24 Қыркүйек, 2010

Серке

1458 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Мұхтар Әуезов туралы Баукең шерткен сыр “Алматы” шипажайы. Таңғы 10.00. Екінші қабаттағы Баукеңнің жеке кісілік палатасының есігін қақтым. – Кір! – деген күн күркіріндей дауыс ес­тілді. Имене ішке ендім. – Әжептәуір біреу келді ме десем, сен екенсің ғой. Біраз отырған соң сөзін жалғады. – Сұрағың бар ма? – деді маған ежелгі дағдысымен барлай қарап. – Бар. – Болса, қысылып-қымтырылмай сұра. – Өткен жолы Мұхаң  – Мұхтар Әуезов аға туралы айтып беремін деген едіңіз. – Дұрыс, тыңда! Баукең екі-үш жөт­кірініп: – Қазақта серке де­ген сөз бар, қарағым, – деп жұмсақ үн қатты. – Ол отарды бастайды. Тү­сінікті ме? Қасқыр келсе, мүйізімен сүзіп жолатпайды. Сол себеп­ті серке деген сөз біздің қа­зақ әдебиетінде бей­нелі ұғым болып қалды. Жұрт көңілі толған­дарына: “Е, мынау серке жігіт екен ғой”, – дейді. Ешкіде теке де бола­ды. Бірақ текенің бәрі серке емес. Текеде мүйіз қысқа, серкеде ұзын. Сер­ке – көсем, оған жал­ғыз ешкілер ғана емес, күллі қойлар ба­ғынады. Текелер қызғаншақ келеді. Олар төбелес­кен­де мүйіздері сарт-сұрт етіп, Құдай салмасын, өлген-тірілгеніне қара­майды. Ешкім олардай төбелесе алмайды. Ал серкелер тө­бе­лес­пейді, қызғаншақ емес. Тыңнан соқпақ салып, жол бастайды. Жақсы серкелерді қа­зақ­тар ешуақытта пы­шақ­қа жықпаған. Олар­ға сенген, құрметтеген. Сол себепті серке біздің фольклорда, әдебиетте ерліктің бейнесі ретінде қолданылған. Серке – намыс­шыл, қорасына қасқыр тисін, кім тисін, қарсы барады, өзін құрбандыққа шалады. Қойлардың қошқарға бағынбай серкеге бағынуында да сыр бар. Ол қойларды жаудан қор­ғайды, жақсылыққа бастайды. Қошқарлар, текелер қорғамайды, қорғау қолынан келмейді. Бейнелеп айтайын, қарағым, осы күнде біздің қазақ әдебиетінде серкелер жоқ. Егер болса, пәленше серке ғой деп айтшы? Мен күмілжіп қалдым. Баукең жауабымды күтпей өзі сөйлеп кетті. – Жарайды, өлгендерге тимей-ақ қояйық, қазір бір ақсақалымыз қиналып, өлім аузында жатыр деп естідім. Рас-өтірігін білмеймін, тіле­гім – тірі болсын. Оны өлсін деп отырған мен жоқ­пын. Ол кісінің қазақ әдебиетіне қосқан қа­зы­насы бар, әйтсе де көңіліңе келсін, келмесін, ол – серке емес. Серке – ер де әділ. Марқұм Мұхаң – Мұхтар Әуезов серкелік істеді, өкініштісі, кезінде мойындаған жоқпыз. Бұрын бізде серкелер көп болатын. Мысалы, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, қос Досмұхам­бе­тов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхаметжан Тыныш­паев, Мұстафа Шоқай, Жамбыл, Смағұл Сәдуа­қа­сов, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүр­ге­нов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім, тағы басқалары. Олар нағыз серкелер еді. Кейінгі кездегі аузымызға түсетіні Қасым Аманжолов. Ол да ерте өліп кетті... Баукең тұнжырай қабақ түйіп: – Мүмкін мен қателесермін, онда түзей қойыңдар. Оған қуанбасам, ренжімеймін! – деді даусын қатайтып. – Қоғам жылдан жылға тез өзгереді. Жиырмасыншы жыл отызыншы, қыр­қыншы жылдарға, қырқыншы елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарға ұқсамайды. Бізде прогресс марафондық қарқынмен дамуда. Уақыт кімді де болмасын есейтеді. Оның өзіне тән жетістігі көп, әрине, кемістігі де жетеді. – Е, мынау өсіп келеді, мынаған жағы­найын, керісінше, қолынан не келер дейсің, мынаған жағынбайын деу – конъюнктурщина. Бұл – өте қауіпті ауру. Мұның өзі де қоғамдық құбылыс. Конъюнктурщинаның бір жаманы – әйелдердің ақымақшылығымен бәсекелеседі. Бұл – әйелдердің ақымақшылығын әшкерелей түсетін қазақтың “ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” деген сөзінің екінші мағынасы. Ақымақ қыз жігіттің қандай екенін білмейді. Әйтеуір жұрт мақтағанға еліге береді. Әйелдің ақымақшылығы дегенім сол. Конъюнктурщинаның тағы бір түрі “Ой­бай, мынаның тасы өрге өрлеуі мүмкін”, де­генді ести сала дуылдатып мақтап ала жөнеледі. Мына жағы (кеудесін ұстап көрсетті) қараңғы ма, жарық па, онымен ісі жоқ. Бұл – барып тұрған таяздық. Ел аузына түскен соң кетті мақталып. Тағы да оны тоқтату қиын. Ол бір күні, сөз жоқ, құлайды. “Мұны неге айтып отырсыз?” – деп сұрақ қойсаңшы? – Мұны неге айтып отырсыз? – Мұхаң жарықтық қандай жағдайға кездеспесін, күнбағар болуға тырысқан емес. Керісінше, күнбағарлықтан барынша қашып бақты, оны жек көрді. Бұл, қарағым, ол кісінің серкелігінің, көсемдігінің бір дәлелі. Екінші дәлел. Біздің адамгершілігіміздің бір үлкен қайғылы кемістігі – оң қолымен жазға­нын сол қолымен редакторлап, тұсап, шідерлеп отырады. Екі қолы бір-біріне кедергі еткеннен кейін олар кібіртіктеп жазады. Тағы бір кемшілігі – көпшілігі “сая­сат­шыл”. Бұлай деу себебім, саясаттан тыс әдебиет жоқ деп олар саяси “сауаттылығын” өздері сез­бестен, бүтін нәрсені бүлдіреді. Идеология жа­ғынан қателеспейікші деп отырады да, өзіне өзі бақылау жасап, жасанды жолға түсіп, шындық­ты бұрмалайды. Кейбір шығармаларымыздың, тіпті көп шығармаларымыздың нашар болаты­ны сол себептен. Айтайық, Корнейчук “Майдан” пьесасын елдің бәрі қырылып, жеңіліп жатқан кезде еш­кім­нен именбестен жазды. Соған ерлігі жетті. Ол жасанды саясатқа сүйеніп жазған жоқ. Пье­са­да барлық қателіктеріміз ашық көрсетілді. Ол үшін үкіметіміз бен партиямыз Корнейчукті кі­нә­лаған жоқ. Пьеса Жоғарғы бас қолбасшыға да ұнады. Илья Эренбург өзінің майдан очерктерінде барлық кемшіліктерімізді қорықпай, жасырмай, терең талдаулар жасай отырып жазды. Ол үшін оны ешкім жазалаған жоқ. Михаил Шолоховтың “Олар Отан үшін шайқасты” романын ал. Жазушы кемшілігімізді жіпке тізгендей етіп жасқанбастан алға ашық жая­ды. Эммануил Казакевичтің “Даладағы екеу” деген кішкене повесі ше? Екі солдаттың бей­несі арқылы ол соғыстың барлық тра­гедиясын көрсетті. Әлихан, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жү­сіп­бек, Сұлтанмахмұт бастаған ақын-жазушы­лары­мыздың қорында да ашық жазылған дүниелер бар. Бірақ олар қашан шығады? Айта алмай­мын. Бүгінгі таңдағы әдебиетімізге ой жүгірт­сек, бармағыңды тістеп, қиналарлық нәрсе, жасанды шығармалар көп. Қашып бара жатқан солдатқа ура