Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге дайындалу және тойлау жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Бейнеселекторлық кеңес түрінде өткен отырыс жұмысына Президент Әкімшілігінің басшылығы, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті атқару органдарының басшылары, сол сияқты үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері қатысты.
Ұйымдастыру комитетінің мүшелері ҮЕҰ-лардың, жастар ұйымдарының, партиялардың, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдерінің қатысуымен әзірленген Тәуелсіздіктің 20 жылдығын Астана қаласы мен елдің барлық өңірлерінде атап өту тұжырымдамасының жобасын талқылады. Сол сияқты республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаудың жалпыұлттық жоспарының жобасын дайындау мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Талқылауға Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаттары Динар Нөкетаева мен Айгүл Соловьева, Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, сондай-ақ “Қазақстан Жастары конгресі” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов, Қазақстан заң университетінің президенті, “Әділет” партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев, “Ақ жол” ҚДП төрағасы Әлихан Байменов, т.б. қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, ұсынылған жобаны толықтыра түсу жөнінде тапсырма берді.