22 Қыркүйек, 2010

Депутат Әкімов қайда жүр?..

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Газеті­міздің бұ­рын­ғы санда­рын­да біз қалалық мәс­лихаттың де­пу­таттары атанып, кейіннен “тәр­тіпсіздіктері үшін” көзге түсіп қал­ған кейбір “халық қалаулы­лары” жайлы жазған бола­тын­быз. Оның бірі – “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаты, “Нұр Отан” пар­тия­сының мүшесі Сергей Тупицын бол­са, екіншісі – осы мәс­ли­хат­тың хат­шы­сы Владимир Лебедь. Ел құлағы елу дейді. Нәтижесінде, С.Тупицын сот­талып, Семей жақ­тағы түрмелер­дің бірінде жазасын өтесе, ал хат­шы­сы орнынан кетіп, қазір қалалық мәс­лихатты Михаил Желнов басқарады. Одан кейін де мәслихатқа оның не екенін әлі түсіне қой­май­тындай кө­рінетін Мирхат Серік­баев, Арман Әлиакпаров сияқты “бала” депутат­тар келді. М.Серік­баев­тың кезінде “Сәт­­баев­қа неге ескерткіш қой­дық?” деп жергілікті теледидарға шы­ғып сұрау салғаны бар. “Е, қайт­сін енді, әлі жас қой, түсінер”, дедік. Осындайда, қа­лай десек те, орыс­ша білім алып, тәрбиеленген “бала” депутаттарға қа­рап күйіне­ті­нің рас. Кей-кейде А.Әли­акпаров­тың да теледидардан журналистерге сұхбат беріп тұрғанын көріп, қарның ашады. “Шіркін, біздің елдің халықтың қамын жейтін шын патриот жігіттері қайда жүр екен”, деп амалсыздан ойланасың. Біз бұл жерде Арман Әлиакпа­ров­ты сынап-мінейік деп отырғаны­мыз жоқ, қайта жас жігіт осындай дәре­жесін әрі қарай дамытып, шың­дал­сын дейміз-дағы. Екінші­ден, халық депутат болып мақсат-мүдде үде­сінен шыға алатын, ел-жұрттың алдында “күлкілі” кейіп­те жүр­мей­тін білімі кең, ой-өрісі жо­ға­ры адам сайланғанын қалайды. Жергілікті билік орын­да­рының “мы­на бала депутат болсын” деген  “жолдамасымен” өтіп кететін­дер­дің соңынан шикілігі шы­ғып жата­ты­ны да қайбір жақ­сылық дейсіз. Тағы бір таң­қаларлығы – бізде қалалық мәс­ли­хатқа депутат болып сайланған жас­тардың міндетті түрде қазақшасы ақсап жатады әрі ол аздай, қазақы тірлікке сол көзбен қарайтындар болып шығады. Сіләмбек Әкімов қалалық мәс­лихатқа депутат болып сайланған­да біраз жұрт “бұл қалай болды?” деп таңданыстарын жасыра алма­ған-тын. Ал қазір сол Сіләмбек Әкімовтің қай­да жүргендігі туралы ешкім біл­мейді. Ол жайында қала­лық мәс­ли­хат­қа хабарласқаны­мыз­да, мәсли­хат­тың хатшысы Ми­хаил Желновтан: “Біз де білмейміз қайда жүргенін, ол жағы бізге де мәлім емес”, деген жауап алдық. Сөйтсек, С.Әкімов шынымен де қалалық мәслихаттың 25-ші және 26-шы сессияларына қатыс­папты да. Ал мәслихат аппараты­ның қызметкерле­рі оны іздеп, жұмыс, үй және ұялы телефон­дарына хабарласса да, оны табу мүмкін болмаған. Сон­дық­тан депутаттың сессия жұмыс­та­рына келмеу себебі туралы нақ­ты тұжырым жасау да мүмкін емес екен. Ал еліміздің “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ту­ра­лы” Заңының 20-бабы 3-тармағының 9-тармақшасында депутат өз міндет­терін жүйелі түрде орындамаса, оның ішінде мәслихат сессиясының жалпы отырысына дәлелді себептерсіз қа­тарынан үш реттен артық қатыспаса, мәслихат депутатының өкілеттігі тоқтатыла­ды деп көрсетілген. Аталған баптың 4-тармағына сәйкес, депутат­тың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқ­тату туралы шешім аумақтық сай­лау комиссиясының ұсынуы бой­ын­ша, қатысып отырған депутат­тардың жалпы санының көпшілік дауысымен мәслихат сессиясында қабылданады. Бұл – бір. Екіншіден, “Нұр Отан” ХДП қалалық бөлімшесінің биыл­ғы жылғы 10 маусымдағы қау­лысымен С.Әкімов партия мүд­десіне зиян келтіретін, партияның беделін түсі­ретін іс-әрекеттері мен басқа да әрекеттері үшін; партия жарғысын сақтамағаны үшін, “Нұр Отан” пар­тия­сы қатарынан шығарылған болатын. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.