дегізеді. Қашып бара жатып ура дегенге кім сенеді? Соғыстың аты соғыс, онда жеңу де, жеңілу де бар. Жа­зушыларымыздың көбі героизмнің не екенін тү­сін­бейді. Бір солдат бір гра­натамен бес танкіні өр­тейді. Оқып отырып, сенбейсің. Бұл – секіл­ділер адам нанбайтын оңбаған аңыз! Менің Мұхаңа қатты риза болатыным, басына қандай күн туса да, шын­дықты, тек шындықты жазды. Бұл – үлкен ерлік! Не бердім, не алдым деген сөз бар, қарағым. Мы­салы, Мұхаң берерін көп берді, аларын аз алды. Әрі-беріден кейін Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­сындағы жеке каби­нетінде бір жеті, он күн отырды ма, отырмады ма, оны анық білмеймін. Көбіне Мәскеуде жүрді, ғы­лыми кеңестерде сөз сөйледі, кітаптарын жазды. Басына қандай күн туса да халыққа адал болды. Мұның бәрі нағыз серкеге тән қасиет­тер. Мұхаңның шәкірттеріне деген жанашыр­лық қамқорлығы өз алдына жеке әңгіме. Баукең оң алақанымен маңдайын сипай түсіп: – Е, ұмытып барады екенмін, – деп серпіле сөйледі. – Бірде Мизәміл деген (фамилиясын ұмыттым) соғыс ардагерімен әңгімелескенім бар. Өзі семейлік әрі профессор Бейсембай Кен­жебаевпен бажа екен. Әкесі Абаймен қа­рым-қатынаста болған көрінеді. Оның айтуынша, әкесі Абайға: – Сен әкеңнен артықсың, – депті. – Жоқ, мен әкемнен артық емеспін, – деп Абай төмендегі оқиғаны айтып беріпті. Бір күні Құнанбай Абайды оңаша шақырып алып: – Мырзажігіт (Құнанбай Абайды Мырза­жігіт, ал оны Абай тәте дейді екен), жылқы үйіріңде жақсы аттар бар ма? – дейді. Абай әкесінің ойын түсініп: – Бар, тәте, – дейді. Үйіне келген соң, ойланып отырып, Құнанбай: – Үйірден жеті байталды бөліп алуың және бір жақсы айғыр табуың керек, – деп шешеді. Бір адамның үш рет бәйгеден келген құнанын Абай жүз қойға сатып алып, жеті байтал тобына қосады. Арада жыл өтеді. Құнанбай мен Абайдың үйлері де, жылқылары да бөлек екен. Таңер­теңгі мезгілде: – Тәтең өз жігіттерімен келе жатыр, – де­ген хабар жетеді. Абай әкесінің мінезін біледі. Үй төңірегін тазалап, аттарын ерттеп, жігіттерін дайындап тұрады. Құнанбай жақындағанда Абай алдынан шығып, қос қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, аттан түсіріп алады. Қолтығынан сүйе­геннен-ақ Құнанбай: – Мырзажігіт, көңіліңді қалдырмайын, түсейін. Тек үйде отырмаймыз, шай-пай іш­пейміз, шұғыл аттанамыз, – деп ескертеді. Қазақтың көшпелі өмір тәртібі біздің әскер тәртібінен бір де кем емес. Кермеден аттар үзіл­мейді, кейбірі ерттеліп, жорыққа дайын тұрады. Құ­нанбай: “Ал, Мырзажігіт, кеттік” дегендей сал­­мақ сала қараған сәтте, Абайдың басына: “Ә, бұл кісі жылқыға барып, баяғы жеті байтал мен құ­нанды көрмек екен ғой”, деген ой сап ете түседі. Қыстың күні, қар қалың. Жылқылар Ақша­тауды қыстап жатқан. Жолда Құнанбай әңгіме айтқансып, Абайды алыстан қармап келеді. Төрт-бес сағат жүріп, жылқыға да жетеді. – Тәтемнің артықтығын сонда білдім. Жыл­қының ішінен мен сатып алған бөтен құнанды айтқызбай таныды. Танып тұрды да: – Мырзажігіт, мына құнанды ұстаттыршы, – деді. Жылқышы құнанды әп-сәтте-ақ ұстап