Бейбітшілік және келісім сарайында Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен “Қуан, сәби!” деп аталатын қайырымдылық акциясы аясында Астана қаласы балалардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен “Астана таңы – сәби күлкісімен” атты мерекелік іс-шара өтті.
Біз өмір сүріп жатқан қоғамның ең әлсіз, қолдауды аса мұқтаждықпен қажетсінетін топ – жетім балалар. Жанға бататыны, ондай жандар қатары бүгінде күн санап өсуде. Олардың аз бөлігі – ата-аналарының қайтыс болуына байланысты жетім қалса, қалғандары “әлеуметтік жетімдер” деп аталатын топқа жатады. Яғни, әлеуметтік жетімдер деп ата-анасы бар, бірақ олардың қамқорлығынан тыс қалып қойған балаларды айтамыз. Ресми деректерге сүйенсек, отанымызда 4,5 миллион бала бар екен. Республика бойынша соның 46 мыңы ата-ана қамқорлығынан айырылғандар. Бүгінде олардың 16 мыңын мемлекет өз қарауына алып отыр.
Бұл балалар отбасылық өмірдің берекесі мен ата-ана махаббатына мұқтаж жандар. Жетім көрсең жебей жүр деп, бұл шара қамқорлықсыз қалған балалардың санын азайтуға арналып отыр. Әрине, жетім балаларға Үкімет тарапынан ғана көрсетіліп отырған қолдау аздық етеді. Олар ана мейіріміне, әке қамқорлығына, ата мен әженің аялы алақанына мұқтаж. Оларға қолдау көрсетіп жүргендердің “Монтаж Дроб Сервис” ЖШС директоры Қайырбек Әбілдинұлы, “ДорДасТрейд” ЖШС коммерциялық директоры Мұрат Сарин, “Астанастройэнерго” ЖШС директоры Еркеғали Темірғалиұлы сияқты бас-аяғы жеті азаматтың жүргенін айта кеткеніміз абзал.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, Еуразия Ұлттық университетінің студенті.