24 Қыркүйек, 2010

Мәдениеттің жетістігі көп, жетер биігі одан да асқақ

582 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше өткен Мәдениет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед саланың стратегиялық даму жоспарының іске асырылу барысы және алдағы кезеңге қойылатын міндеттері жайында баяндап, Елбасының тапсырмасымен алдағы үш жылдық мерзімге арналған   жұмыс жоспары бойынша  жыл басынан бергі атқарылған іс-шаралардың бірсыпырасына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Төрт мемлекеттік бағдарла­маның бірі –  Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалып,  жан-жақты  талдаудан өткізіліп жатқаны, “Мәдениет туралы” Заңның жаңа нормаларын жүзеге асыратын құжаттар жинағы Үкімет қарауына енгізілгені айтылып, мәдениет пен өнердің әр саласындағы жетістіктер жеке-жеке айшықты мысалдар арқылы нақтыланды. Мәселен, бір ғана “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы төңірегінде тек көңіл көншітер толайым табыстарды ғана ойға арқау етуге болады. Жобаның екінші кезеңінде елімізде – 5,  ал шетелден Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыс кесенесін қалпына келтіру жұмыстарының мүлтіксіз аяқталуы күллі қазақтың кеудесін шаттық сезімге толтырған қуанышты хабар болып жеткен еді. Сол секілді биыл 19 мәдени ошақта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” мен “Қазақтың дәстүрлі 1000 әні” бірегей жобаларының іске асырылуы әр кезеңдегі музыкалық  жауһарларды қалдырмай қамтитын толайым табысқа кенелтуде. Фольклорлық қазынаның Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан елдерінен жиналуы сала қызметкерлерінің бұл бағытта қаншалықты тер төккенін аңғартатын экспедициялық іс екенін көрсетеді. Ұлттық кинематография саласы да дамып келеді. Кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі жоспарлы түрде артып,  биыл “Сіз кімсіз, Ка мырза?”, “Секіріс”, “Махаббат иірімдері”, “Қызғылт қоян туралы хикая” сынды жаңа картиналардың таныстырылымы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Театр өнеріне келсек, жыл басынан бері 24 жаңа қойылым тұсау  кессе, ал жаңа театр маусымында 27 қойылымның арасынан “Тәуелсіздік толғауы” байқауының жеңімпазы жазушы, драматург Дулат Исабековтің шығармасы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ драма театрында сахналанатыны мәлімделді. Сала қызметкерлерінің алдында тұрған айтулы міндеттің бірі елордада өтетін  ЕҚЫҰ Саммиті шеңберіндегі концертке, сондай-ақ қатысушылар мен қонақтарға мәдени бағдарламалар ұйымдаст­ыруға қатысты десек, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстанның төрағалық етуіне дайындық жұмыстарына бай­ланысты “ТМД елдеріндегі исламның рөлі” атты халықаралық конференция ұйымдастыру мен өткізу мәселелері туралы алғашқы жұмыс кеңесі қазанның басында өтетіні мәлім етілді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.