“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
ЖАБЫҚ КОНЬКИ ТЕБУ СТАДИОНЫ
Астанада Қысқы Азия ойындарына арналып салынып жатқан Есіл өзенінің сол жағалауындағы жабық коньки тебу стадионы – ТМД елдерінің ішінде теңдесі жоқ, бүкіл дүние жүзіндегі саусақпен санарлықтай ғана спорт ордаларының бірі.
Қазір жер-жүзі бойынша мұндай қысқы спорт түрлеріне арналған стадиондар алтау ғана болса, елорда төрінде бой көтеріп жатқан алып аренаның солардың ішіндегі ең сәулеттісі де, дәулеттісі де болатыны сөзсіз. Өйткені, оның еңсесі, биіктігін айтпағанда, төрт блоктан тұратын, қазіргі заман талаптарына сай үш қабатты жабық мұз айдыны, жеті қабатты қонақ үйі, бес қабатты фитнес-орталығы мен үш қабатты әкімшілік ғимараты болса, көрермендерге арналған 8711 орны бар.
Жақында стадионның салыну барысы, оның ойындарға дайындығы жөнінде мәлімет алу үшін алып кешенге барғанымызда, құрылыстың бас мердігері – түркиялық “Сембол – Улусларарасы” компаниясының басшыларынан өз ісінің білгірі, өзі бірнеше жылдан бері осы жұмыспен айналысып келе жатқан аталмыш фирманың сәулетшісі Алпар Тунамен кездесіп, одан бізді қызықтырған сұрақтарға жауап беруін өтінген едік.
– Өзіңіз сәулетшісіз ғой, сізге қалай, стадионның жобасы ұнады ма?
– Стадионның жобасын біз жасаған жоқпыз. Оны жергілікті мамандар жасаған. Жобасы жақсы, қазіргі заман талабына сай келеді. Жалпы, қай іс болсын жобадан басталады ғой. Құрылыстың жобасы жақсы, тартымды болса, жұмыс тез, ешқандай қиындықсыз жүреді.
– Сіздер құрылысты 2007 жылы бастадыңыздар ғой. Құрылысты кезең-кезеңге бөліп жүргізіп жатырсыздар ма?
– Иә, құрылыстағы жұмыс кезеңге бөлініп жүргізіліп жатыр. Бірақ, жұмыс кезінде біраз қаржылық жағынан, ауа райының қолайсыздығынан кедергілер болғанын айту керек.
– Жұмысты алдымен неден бастадыңыздар?
– Жобаның құжаттарын реттедік, содан кейін қазығын қақтық.
– Иә, ол түсінікті ғой. Сізден сұрайын дегенім, өзіңіз жақсы білесіз ғой, бізде мұндай стадион ешқашан салынбаған. Бұл спорт ордасы елімізде ғана емес, ТМД-да теңдесі жоқ стадион болып отыр емес пе. Қазығын қаққаннан кейін стадион бірден салынбаған шығар...
– Білесіз бе, қысқы спорт түрлеріне стадион салу оңай шаруа емес. Әр нәрсеге ұқыпты болу керек. Ең алдымен біз оның ішкі жұмыстарымен бірге, сыртқы жағын да сала бастадық. Бәрін бір-бірінен қалдырмай салу керек болды. Жаңағы айтқаныңыз дұрыс, мұндай Астанадағы сияқты коньки тебу стадионы Қазақстанға көршілес елдерде жоқ. Дүние жүзінде мұндай стадион саусақпен санарлық. Сондықтан біз оны салуды қолға алғанда мойнымызға жүктелген жауапкершілікті жақсы сезіндік. Жалпы, бұл стадионды біз коньки тебу үшін ғана емес, ең бастысы, мұнда әлемдік рекордтар жасау, оған болашақта барлық елдер таңдай қағып қарау, осы жерде көптеген халықаралық жарыстар мен турнирлер өткізу үшін салып жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – ертең көпшілік осы адамдар Қазақстанға коньки тебу стадионын салып, қолтаңбасын қалдырып кетті деп айта жүретіндей деңгейде жұмыс істеу.
