23 қыркүйекте Сыртқы істер министрлігінің мәжіліс залында Адам құқықтары жөніндегі комиссия дайындаған “2009 жылғы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы” баяндаманың тұсаукесері болып өтті, оны 2010 жылғы 14 маусымда Мемлекет басшысы мақұлдаған болатын. Баяндама адам құқықтары жөніндегі халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алды. Баяндама Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшілігінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке таралыммен кітап ретінде басылып шықты.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқандарға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшісі Дэвид Моран мырза, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер ханым, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі басқармасының Орталық Азиядағы өңірлік үйлестірушісі Сабер Азам мырза құттықтау сөз сөйледі.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқандар алдында сөз сөйлеген Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов баяндаманың құқық қорғау тетіктерін халықаралық стандарттарға сәйкес одан әрі жетілдіру жөніндегі нақты қадамдарды көздейтінін атап өтті.
Баяндаманы Комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Леонид Мартынов, Виталий Воронов, Еңлік Нұрғалиева, Мәдина Жарбосынова таныстырды, олар тұсаукесер рәсіміне қатысушылар мен қонақтардың сұрақтарына жауап берді.
Комиссияның баяндамасы онда көзделген ұсынымдар мен іс-шараларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне, басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді.