Сәрсенбі күні Жоғарғы Сотта еліміз халықтары тілдерінің күні мерекесіне орай, сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында “Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелері” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ирақ Елекеев, Рамазан Сәрпеков, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы, сондай-ақ Жоғарғы Сот судьялары, аппараттың құрылымдық бөлімдері басшылары қатысып, ой бөлісті.
Дөңгелек үстелді кіріспе сөзбен ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков “Бүгінгі басқосудағы негізгі мақсат сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі бойынша жинақталып қалған көкейкесті проблемаларды талқылау” деп аталмыш шараның маңыздылығына назар аударды.
Басқосуда сөз алған Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы дәл тіл мерекесі күні осындай іс-шараны ұйымдастырып, оған өзі тікелей ұйтқы болған Жоғарғы Сот Төрағасы М.Әлімбековке ризашылығын білдіре келе, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.