Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстандағы парламент сайлауы алдындағы ахуалмен танысу үшін ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Арнаулы өкілі, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжанов ЕО-ның Орталық Азия елдері бойынша Арнаулы өкілі П.Морель және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы аймақтық орталығының басшысы М.Енчеймен бірге 2010 жылдың 13-15 қыркүйегі аралығында Қырғыз Республикасына барып қайтқаны белгілі.
Сапар барысында халықаралық ұйым өкілдері өтпелі кезең өкіметі басшыларымен, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларымен жағдайды жан-жақты талқылап, консультациялар алды және халықаралық қоғамдастықтың Қырғыз Республикасына қатысты шараларын үйлестіру мәселелерін қарастырды.
Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі президенті Р.Отунбаева елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаудағы халықаралық қоғамдастықтың жасап жатқан әрекеттеріне, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның қазақстандық төрағалығының заң үстемдігінің сақталуы мен экономиканы тұрақтандыру бағытында атқарып жатқан нақтылы қолдауларына ризашылығын білдірді. Бірінші вице-премьер А.Мұралиевпен болған кездесуде елдің оңтүстік аймағын қалпына келтіру, экономиканы дамыту, қысқа дайындық мәселелері талқыланды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сариев сайлауға дайындықтың барысымен таныстырды. 10 қыркүйекте Қырғызстанда сайлауалды науқаны басталған болатын. Елде шамамен 2 млн. 700 мың сайлаушы бар. Сайлауға 29 партия қатысады. Байқаушы ретінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ЕҚЫҰ ПА, ТМД ПАА, ШЫҰ, ТүркПА және басқа ұйымдардан өкілдер келмекші.
Ресей Федерациясы президентінің Қырғызстанмен арадағы қатынастарды дамыту жөніндегі арнаулы өкілі В.Рушайломен болған әңгімеде Қырғызстандағы сайлау алдындағы ахуал, экономиканың жағдайы және елдегі саяси үдерістердің даму перспективалары туралы пікір алмасылды.
ҮЕҰ өкілдерін сайлаумен қатар гуманитарлық көмектердің әділетті бөліну мәселелері толғандырады екен. Оңтүстік аймақтардағы құрылыс жұмыстарына жарияланған тендерлерді өткізуде сыбайлас жемқорлық және ахуалды халықтан жасырушылық жайлары байқалады. Елде ІІМ, сот және прокуратура қызметкерлерінің біліксіздігі мен сыбайластығы туралы жалпылама сындар көп айтылады.
ОСК-де тіркелген саяси партиялар өкілдерін үгіт үдерісі басталмай жатып әкімшілік ресурстардың араласуы мен сайлау қорытындысын бұрмалау ісі қатты толғандыруда. Олардың ойынша, бұл – елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әкелетін факторлардың бірі.
Сапар қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО арнаулы өкілдері бірлескен мәлімдеме жасап, онда халықаралық қоғамдастықтың елдегі жағдайды тұрақтандыру ісі бойынша Қырғызстанның өтпелі кезеңіндегі үкіметін жан-жақты қолдайтындығы айтылды.
“Егемен-ақпарат”.