Газеттің кешегі нөмірінде хабарлағанымыздай, 20 қыркүйек, дүйсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы өз жұмысын бастады. Оған 140-қа жуық елдің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ бірқатар мемлекеттің сыртқы істер министрлері қатысуда. Ал қазақстандық делегацияны Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастап жүр.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы ашық деп жарияланған соң, сессия отырысына төрағалық етуші швейцариялық Иозеф Дайстың хабарламасынан бұл сессияда осыдан он жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі Мыңжылдық саммитінде қабылданған құжат – Мыңжылдықтың даму мақсаттары негізгі тақырып болатыны бірден аңғарылды.
Көп кешікпей сөз БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға берілді. Тәжірибелі саясаткер регламенттен аспай, өзінің ой-тұжырымын салмақтылықпен ортаға салды. Бас хатшының атап өтуінше, осы еңселі ғимаратта осыдан 10 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі саммиті өтті. Онда ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Мыңжылдықтың даму мақсаттарын нақтылап, мемлекеттер өздеріне міндеттемелер қабылдады. Содан бергі уақыт ішінде кедейшілікпен күрес, балаларды мектепке тарту, ана мен баланың өлімін қысқарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды.
Шешен сондай-ақ шешімін күткен мәселелердің бар екеніне де тоқталды. Бас хатшының сөзіне қарағанда, кейбір мемлекеттердің халқы аштықтан әлі арыла қойған жоқ. Жас балалар мен қыздар ауыр жұмыстарға жегіледі. Осыған байланысты Пан Ги Мун осы жылы Африкадағы оншақты елде сапармен болғанын, ондағы жағдайдың қиын екенін, олар көмекті қажет ететінін алға тарта келіп, осы және басқа проблемаларды көп болып қолға алғанда ғана шешуге болатынын атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысы атап өткен мәселелер қаржы-қаражатсыз шешілмейді. Сондықтан болар, бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларына сөз берілді. Мысалы, Бүкіләлемдік банк төрағасының келтірген мәліметіне қарағанда, бүгінде банк 180-ге жуық мемлекетпен жұмыс істейді. Бұдан 30 жылдай бұрын дамушы елдердің 20-25 пайызының экономикасы қиын жағдайда болатын. Соңғы жылдары олардың саны екі есеге азайды. Дамушы елдерге банк пайыздық өсімсіз несие беріп келеді. Африка құрлығындағы мемлекеттердің экономикасында өсім байқалады. Соңғы үш жылда африкалықтар экономикасының өсімі 5 пайызды құрады. Дегенмен, ондағы халықтың көпшілігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр. Сондықтан оларға шағын бизнеспен айналысуға жағдай жасау керек.
Ал Халықаралық валюта қорының директоры Доминико Канның хабардар етуінше, кедейліктің негізі жұмыссыздықта жатыр. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайды тіпті қиындатып жіберді. Дүние жүзінде 33 миллионнан астам адам жоқшылықтың зардабын тартуда.
Халықаралық қаржы ұйымдары басшыларының сөздерінен соң, БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының пленарлық отырысы басталды. Отырыста Франция Президенті Николя Саркози, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Боливия Президенті Эва Моралес, тағы басқа да мемлекеттердің басшылары сөз алды. Франция Президенті мыңжылдықтың даму мақсаттары айқындалғалы бері бірқатар мәселелерде ілгері басушылықтың бар екендігіне, сондай-ақ жаһандық қаржы дағдарысының екінші рет қайталануына жол беруге болмайтындығына, егер қайталанса, ол бүгінгіден де жаман қиындықтарға соқтыратынына тоқталды.
Өзбектан Президенті Ислам Каримов өз сөзіне негізінен Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды арқау етті. Өзбекстан басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде дінаралық, этносаралық жанжал жиі көрініс беруде. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдай күрделі. Оны тұрақтандырудың балама жолын қарастыру қажет. Бұған Ислам Каримов Өзбекстанның “6+3” атты ұсынысын қолға алу керектігін айтты. Бұдан кейін Өзбекстан Президенті Қырғызстандағы оқиғалар жөніндегі өз ойын ортаға салды. Президенттің пікірінше, Қырғызстандағы төңкерістен кейін этносаралық қақтығыс орын алды. Жүздеген адам опат болды, босқын атанды. Оған Қырғызстан билігі кінәлі.
“Өзбекстан сол күндері 100 мыңға жуық босқынды қабылдады, – деді ол осы жайында. – Шекарамызда біз тұрақтылықты сақтадық. Соның арқасында этносаралық жанжалға жол берілмеді. Қазіргі кезде Қырғызстан көршілерімізден, халықаралық ұйымдардан гуманитарлық көмек алып жатыр”. Осылай дей келіп Ислам Каримов БҰҰ-дан Қырғызстандағы жанжалға байланысты тәуелсіз сарапшылар жіберуді өтінді.
Ал Қазақстанның кедейшілікке, аштыққа және гендерлік теңсіздікке қарсы күресте қолға алып жатқан іс-шаралары жеткілікті. Еліміз БҰҰ-мен ынтымақтастық аясында әлемдік экономиканы басқарудың жаһандық механизмін қалыптастырып, кедейшілікті азайту ісінде елдер арасында интеграцияны дамыту есебінен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді жақтап келеді. Демократиялық, ашықтық және заңдылық қағидаттары негізінде халықаралық қаржы институттарын басқаруды реформалау, халықаралық қаржы ұйымдары шешім қабылдау кезінде дамушы елдердің де дауыс беруін жүзеге асыру қажет деп есептейді. Сонымен қатар, жаңа гендерлік архитектураны ұлттық негізде және халықаралық деңгейде дамытуға күш жұмылдыруда.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының аясында дүйсенбі және сейсенбі күндері сессияға келген бірқатар шетелдік жауапты тұлғалармен екіжақты кездесулер өткізді.
Мемлекеттік хатшының әріптесі, Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен болған кездесуінде екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай тереңдету мәселелері талқыланды. Қытай дипломаты қазақтың “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген мақалын келтіре отырып, Қазақстан – Қытай газ құбыры құрылысының екінші кезеңі басталғанын, бұл екі елдің стратегиялық әріптестігінің нақты көрінісі екендігін атап өтті. Тараптар сондай-ақ Қырғызстанға көмек беру жөнінде де пікір алмасты. Бұл елге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер де көмек қолын созатын болады. Сонымен бірге, дипломаттар келесі жылы ШЫҰ-ның құрылғанына 10 жыл толатынын да атап өтті.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.