Ел мен жерді танытқан экспедиция
Алмахан байыппен бастаған ісін мұнымен шектеген жоқ. Өзге әріптестерімен ынтымақтастықта жұмыс істеп, іргелі шаруалар атқарды. «Абай нұры» атты дарынды жастардың клубын ашып, оқушылар мен студенттерді өнерге баулыды. Әсіресе, Абайтану ғылыми-танымдық орталығы ұйымдастырған «Ұлылар мекеніне саяхат» экспедициясы елордалық және өзге өңірлік екі жүзге тарта зиялы қауымды, тіл жанашырларын, қоғам белсенділерін, өнерлі жастарды керемет құндылықтарға қанықтырды. Бас шаһардан шығысқа бет түзеген автобус Ертістің жағасындағы Кереку елін басып өтіп, Семейге табан тірейтін. Алашшылдардың қаласында ат шалдырған олар ары қарай Жиделіге жол тартатын еді. Шыңғыстаудың бөктерін жағалай, Абайдың қыстағына қонақ болса, сәл ілгерідегі Мұхтарды дүниеге әкелген Бөрілі топырағына тәу ететін. Бұл сапардан Еңлік пен Кебектің махаббатына куә болған, қос мұңлықтың көз жасы сіңген сай да, «Қорғансыздың күні» оқиғасындағы Ғазизаның зарлы үнін жұтқан қайран дала да тыс қалмады. Абай мен Әйгерімді табыстырған орта шоқы да жол-жөнекей көкірекке әлдебір сағынышты құя салатын…
Абайтану орталығының директоры республикалық «Астана ақшамы» газетінен «Абай нұры» айдарын ашып, ақынға қатысты көптеген деректерді ұсынғанын көпшілік біледі. Орталықта өткен дөңгелек үстел отырыстары, мәжілістер, семинарлар ел ағаларының аузынан руханияттағы талай түйткілді айтқызса, ұстаздарға «Абайтану» пәнінен дәріс оқуға рұқсат беретін сертификаттар табыстады. «Абай биігі – ұлт биігі», «Әнді сүйсең, менше сүй» бағдарламалары қолға алынды. Бұл жұмыстардың барлығы ешқандай тапсырыссыз, тек ұлт абызына деген жанашырлықпен іске асқанын еске саламыз.
Төрт жылмен шектелген тарих
Сәл кейінге шегінейікші, шындығында Абай орталығын ашу заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің арманы еді. Оның ұйымдастыруымен 1942 жылы ақынның әдеби мұрасын зерттеу басталды. Тәп-тәуір жолға қойылған жұмыс әлдекімдерге ұнамаса керек, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1947 жылғы идеологиялық қаулысынан кейін, орталық есігіне қара құлып салынды. Одан кейін, 1987-1998 жылдары Абайтану ғылымы өрісін еркін кеңейтуге мүмкіндік алған. Сол тұста М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болған білікті ғалым Шериаздан Елеукенов ұлы ақын мұрасын зерттеу ісіне баса назар аударып, қазақ әдебиетінің тарихы бөлімін Абайтану және қазақ әдебиеті тарихы бөлімі деп қайта ашқан. Өнімді еңбек ете бастаған ұжымның зерттеу жұмыстары қарқын алғаны сол еді, төрт жылдың шамасында қаржы мәселесіне байланысты тоқырап тынды. Алмахан ашқан Астанадағы Абайтану орталығы да төрт аяғын тең басар шағында – төрт жыл ғана ғұмыр кешіп, тоқтады да қалды. Соңғы өкініштің себебі көп. Бастысы, орталық пана тапқан Қазақстан-Ресей университеті жабылды. Ал қарашаңырақтың қасиетін арқалап қалған Алмахан Мұхаметқалиқызы осы жылдар ішінде жинаған аса құнды жәдігерлерін қоярға жер таппай табанынан тозып жүр. Жоғарыдағы үш оқиға Абайды тануға арналған жобаның жекелеген мекемелердің меншігінде емес, мемлекеттің қанатының астында болу керектігін айқын аңғартты.
Ақыннан ештеңе аямасақ еді…
Өзгені жарылқауға шеберміз. Астанадағы белді оқу орны саналатын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ішінде Конфуций институты бар екен. Жеке кітапханасы мен киноклубы жұмыс істейді. Қызметтерінің бірсыпырасына ғана көз жүгіртіп көріңіз: қытай тілінің түрлі курстарын ашу, қытай тілі мұғалімдерін дайындауға көмек көрсету, қытай тілі мен мәдениетіне байланысты әр түрлі жарыстар мен ғылыми жұмыстар, мәдениетіне қатысты шаралар ұйымдастыру. Қытай ғұламасы біздің насихатымызға зәру ме? Өкініштісі, өзгеге құштарлығымыз мұнымен шектелмейді. Ал Абайға келгенде, жүрегіміз жібімейді.
Белсенділері мен зиялылары көп елімізде «Абайтану орталығына жөні түзу баспана керек» деп сабылып жүрген азаматтар санаулы-ақ. Күні кеше ақын мұраларын зерттеп жүрген ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен әңгімемізде осы мәселе кеңінен сөз болды. Оның айтуынша, орталыққа арналған мекеме тұрғызу үшін әу баста Астанадан жер бөлінген. Алайда, істің арты сиырқұйымшақтанып бара жатқан көрінеді. Басқасын жарытпасақ та, Абайдан ештеңе аямасақ еді. Амал нешік?..
Қазақтың бас шаһарында қазақтың бас ақынын насихаттайтын бір институттың болмауы, расында арымызға сын, ұлттығымыздан ұят. Ұлы ақынның шығармалары әлемнің 116 тіліне аударылды, кітап болып басылды. Түркия, Германия, Ресей, Қытай, Корея сынды мемлекеттерде Абай атындағы көшелер, орталықтар және ескерткіштер бар. Мақтанамыз-ау! Ендеше, неге өз астанамыздан ұлтарақтай жер бөлмеске?! Еңселі ғимаратты тұрғызып, іргелі істерді жасайтындар ел ішінен-ақ табылар еді.
Айтпақшы, биыл елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Бес миллион қонақ келетін маңызы биік шарада қазақтың бары мен нарын ұсынбақпыз. Сонда алып Абайымыздың тас мүсінінен басқасы – құны өлшеусіз мұралары тасада қалмақ па?
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»