Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысының күн тәртібінде жеті мәселе қаралды. Депутаттар осы жалпы отырыс барысында Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет құрамына Т.Ибраевты сайлады.
Заң жобаларын қарау барысында “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы қызу талқыланып барып мақұлданды. Сонымен, 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 3517,8 миллиард теңге көлемінде белгіленді. Ал шығыс бөлігі 4321,4 миллиард теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 22,4 пайызына тең болды. Тапшылық 803,6 миллиард теңгені құрады. 2010 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығындағы инфляция 4,6 пайызды құраса, жыл соңына дейін ол 6,5 пайызға жетеді деп күтілуде. Жалпы, инфляция деңгейі 6-8 пайыз аралығында жоспарланып отыр.
Сондай-ақ депутаттар “Ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасын мақұлдауды ұйғарды. Конвенцияға көптеген елдер кірсе, олардың ішінде Австрия, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Финляндия, Люксембург, Қытай, Жапония және Ресей бар екендігін айта кеткен жөн. Құжатта қатысушы мемлекеттердің ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күрес саласында (шетелде жасырынып жүрген дайындаушылар мен өткізушілерді іздестіруге және ұстап беруге) құқықтық көмек көрсету көзделген. Сондай-ақ “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Келісімге 2009 жылдың 10 қарашасында қол қойылып, уәкілетті органдар болып екі елдің қорғаныс министрлері бекітілген-тін. Берілетін мүлік тізбесі мен саны келісім қосымшасында көрініс тапқан.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.