әкелді. – Жүр, енді ана үйірді аралайық, – деп басқа шоғырға бастады. – Ана құнанды ұстаңдар! – Жылқышылар үйірді алты айналдырып жүріп, әрең ұстады. – Ал енді осы екеуін жарыстырып көрейік, Мырзажігіт. Қар белуардан асады. Көз көрім жерден екі ат бірінен бірі оза алмай қатар келе жатыр. Жақындағанда тәтем: – Мырзажігіт, қазір құнаның қалай болар екен, құлап қалмас па екен? – деп күлді. Езуін жи­ып алғанша болған жоқ, жүз қойлық жүйрі­гім етпетінен түсті. Анау тұсымыздан құйғытып өте шықты. Тәтем: – Ал, Мырзажігіт, сау бол, – деді де, атын бұрып ап, өз жігіттерімен жүрді де кетті. Мен әкемнен артық болсам, өз жылқымның ішінен жүйрік құнанды таңдай білмес пе едім? Халық мені ақылды, әкесінен артық дейді. Ақыл­ды­лы­ғым қайда? Мұны мен қалайынша байқа­мадым? Бала қандай ақылды болса да, әкесінен бір басқыш төмен болады екен деген түйінге келдім, – дейді Абай. Мен осы жайды айта келіп: – Мұха, бұл оқиғадан хабарыңыз бар ма? – деп сұрадым. – Бар, Бауыржан. – Онда неге мұны роман сюжетіне енгіз­бедіңіз? – Пәлі, Бауыржан... “Абай жолы” романына енбей қалған оқиға бір бұл ғана емес, толып жатыр. Мен мақсатыма қызмет етпейтін деректерге көңіл аудармаймын. Суреткерлік талғам дегеніміз, бәлкім, осы шығар. Ал енді сен айтқан әлгі оқиға Абай өмірбаянына қосымша дерек боп қосылуға тиіс. Ол табиғи заңды. Олай дейтінім, ұлы ақын өмірбаяны әлі толық зерттеліп, жазылып біткен жоқ. Оған әлі талай толықтырулар, қосымшалар қосыла береді деген ойдамын. Баукең темекі тұтатып тартты. – Мен Мұхаң қайтыс болғанда құрметті қарауылда тұрдым. Шыдам жағынан алғанда екі минут маған екі жылдан кем көрінген жоқ. Бұрынғы жарқ-жұрқ еткен, байсалды, келбетті, орынды, ақылды сөздер, орынды терең ойлар, орынды қалжың-қылжақтарды айтар ағамды мен танымадым. Табытта жатқан Мұхаң екеніне мен сенбедім. Мұндай халге Мұхаңды қиямын деген түсіме де кірген жоқ еді. Алдымен көзім түскені (аяқ жағынан барып едім) кеудесі ғана бар. “Аһ!” дедім күрсініп. Жү­регінен бастап, ішек-қарнын алып тастаған екен ғой. Бұлары несі? Ең құрығында мақта сал­са қайтті? Бұлай етуге болмайды ғой деп қат­ты көңіліме алдым. Мұхаң қарны бар кісі еді, мыналары несі? Бәрібір тірілмейді дегені­мізбен жұртқа бұлай көрме жасаудың қажеті қанша? Бұл өліге де, тіріге де жаман әсер қал­ды­рады ғой. Өліктің жүзін жұртқа көрсетпей жер­леудегі мұсылман салты дұрыс екен-ау деген ойға берілдім. Жарықтық, иман­ды болсын, құрметтейтін кісім еді, амал қанша? Мен Мұхаңды ба­сында тұрып та өлімге қимадым. Өлді дегенге сеніп ба­рып, табытта жат­қанын көрсем де, сенбей тұрып­пын. Астапыралла-а, бұл ерекше де­таль. Мен басында тұрғанда Мұхаңның бетіне шыбын қонды. Шыбынды қуу үшін Мұ­хаң бетін тыржитты, үркітті. Селк ете қалдым. Кейін ойласам, пси­хологиялық қалыпта емес екем. Бұл Мұхаңды өлімге қимаға­ным­ның реак­циясы болуы керек. Бұл қалай? Е, Мұхаң тірі, бетіне қонған шыбынды қуу ке­рек деп ой­лап, соған сеніппін. Кейіннен: “Мен ақылым­нан алжасқан жоқпын ба?” дедім өзіме өзім. Мұның бәрі Мұхаңды қимаған­дығым