Б.Т.Жұмағұловты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындау туралы
Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы қыркүйектің 22-сі №1065.
* * *
Бақытжан Тұрсынұлы ЖҰМАҒҰЛОВ
1953 жылы туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар. Профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Университетті тәмамдағаннан кейін ғылыми-оқытушылық қызметпен шұғылданды. ҚазМУ-дің проректоры, республика Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, президенті қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым бірінші вице-министрі, Мемлекет басшысы Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Премьер-Министр Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне тағайындалды. “Отан” республикалық саяси партиясы төрағасының міндетін атқарды, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, Мәжіліс Төрағасының орынбасары болды.
2008 жылғы сәуірден – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры.
* * *
Хроника
Мемлекет басшысының Жарлығымен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінен босатылды.
* * *
Мемлекет басшысының Өкімімен Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметінен босатылды.
* * *
Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі
Қазақстан халқы Ассамблеясының он алтыншы сессиясын шақыру туралы
1. Қазақстан халқы Ассамблеясының он алтыншы сессиясы 2010 жылғы 20 қазан күні Астана қаласында:
“Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Транспаренттік. Толеранттылық” атты күн тәртібімен шақырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан халқы Ассамблеясының он алтыншы сессиясын өткізуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдасын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы қыркүйектің 20-сы. № 439
* * *
ТАҒАЙЫНДАУ
Мемлекет басшысының Өкімімен Болатбек Серікбайұлы Әбдірәсілов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.