Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кешегі пленарлық отырысының күн тәртібінде екі заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Біріншісі азаматтық заңнамаға қатысты болса, соңғысы көлік мәселелеріне қатысты болды.
“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов таныстырды. Заңдық құжатта жекеменшік институттары мен келісім-шарттық қатынастарды нығайту мақсатында заң жобасымен мәміле жарамсыздығына, кепілдік жарна институтын енгізуге, көлік құралын экипажсыз жалдау шартына қатысты өзгерістер мен толықтырулар көзделген. Сондай-ақ жылжымайтын құқықтарды тіркеу саласындағы құқықтық олқылықтарды жоюға, заңды тұлғаның жеке мүліктік емес құқықтарды бұзғаны үшін моральдық зиянды өндіріп алу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған түзетулер де енгізіледі.
Күн тәртібіндегі депутаттардың қызығушылығын тудырған екінші мәселе “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы болды. Ол бойынша баяндаманы Көлік және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек жасады. Заң жобасының мақсаты – көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін және тасымалдау процесін жетілдіру, көлік саласындағы құқықтық олқылықтарды жою және ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқық нормаларына сәйкес келтіру. Сондай-ақ түзетулермен қалааралық және халықаралық қатынастарда автобустармен және шағын авобустармен жолаушыларды тасымалдауды лицензиялау көзделген. Мұндай тәсіл көптеген еуропалық елдерде, мәселен, Ұлыбритания, Швеция, Бельгияда бар көрінеді. Негізінен жол апаты көлік жүргізушінің ұйықтап кетуінен немесе жылдамдықты тым асырып жіберуінен орын алып жататыны анықталған. Сондықтан заңдық құжатты әзірлеушілер облысаралық тасымалдаумен айналысатын көліктерге тахограф орнатуды міндеттеуді ұсынып отыр. Ал Еуроодақ құрамына кіретін елдер тіпті тахографтан сандық үлгіге көшуді талап ете бастаған. Сонымен қатар, ұлттық теңіз тасымалшысын айқындау жөніндегі нормалар және өзге де өзгерістер көрініс тапқан.
Заң жобасы бойынша депутаттар көптеген сұрақтар қойып, оған тұшымды жауаптар алды. Күн тәртібіндегі мәселелерді мұқият талқыдан өткізген депутаттар екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдауды ұйғарды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.