екен... Баукең темекісін үстін-үстін тартып: – Көне сұр костюмін киіп Мұхаң тойға келді. Қасында жеңгем Валентина Николаевна, – деп тыңнан сөз қозғады. – Ақ бурыл шашы, са­қа­лы өсіп кеткен. “Өзі әбден қартайыпты-ау”, – деп ойлап қоямын. Бір кезде би басталды. Мұхаң шашын иығына жайып жіберген жас қызбен биледі. Валентина Николаевна жеңгем маған жақтырмай: – Құдай-ау, қараңызшы, Мұхтар Омарханұлы қартайса да, жас қызбен билеп жүр. Киімі киім емес, – деп шағым айтты. Мен жымиып күліп: – Қызығушылық бар жерде шабыттанып, биікке ұмтылушылық бар. Сіз қателесіп тұрсыз, – дедім. Бұл, түсінсең, Мұхаң қартайса да әлі сөнген жоқ деген сөзім ғой, ә? – Кешірерсіз, мына тойдан алған жалғыз ләззатым – сіздің Мұхтар Омарханұлы туралы бағаңызды естуім. Рақмет, сіз Мұхаңды менен де гөрі жақсы түсіне біледі екенсіз, – деп жең­гем Валентина Николаевна қатты риза болды. Оянсам, түсім екен... Мұхаң жарықтықпен жа­қында осылай кездестім. Мұным марқұм ағам жөнінде күндіз ойланғанымның әсері болса керек... Баукең төмен қарап, көзін жұмып, ұзақ үнсіз қалды. Әлден соң басын жоғары көтеріп, маған тура қарап: – Мұхаң жөнінде Леонид Сергеевич Собо­левтің айтқан бір сөзі есіме түсті, – деді түсініп тыңда дегендей маған иегін қағып. – Мұхаң жа­рықтық орыс тілін Абайдан да, Ыбырайдан да, Шоқаннан да кем білмеген. Бірақ та ол кісі орыс тілінде тартынып жазатын. Ғажайып та­лантты адам, орыс тілін тамаша білетініне қара­мастан, ол тілде көркем шығарма жазған жоқ. Бірде Мәскеуде Леонид Сергеевич Соболевпен оңаша сырласып қалдым. Сонда: – Бауыржан, жұрттың бәрі мені “Абай жолын” шебер аударды деп жүр. Шынымды айт­сам, мен тек Мұхтар Омарханұлының аудар­ма­сын редакцияладым, – деді ағынан жары­лып. – Мұхтар Омарханұлы Москваға жиі келе­тін. Аударманы көрсеткенімде “тоқтай тұр, бұл былай болуы керек тәрізі” деп ойын ортаға салатын. Егер Мұхаңның сондай еңбегі, ақыл-кеңесі болмаса, менің аудармамды ешкім жақсы деп айтпас еді. Леонид Сергеевич ірі жазушы болатын. Мүмкін бұл сөздер күнделігінің бір жерінде жүрген шығар. Мен өз аузынан өз құлағыммен естідім. Бұдан өткен әділдік, адалдық бар десең, айт?! Екі халықтың арасындағы достықтың негізін жоғарыдағы кісілер сияқты парасат иелерінің салғанын бәріміз мойындауымыз керек. Бұл ретте, қайталап айтайын, Мұхаңның еңбегі Шоқан, Абай, Ыбырай еңбектерінен бір мысқал кем емес. Баукең қайта маңдайын ұстап ойға ене: – Сен Шолпанатада болдың ба? – деді маған барлай қарап. – Жоқ. – Мұхаң марқұм бір жолы: “ Ойбай, Бауыржан, қайда жұмыс істеуді мен осы уақытқа дейін білмей жүр екем”, – деді. – Неге, Мұха? – Осы жолы үш ай бойы өте жақсы демалдым. Басымда жүрген ойларымның көбін сұрыптап қайттым... Ол кісінің айтуынша, қазірінше әлі жұрт мекеніне айнала қоймаған Қырғызстанда Шол­па­ната деген жер бар екен. Бір кісілер: “Ауасы таза, екі бөлмелі үй бос, қоршаған орта та­би­ғаты тамаша” – деді. Валентина Николаевна екеу­міз бардық. Екі бөлменің бірін ұйық­тай­тын, екіншісін жұмыс істейтін бөлме істедік. Ал­дыңғы