарастырылған.
Егер жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысандарға жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болса, жаңа стансаның жабдықтарына пайдалануға берілгеннен кейін 9 жыл өткеннен соң ғана бірінші тексеру жұмыстары жүргізіледі. Байланыс жүйелері тек 25 жылдан кейін ғана тексеріледі. Бұл техникалық қызмет көрсету шығындары жоқтың қасы деген сөз. Ол ол ма, мұнда кезекші қызметкерлер де қажет емес. Жұмысты диспетчер қаланың орталық басқару пультінде отырып-ақ компьютермен басқарады. Жаңа жабдықтардың тағы бір артықшылығы (трансформаторлардан басқа, вакуумдық реттегіштер орнатылған, ең соңғы үлгідегі автоматика және микропроцессорлар қойылған) ол аспаптардың апаттық жағдайда өшіп қалуын елеулі түрде азайтады. Басқаша айтқанда, қала тұрғындары электр жарығының өшкендігі жөнінде аз шағымданатын болады. Жөндеу бригадаларының шығындары азаяды.
– Ұзақ жылдар бойы біз электр қуатын үнемдегеніміз жоқ, керісінше электр энергетикасын үнемдедік, – дейді Ғ.Сәлімжуаров. – Соның салдарынан еліміз біртіндеп энергетикалық тапшылыққа ұрынды. Ал ескірген инженерлік инфрақұрылым ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыру жолындағы кедергіге айналды. Енді мемлекет еліміздің бүкіл экономикасының базасы болып табылатын электр энергетикасы саласының проблемаларынан сырт қала алмайтынын түсінді. Үкімет бұл ретте бірден-бір дұрыс стратегияны таңдады: жаңа қуат көздерін пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін және оларды басқару үшін мемлекеттік жылжымалы активтерді біріктірді.
Алдағы уақытта “АЖК” АҚ-тың алдында дамудың түбегейлі жаңа деңгейіне шығу және технологиялық серпіліс жасау міндеті тұр. Мәселен, Азиада нысандарына қызмет көрсету үшін салынып жатқан баламасы жоқ қосалқы стансалар әлі талай жыл бойы алматылықтар үшін мінсіз қызмет көрсететін болады. Тура бір жылдан кейін, “Кеңсай” қосалқы стансасының құрылысы біткеннен кейін ЖЭО-3-Кеңсай-Ерменсай жүйелері тұйықталады. Осының нәтижесінде Алматы аумағында жоғары вольтты шеңбер жасалады.
Қала әкімдігі бекіткен электр жүйесі нысандарын дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес 2020 жылға таман “АЖК” АҚ-тың барлық жабдықтары толық модернизациялаудан өтеді. Бұл ауқымды да кешенді бағдарламаны жүзеге асыру үшін 170 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАР.