22 Қыркүйек, 2010

Отандық фильмдер бақ сынайды

582 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Алматыда VІ халықаралық “Еуразия” кинофестивалі басталды Кеше Алматыда алтыншы рет “Еуразия” халықаралық кинофестивалі М.Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрында бүкіл сән-салтанатымен шымылдығын түрді. Сан рет сыналып, мінелсе де Орталық Азияның айшықты оқиғаларының біріне айналып үлгерген кинофестиваль дәстүрге сай әлемге әйгілі кино саңлақтарын қазақ жерінде тоғыстырды. Ал байқау бағдарламасында соңғы кезде түсірілген отандық фильмдер бақ сынайтын болады. Биылғы фестивальдің айтулы қонақтарының арасында соңғы кезде Қазақстанға жиі жолы түсіп жүрген Жерар Депардье, “Телохранитель” фильмі арқылы таныс америкалық актер Кевин Костнер, аты “Ти­­та­ник” фильмі арқылы шыққан Уиль­­ям Зейн, Ресей киножұлдыздары – Андрей Мерзликин, Лариса Голуб­­­кина, Людмила Чурсина, Ирина Купченколар бар. Екі бірдей “Ос­кар” сыйлығын алған актер әрі ки­норежиссер Кевин Костнер қазақ жерінде өзінің музыкалық тобымен өнер көрсететін болады. Аталмыш фестиваль әдеттегідей Республика Сарайында емес, орыс драма театрына көшсе, фестивальдің баспасөз орталығы да биыл “Almaty Towers” атты келіскен кешенге ау­ысты. Алғашқы баспасөз мәслиха­тын­да Ш.Айманов атындағы “Қазақ­фильм” АҚ президенті Ермек Аман­шаев, VІ халықаралық “Еуразия” кинофестивалінің арт-директоры Гүл­нара Әбікеева биылғы кинобай­қау­дың жай-жапсары туралы жан-жақты баяндады. Журналистермен кездесуге “Unіfrance” компаниясы­ның Орта­лық Азия және Шығыс Еуропа елдері бойынша жетекші маманы Жоэль Шапрон қатысты. Мұның да өз жөн-жосығы бар. Бағ­дар­ламада “Халық­аралық байқау”, “Қа­зақстандық панорама”, “Гала-премьералардан” бөлек, “Бүгінгі француз киносы” атты бөлім жұмыс істейді. Жүздесу кезінде Жоэль Шапрон өз компаниясын бұрынғы Мем­­ки­номен салыстырды, себебі “Unіfran­ce” компаниясы да француз кинема­тографиясын шетелдерде насихаттау ісімен айналысады екен. Алайда, елімізде қазіргі таңда түсіріліп жат­қан туындыларға көрермендердің ын­тасы артып келе жатқанына қара­мастан, бұл қызмет бізде кенжелеп тұрғаны да сөз болмай қалған жоқ. Сонымен биылғы “Еуразия” кинофестивалінде Қазақстан, Қыр­ғызстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжік­стан, Түркия елдерінен байқауға ұсынылған 32 фильмнің ішінен 12 картина бас жүлде үшін бақ сынай­тын болады. Жалпы, апта бойы Ал­матыны думанға бөлейтін кино­байқауда көпшілік қырыққа тарта кинотуындыны тамашалай алады. Оның ішінде соңғы екі жылда түсі­рілген отандық фильмдер де бар. Ал негізгі байқауға Қазақстанның аты­нан жуырда ғана көрермендеріне жол тартқан жас режиссер Фархад Шәріповтің “Қызғылт қоян туралы хикая” фильмі мен режиссер Ақан Сатаевтың атышулы “Адасқандар” триллері жіберілген. Сондай-ақ, фестиваль аясында жапон, неміс, орыс кинопродю­сер­лерінің қатысуымен қолға алынып жатқан қазақ киножобалары наси­хат­талатын болады. “Еуразия” кино­фес­тивалінің тағы бір жаңалығы – сандық форматқа көшірілген және өң­делген “Қыз Жібек” фильмі көрсетілмек. Сейсенбі күні кинофестивальдің салтанатты ашылу рәсімі әйгілі фран­цуз актері Жерар Депардьенің қатысуымен түсірілген режиссер Сәбит Құрманбековтің “Кешіккен махаббат” картинасына ұласты. Елі­міздің оңтүстігінде түсірілген бұл фильм туралы отандық БАҚ өкілдері аз насихаттаған жоқ. Дүйсенбі күні Депардьенің қатысуымен түсіру тобы баспасөз мәслихатын өткізген бо­ла­тын. Француз актері журналистерге берген сұхбатында қазақ киносына түсу өзіне аса ұнағанын атап: “Бұл фильм­де шындық пен өмір бар. Фи­льмді түсіру барысында қазақ актер­ларына бауыр басып кеттім. Мұндай фильмге қатысу үлкен тәуекелді қажет етеді. Себебі, мұнда ешқандай коммерциялық мүдде бол­ған жоқ. Мені фильмнің адами жағы қызық­тырды”, – деді. Айтқандай, “Қазақфильм” ки­но­студиясы мен “Tanarіs Productіon” кинокомпаниясы түсірген “Кешік­кен махаббат” фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған Жерардың өзі де қазақстандықтармен бірге оны бірінші рет тамашалады. Мен осы фильмді Парижбен бірге әлемнің басқа елдері тамашалау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – дейді француз актері. – Өкінішке қарай, кинемато­граф­тар­дың адамдықтан аттайтын кездері аз болмайды. Сондықтан да мен ұлттық бастауын, тамырын жоғалт­па­ған сіз­дердің елдеріңізде ерекше ілтипатпен киноға түстім. “Кешіккен махаббат” Жерар Депардье түскен жалғыз қазақ карти­насы емес. Жуырда ғана ол Парижде түсіру жұмыстары аяқталған ре­жиссер Талғат Теменовтің “Менің күнәлі періштем” фильміне түскен. Сонымен, сейсенбі күні “Еура­зия” кинофестивалінің аясында төрт бірдей баспасөз мәслихаты өтті. Таңертеңгілік журналистерге актер Уильям Зейнмен сұхбаттасудың сәті түссе, сәскеге қарай Халықаралық байқаудың қазылар алқасы баспасөз мәслихатын өткізді. Іле-шала ФИН­ПРЕССИ мен НЕТПАК қазылары қазақстандық БАҚ өкілдерімен ой бөлісті. Одан кейін ресейлік Ольга Ломоносова, Ирина Гринева мен Павел Сафо­новтар өз шығарма­шы­­лық­тары мен қазақстандық кине­матографияға қатысты пікірлерін ортаға салды. Қалай десек те, “Еуразия” ки­но­фестивалі отандық талантты режис­сер­лер мен актерларды, дарынды сце­нарийстерді бір жерге тоғыс­ты­ра­т­ын, танытатын, шығармашы­лық­та­рын алға жетелейтін думанды шара. Тәжірибе алмасатын, мерейлерін тасытатын тамаша орта. Сонымен кинофестиваль көрсе­ті­лімдерін жұртшылық “Арман”, “Це­зарь” кинотеатрлары мен “Ме­га”, “Sіlk Way Cіty” сияқты фес­ти­валь орталықтарынан тамашалай алады. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. -------------------------------- Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.