балконында тамақтандық. Он күн өт­ке­нінше байқағаным жоқ, он күн өткен соң Ва­лен­тина Николаевна жұмысыма кедергі келтіре бастады. Мен күліп: – Ой, Мұха, өзіңіз бір нәрсені бүлдірген шығарсыз, – дедім. Мұхаң менің мысқылымды түсініп, мырс етіп күліп жіберді. – Ағаш үй екен. Валентинаның жөтелгені, не еденде ары-бері жүргені ойымды бөліп жібереді. Немесе, жазуға төніп, ұйып отырған кезімде: – Мұхтар, шай қайнап қалды, дастарқанға келмейсің бе? – дейді. Сол-ақ екен, бітті, ізден шығамын. Қайта ізге түскенше уақыт кетеді, шаршайсың, қиналасың. Әрине, оның қамқорлығы дұрыс-ақ, – деп қояды. Мұхаң ойының бөліне бергенін айта келіп: – Ал енді, Валя, сен Алматыға қайт, – деп әйелімді Алматыға қайтарып жібердім. Оңаша жазып, жазып, серуенге барам. Рахат! Ешкім­мен қарым-қатынасым жоқ. Бір күні: “Шіркін, стенографистка болса, жұмысым екі есе өнімді болар еді, ойымды жазып үлгере алар емеспін” – деп Алматыдан стенографистка шақырттым. Ол өте ұқыпты әйел екен, айтқандарымды мұқият әрі жылдам жазып алатын болды. – Шаршадың, жетер, менің де тақырыбым бітті, – деп серуенге кетемін. Әйел жазғанын реттеп, қайта көшіреді. Ерекше риза болғаным, қазақ тілін жақсы біледі екен Тіпті кейбір ойларыма, сөйлемдеріме түзету де енгізген кездері бар. “Мына ойыңыз асығыстау айтылыпты, мына сөйлемнің дұрысы былай болу керек” дейді. Түсінесің бе, Бауыржан, бұл менің ша­бытыма шабыт, жігеріме жігер қосқандай болды. Осы жолы күтпеген жерден Ыстықкөлдің жағасынан жақсы бұрыш тау­ып, әжептеуір жұмыс істеп қайттым. – Мұныңыз өте дұрыс екен, Мұха. Творчество оңаша­лық пен тыныштықты қалайды деген сөз бар емес пе? Мұхаң өзі бір жағынан дана, бір жағынан бала мінезді аңқаулау кісі еді ғой. Маған: “Мы­нау ит мұны қайдан біле­ді?” деген көзбен таңырқай қарады. – Мұха, бұл менің сөзім емес, бұл ежелден келе жатқан сөз. Бір аңызда ақырғы пайғамбар Мұхаммед Құдаймен сөйлесем деп 40 күн жоғалып кетіп, оңаша ойлануы үшін су перісі Сүлейменмен судың астында жатып алыпты делінеді. Екінші бір аңыз. Христиан дініндегілерге шаш алдыру масқаралық саналған кезде бір ұлы римдік шашын қырғызып тастап, “елге көрінуіме болмайды, көрсе күледі” деп оңаша тығылып жатып, жақсы кітап жазыпты. Ал шығыс аңызында кейбір зия­лылар, ғалымдар ойымды бөл­месін деп зынданға түсіп, қы­р­ық күндей жатқан. Оны, Мұха, сіз менен гөрі жақсы бі­ле­сіз. Бұл оңашалық пен тыныштықты іздеу емей немене? – Пәлі, Бауыржан, сен көп аңыздан хабар­дар екенсің ғой. Мұның жақсы, – деп Мұхаң әңгімеме қатты риза болды. Бұл да екеуміздің қарым-қаты­насымыздың бір мысалы, қарағым. Баукең тұнжырай ойға еніп, ұзақ үнсіздіктен кейін: – Мұхаңның тағы бір қасиетін, ең басты қасиетін айтайын, – деп орнынан қозғала сөй­леді. – Түсініп тыңда! Өсемін-пөсемін деп көзі тірісінде не болса соны жазғандар аз болған жоқ. Сол арқылы “классик” атанғандары да бар. Ал өлген соң олардың аты біржола өшті. Сон­дайлардың шығармаларын іздеп жүргендерді көрдің бе? – Көрмедім. – Бір түйір нәрі жоқ жасық дүниелерді кім іздесін? Махмұт