– Дегенмен, стадионды мерзімінде бітіреміз деп Астананың қысында қиналған кездеріңіз болды ма?
– Біз 40 градус аязда да жұмыс істедік. Жергілікті мамандар, шетелдік қызметкерлер осының бәріне шыдады. Сонда да құрылысты тоқтатқан жоқпыз. Бірақ, шынын айту керек, қыста сылау, әктеу сияқты жұмыстарда қиындық болды. Иә, 2007-2009 жылдары құрылыс баяу жүрді. Ол енді қаржы мәселесіне байланысты болды. Осы мәселе шешілгеннен кейін, 2009 жылы құрылыстың тамырына қайта қан жүгірді десе болады.
– Құрылыстың қай тұсында қиындықтар кездесті?
– Жобалау құжаттары толық жасалмаған екен. Сосын, жаңа айтқанымдай, қаржы уақытымен берілмеген кездер кездесті. Ал жұмыс кезең-кезеңге бөлінген соң айтарлықтай қиындық туындаған жоқ.
– Стадионның қауіпсіздігі қаншалықты ескерілген?
– Бұл стадионның өзі технологиялық нысан. Сондықтан оның ең басты маңызды жері – қауіпсіздігі. Бұл мәселемен негізінен стадионның қауіпсіздігіне жауап беретін голландиялық мамандар айналысады. Ал біз болсақ, тек құрылыстың бас мердігеріміз.
– Құрылыста неше адам жұмыс істеп жатыр?
– 910 адам.
– Қалалық құрылыс басқармасы сіздерге қандай талап қойып отыр?
– Басты талабы – құрылысты Азиада қарсаңында бітіру. Біздің ойымызша, ол осы жылдың соңында бітеді. Өйткені, стадионның өзі өте күрделі нысан. Ол бірнеше блокқа бөлініп салынуда. Мәселен, ең үлкен “А” блогында жабық мұз айдыны болады. Оның аумағы – 35 970 шаршы метр. Мұнда көрермендердің кіріп-шығу есігі, санузел, спортшыларға арналған орындар, медициналық-тәрбиелеу орталығы, төрешілер бөлімдері, БАҚ өкілдеріне, касса, техникалық жабдықтар, мұзды алмастыру көліктеріне арналған орындар болады. Екінші қабатында трибунаға баратын есіктер, баспасөз мәслихаты өтетін зал, үшінші қабаты көрермендердің қауіпті жағдай болғанда сыртқа шығатын қосалқы есіктерге, асханасы бар банкеттік залға, диспетчерлік орталыққа, VІP ложасы мен техникалық орындарға арналған.
“Б” блогының бірінші қабатында қонақ үй, мұз айдынына кіретін вестибюль болады. Қонақ үйде әкімшілік, тіркелу орны, брондау бюросы, заттар сақтау бөлмелері, байланыс, вестибюль бөлмелері салынады. Қонақ үйде 44 нөмір болады және ол тек спортшыларға арналады.
“В” блогында фитнес-орталық орналасады. Онда киім ауыстыру бөлмесі, дәмхана, екі баскетбол алаңына арналған спорт зал, кардиотренажер, аэробика, йога, пилатеса және басқа да залдар болады. Сондай-ақ, онда косметология бөлмесі ашылады. Ал “Г” блогы стадионның әкімшілік және инженерлік-техникалық қызметіне арналады. Жалпы, мұнда спорттық жарыстармен бірге жаттығулар өткізуге де жағдай жасалады. Мәселен, айдынның 400 метрлік жолы коньки тебу жарысына арналып салынуда. Сонымен бірге, онда шорт-трек, хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау жарыстарын өткізуге болады.
– Стадион қазір неше пайызға дайын?
80 пайызға. Әктеу-сырлау сияқты аз ғана жұмыстары қалды. Мұз айдыны қараша айында салынады, одан кейін ол тағы да қайта жасалады. Сөйтіп, екі рет сынақтан өткен соң желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Қысқасы, осы кезде стадионға тағы келіп, оның Азиадаға дайындығын көрулеріңізге болады.
* * *
КҮН САЙЫН ЖАҢА ҰСЫНЫС, ЖАҢА ТІЛЕКТЕР
Осы күндері қысқы Азия ойындарына байланысты спорт басшылары жиі кездесіп, жарысқа дайындық мәселелерін талқылауда.
Жуырда сондай жиындардың бірі Туризм және спорт министрлігінде өтті. Онда Азиадаға неше елден өтініш келіп түскені және жарысқа қатысатын Қазақстан спортшыларының саны белгілі болды. “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың президенті Анатөлі Құлназаровтың айтуынша, Азиадаға ең көп қатысатын спортшылар біздің елден болады. Барлығы – 167 спортшы. Ал Қытайдан жарысқа 140-тан астам спортшы келеді деп күтілуде. Сонымен бірге, ол қазір қысқы ойындарға қатысуға 24 мемлекеттен өтініш келіп түскенін, тапсырыс беру мерзімі 1 қараша күні аяқталатынын айта келіп, жалпы Азиаданы 350 мың жанкүйер тамашалайтын болса, шет елден Қазақстанға 10 мыңнан астам туристің келуі күтіліп отырғанын жеткізді.
Екінші жиын Алматыда VІІ Қысқы Азия ойындарының әнұранына байқау жариялау мәселесіне арналды. Мұнда қай тілде жазылған әнұран жеңімпаз деп танылса, Азиаданың ашылу және жабылу салтанаттарында ол сол тілде шырқалатыны белгілі болды. Жиында байқауды ұйымдастырушылар жарыстың әнұраны халық пен спортшылардың рухын оятатын болуына, жаттауға жеңіл және спорттық үлгіде жазылуы тиіс екеніне назар аударылатынын айтты. Дегенмен, “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың вице-президенті Евгений Никитинский жеңімпазды анықтау кезінде басымдық мемлекеттік тілде жазылған әнұранға берілетінін жасырмады. “Сондықтан, – деді ол, – қазақ тілді ақындар мен композиторлар байқауда барын салулары тиіс”.
Осы басқосуда байқаудың қазылар төрағасы болып аталмыш дирекцияның президенті Анатөлі Құлназаров, оның орынбасары болып белгілі әнші әрі композитор Жеңіс Сейдоллаұлы, қазылар құрамына Қыдырәлі Болман сияқты тағы алты әнші, композиторлардың кіргені жария етілді. Сөйтіп, байқауды ұйымдастырушылар комитетінің мүшелігіне барлығы 9 маман еніп отыр. Олар өздеріне түскен ұсыныстарды 1 қазанға дейін қабылдайды. Ал 7 қазан күні оның қорытындысы шығарылады. Сол күні Алматыда үлкен гала-концерт өтіп, ашық дауысқа салудың нәтижесінде Азиаданың әнұраны анықталады.
Жиында байқаудың ережелерімен таныстырған Қыдырәлі Болман музыкалық шығарманың ұзақтығы бес минөттен аспауы керектігін және әнді бір бөлек, мәтінді бір бөлек жазамын деушілерге мүмкіндік берілетінін жеткізді. Сөз орайында айта кетсек, мұның алдында Азиаданың әнұраны болып әнші Ерболат Құдайбергеновтің “Мен қазақпын” әні қарастырылған болатын. Бірақ, Азиаданы ұйымдастырушылар кеңесе келіп, әнұранның спорттық принциптерге сай болуы керектігін ескеріп, Азиаданың әнұранына байқау жариялау жөнінде шешім қабылдаған екен. Байқаудың жеңімпазына 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беру мәселесі де сол кезде шешіліпті.
Келесі жиын “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитеттің атқарушы дирекциясы” АҚ пен “Қазақтелеком” ААҚ GSM “Қазақстан” ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы келісім хаттамасына қол қою мәселесіне арналды. Осы жиында, келісімге сәйкес, K Cell компаниясына “Азиада-2011” ұялы байланыс операторы мәртебесі берілді.
Қазіргі күні “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың мәліметтеріне қарағанда, GSM Қазақстан/K Cell Азиада үшін байланыс желісін әзірлеумен айналысуда. Мәселен, Астана мен Алматыда спорт нысандары мен қонақ үйлерден, ойындар кезінде пайдалануға берілетін басқа да жерлерден сынақтан өткізу және сол жерлерге қосымша жабдықтар орнату жұмыстарын жүргізуде. GSM Қазақстан/K Cell-дің бас қаржы директоры Толга Көктүріктің айтуынша, жарыстың ресми ұялы байланыс операторы болу компания үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Сондықтан компания Азияда кезінде тұтынушыларды сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету үшін бәрін жасамақ. Сонымен бірге, Т.Көктүрік Азиада кезінде өз абоненттеріне қызықты ақпарат алу үшін қосымша қызмет түрлерін ұсынатындарын айтты.
Осы жиында белгілі болған тағы бір жаңалық, компания ойындарға қатысушылар мен қонақтарды сапалы ұялы байланыспен және мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін қосымша базалық стансалар орнататын болады. Ол үшін, әрине, қосымша техникалық персонал жұмысқа тартылады.
* * *
МЕЙМАНДАР ҮШІН – КӘДЕСЫЙЛАР
Астанада Есіл өзенінің сол жағалауындағы “Сарыарқа” ойын-сауық орталығында ашылған Қысқы Азия ойындарының кәдесыйлық өнімдеріне арналған ресми павильон астаналықтар мен қала қонақтарына, жарысқа қатысушылар мен шет ел туристеріне төмендегі өнімдерді ұсынатын болады.
Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, павильон алдағы кезде басқа да кәдесыйлар, яғни сувенирлермен толықтырылады. Сонымен бірге, “Сарыарқа” ОСО-дағы кинотеатрда ағылшын тілінде фильмдер көрсетіліп, “Мәдени Азиада” жобасының аясындағы бұқаралық іс-шараларды тамашалау үшін осы жерден арнайы автобустар ұйымдастырылады.
* * *
АҚЖОЛТАЙ!
Азиадада Қазақстан делегациясы мүшелерінің әрқайсысы 2,5 мың долларға киінеді.
Киімдердің үлгісін жасап, тігумен жапондық “Мизуна” фирмасы айналысуда.
Киімдерге тапсырыс беріліп қойылған. Олар қара-көк түсті болады. “2010 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың мәліметтеріне қарағанда, әкімдік тарапынан қызмет көрсететін адамдар, “Мәдени Азиада” жобасына қатысушылар мен жарыстың алауын ұстап жүретіндер басқа түстегі киімдер киеді.
Қазақстан делегациясының осыншама қаржыға киінуі “Самұрық-Қазына” қорының демеушілігі есебінен мүмкін болып отыр. Қор Азиадаға 3 млрд. доллар көлемінде қаржы бөлетін болды.
* * *
АЗИАДА АЙШЫҚТАРЫ
Ресейлік ақпарат құралдарының қауіпсіздігімен айналысатын “Доктор Веб” компаниясы Қысқы Азия ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ресми әріптесі болып таңдап алынды.
“VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың вице-президенті Мағжан Қанғожиннің айтуынша, қазіргі кезде соны ақпараттық технологиялар жарыстарда жиі пайдаланылады. Ресейлік компания бұл іспен бірнеше жылдан бері айналысуда. “Доктор Веб” компаниясының бағдарламалары аталмыш дирекцияның ІТ-мамандарының ғаламторға шабуылдан, жұқпалы вирустар мен басқа да ойындардың жұмысына кері әсер ететін нәрселерден қорғауға мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге, ол қысқы Азиаданы тікелей көрсетіліммен қамтамасыз ететін электронды табло, жарық анимациясы, төрешілер комиссиясының қабылдаған шешімдері, метеоқұрылғылар мен сандық техника “Доктор Веб” компаниясының қорғауында болатынын мәлімдеді.
* * *
Астанада “VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ пен БТА банк арасында жасалған келісімге сәйкес, “Сарыарқа” ойын-сауық орталығында қызмет көрсетудің жаңа интерактивті орны ашылды.
Онда теңге және басқа да валюталарға арналған банкоматтардың, ақша айырбастау аппараттары мен тәулік бойы жүзден астам кассалық операцияларға кіруге мүмкіндік беріп, тәулік бойы жұмыс істейтін төлемақының автоматтандырылған қызмет көрсету түрімен айналысатын Cash and Pay терминалы жұмыс істейтін болады.
“2011 жылғы Қысқы Азиаданы” ұйымдастыру комитетінің Маркетинг, ақпараттық және имидждік қолдау департаменті директорының орынбасары Әлібек Әлдинейдің пікірінше, жаңа ашылған интерактивті орын мобильді банк инфрақұрылымын жасаудағы кезеңдердің бірі болып табылады. Осы жерде тұтынушылар банктік аударылымдар, ақша айырбастау мен басқа да операцияларды жүргізе алады.
* * *
Елордада қысқы Азия ойындарына арналған суретшілер туындыларының байқауы басталды.
Оған қаланың 7 мен 13 аралығындағы жас суретшілері қатысып, “Астана мен Алматы VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізеді” атты тақырыптарға сурет салып, өнерлерін көрсетуде. Азия ойындарын өткізу жөніндегі астаналық дирекцияның мәдени шаралар бөлімінің бастығы Ербол Жайлауовтың айтуынша, Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған бұл байқаудың мақсаты – жасөспірімдер мен балаларға өнер арқылы мәдениет пен саламатты өмір салтын насихаттау.
Конкурстың қорытындысы 27 желтоқсан күні шығарылады. Жеңімпаздарға сертификаттар мен түрлі сыйлықтар тапсырылады.
* * *
Азия ойындарына бас демеуші болған “Самұрық-Қазына” қоры елімізде тұңғыш рет өтетін жарысты “Eurosport” телеарнасынан көрсету үшін аталмыш ақпарат дирекциясы өкілдерімен келіссөздер жүргізуде.
Осы мәселеге байланысты жуырда “VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ президенті Анатөлі Құлназаров “Eurosport” телеарнасының жетекшілері Томас Биорет және Сача Лэйермен кездесті. Кездесуде қонақтар бүкіл Еуропаға Қазақстанда өтетін жарысты көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. “Біздің арна – олимпиялық арна. Ол тәулігіне 24 сағат қызмет етеді. Азия құрлығында өтіп жатқан жарыстар біз үшін өте қызықты”, – депті Т.Биорет.
* * *
Жуырда Ұлыбританияның бір топ журналисі Астанаға келіп, Азиаданың ашылу салтанаты өтетін жаңадан салынған жабық стадионмен танысты.
Осыдан кейін “Тұманды Альбиондағы” туризм тақырыбына маманданған әріптестеріміз сол жағалауды аралап, Бейбітшілік және келісім сарайы, “Бәйтерек” монументі мен Мемлекет басшысының Ақорда резиденциясының алдындағы алаңда болды.
Британиялық журналистерді Астананың көрікті жерлерімен “VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың вице-президенті Серік Құлмырзаев таныстырып жүрді. Оның айтуынша, оларға елорданың ұнағаны соншалық, шетелдіктер Азиадаға міндетті түрде келіп, Қазақстанның басқа өңірлерімен танысуды жоспарлауда көрінеді.
* * *
Жақында Астанада өткен “Астана аруы-2010” байқауында “VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ алдағы жарысқа арналған өзінің “Спорт аруы” номинациясын ұсынды.
Осы байқауда аталмыш номинация бойынша № 30 мектеп-гимназияның оқушысы Әдия Нұрәлиева жеңімпаз атанып, дирекция тағайындаған Азиаданың символикасы бар таза кристаллға ие болды. Конкурсқа қатысқан басқа да бойжеткендер Азиаданы ұйымдастыру комитетінің атынан естелік сыйкәделер алды.
Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.
------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.