Қашқари бабамыздың: “Аман болса басым, теңізден де су ішермін”, деге­нін дұрыс түсінбей, бос қиялға берілген есек дәмелілерге не дерсің? Қарағым, дарындылар мен дарынсыздар күн мен көлеңке тәрізді. Баукең қабағын түйе, сұстана қарап: – Мұны неге айтып отырсың, алжыған шал, – деп сұрақ қойғын! – деді бұйырып. – Мұны неге айтып отырсыз? – Мұхаң халқымызға бұдан да көп мұра қалдырар еді, бірақ дарынсыздар қол-аяғын матап, кесір келтірді. Салыстырар болсақ, Мұ­хаң – күн, дарынсыздар – көлеңке. Дарын­сыздар – мансапқұмар, даңққұмар келеді, сол жолда бәрін; жанын, да, арын да, керек десең жарын да құрбандыққа шалады. Сен жассың ғой, зерттеп, тексеріп көрші. Мұхаңның біреудің үстінен шағым жазғаны, не біреуді орынсыз кінәлағаны бар ма екен? Ме­ніңше, жоқ. Қайта ол кісі 1947 жылы нақақтан-нақақ қуғын-сүргінге ұшырап, қатты қиналған, қорланған кезде Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке: “Мен сізден қызмет те, пәтер де сұрамаймын. Жалғыз-ақ сұрайтыным, бәлеқор-жалақорлықтан құтқарсаңыз екен?” деген. Пәленше ондай, түгенше мұндай, менің соңыма түсіп алды деп ешкімді жамандамаған. Бұл, тү­сінсек, бағаласақ, Мұхаңның үлкен қасиеттілігі, арлылығы! Тоқетерін айтсам, Мұхаңды ұрпағымыздың ұрпағының ұрпағы алғыс сезіммен еске алатын болады. Білсең, қарағым, алғыстың үлкені – ұрпақ алғысы, қарғыстың үлкені – ұрпақ қарғысы. Баукең орнынан тұрып, аласа стол үстінде жатқан газетті алып: – Әнеукүні мына “Литературная газетада” Мұрат Әуезовтің мақаласы шықты, – деді жар­қын үн қатып, орнына қайта кеп отыра бере. – Әрине, ол жас жігіт, бірақ үлкен үміт күтті­ре­тінін байқадым. “Литературная газета” жер жү­зіне тарайды ғой. Соған Мұрат Әуезов кө­лем­ді мақала жазып, қол қойғанын (көтерген кей мәселесімен келіспесем де) жақсы тал­пы­ныс екен деп қуанып қалдым. Оны түсінем, әрине. Оны түсінем дегеннің мағынасы – жал­тақтап жазыпты. С его стороны это правиль­ный, но одновременно не правильный подход. Ол өз алдына мәселе. Мен Мұхтар Әуезовтің мұ­рагерінің бүкілодақтық әдебиет газетінде көрінгеніне қатты көтеріліп қалдым. Тағы жаман мақала емес. Мен өте риза болдым. Ләйла Мұхтарқызы Әуезовамен қарым-қатынасым жоқ, сырттай байқауымша (өзін өте әдепті ұстайды), ол – Мұхаңның жақсы ұрпағы. Мұрат та осылай ізденіп еңбек етсе, әкесінің атын төмендетпейді. Баукең кресло арқалығына шалқайыңқырай түсіп, үнсіз қалды. Әлден соң: – Еңбек етпей еркелеп жүру адамды өсір­мейді, қайта өшіреді, – деді түзулене оты­рып. – Адамды еңбек қана өсіреді. Мұны жал­ғыз Мұрат қана емес, әр қазақтың ұл-қызы тү­сі­нуге, ескеруге тиіс. Онсыз ата-баба­ла­ры­мыздың, әже-аналарымыздың еңбегі еш. Мұны Мұрат жақсы түсінетін тәрізді. Сөздің қысқасы, жоғарыдағы бүкілодақтық әдебиет газетінде оның мақаласының жарық көруі – үлкен қуаныш. Бұл сөздерді Баукең әкелік қамқор, мақтаныш сезімімен толқи, тебірене отырып айтты. Ол кісінің сол сәттегі көңіл-күйі тұлабойымды от болып шарпып, жүрегімді елжіретіп жіберді... Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы.