Қазақстандық ауыр атлетші дүние жүзінің екі дүркін чемпионы атанды
Үш-төрт жыл бұрын Ресейден келген Светлана Подобедова өз отандастары тарапынан талай зәбір, кемсітушілік көрді. Егер ол Бейжіңдегі Олимпия ойындарына қатысқанда, сөз жоқ, Қазақстан қоржынына үшінші алтын алқаны сыйлайтын еді. Амал бар ма, Ресейдегі ауыр атлетиканың тұтқасын ұстап отырған шенеуніктер де, бапкерлер де тастай қатып, қанша рет келіссөзге шақырсақ та жібімей-ақ қойғаны. Арада бір жылдан кейін ғана Светлана ірі жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында өткен әлем чемпионатында С.Подобедованың Қытай, Ресей қыздарын да шаң қаптырып, үш бірдей әлем рекордын жасағаны спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерге жақсы таныс.
С.Подобедова сәрсенбінің сәтінде Астана уақытымен кешкі 20.00-де жарысқа шығуы тиіс. Екінші қызымыз, еліміздегі ауыр атлетиканың дамуына он жыл бойы үлес қосып келе жатқан Татьяна Хромова да Светлананың намысын жанып, бірге өнер көрсетпек. Қазақстандық жанкүйерлер Анталиядағы “Экспо” спорт аренасына барды. Света тіс жармайды, үнсіз, мазасын алуды жөн көрмедік. Сол күні Қуаныш Рахатов ерлер арасында 77 кило салмақта “В” тобында жарысқа қатысқан. Амал бар ма, ол жұлқи көтеруде 155 килоны басынан асырғанымен, кенеттен жарақат алып, жарыстан шығып қалды. Ал бұл салмақта армян спортшысы чемпион атанды. Екінші орын қытайлық атлетте.
Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтің ауыр атлеттер сайысына арнайы келіп қатысуы спортшылардың ғана емес, барлығымыздың еңсемізді көтеріп тастады. Мая Манеза алғашқы алтынды иеленгенде қасынан табылып, алтын алқасымен және әлем рекордымен өзі құттықтаған. Ауыр атлетика федерациясының президенті, осы саланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қайрат Тұрлыханов сол сәтте ендігі үміт С. Подобедовада, оның да өз рекордын жаңартуға мүмкіндігі бар екенін тілге тиек еткен. Бірақ Қайрат Болатұлы ресейлік екі қыздан да қауіптенетінін жасырмаған.
Жарыс басталар алдында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов пен басқа да делегация мүшелері Светланаға жігер беріп, намысын жанады.
Жұлқи көтеру. Қытайлық Ли-Хия үшінші әрекетінде 120 килоны көтере алмады. Беларусь өкілі Ирина Кулешина 120 килоны бағындырды. Испан қызы Лидия Валентиннің жолы болмады. Ол 117 килоны көтере алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Н. Заболотная 127 килоны еркін көтерді. С.Подобедова 130 килоны бағындырған соң 134 килоны да еркін игеріп, өз рекордын бірден екі килоға жаңартты.
Серпе көтеру. Федерация басшысы босқа қауіптенбеген екен. Сайысқа қатысқан он арудың арманы – реті келгенше өз елдеріне лицензия ұпайын барынша көбірек алу. Оның тәртібі қарапайым. 25-ші орынға дейін ұпай берілмек. Жүлделі орындардың ұпайлары да жоғары. Беларусь атлеті Ирина Кулешова 140 кило салмақты қиналмай бағындырды. Ресейлік Надежда Евстюхина 155 килоға тапсырыс берген. Ресейлік ауыр атлетика мамандарының тактиканы өзгертіп жібергені анық болды. Сірә, олар Подобедованың ерен күші мен өздеріне деген салқын қабағын аңғарса керек. Евстюхина 150 килоны бағындырған соң, Наталья Заболотная 153 килоны басынан асырды. Светаның жүйкесі мықты екеніне талай көз жеткізгенбіз. Қазір де байсалды. Төрге шықты да қолын борға малып алып, 155 кило зілтемірді еркін көтерді. Екіншіге Евстюхина 157 килоға тапсырыс бергенімен көтере алмады. Наталья Заболотная айды аспанға шығарып, 160 килоны бағындырды. Бұл – әлем рекордын қайталау. Евстюхинаның екінші тынысы ашылғандай. Ол да 160 килоны көтеріп, әлем рекордын қайталады. Ресейлік жанкүйерлер бір-бірін құттықтап жатыр.
Міне, сын сәтте С.Подобедова салқынқандылық таныта білді. Ол 161 килоны еркін көтеріп, бәрімізді таңқалдырды. Диктор түрікше, ағылшынша “Фантастика”, “Фантастика” деп жатыр. Өздері де байқамаса керек, жанымызда отырған жергілікті жанкүйерлер Қазақстан делегациясын құттықтады. Қаны бір түрік ағайындардың бұл қуанышын жақсылыққа жорыдық. Сонымен, С.Подобедова үш бірдей әлем рекордына түзету енгізді. Мұның алдындағы рекорды 134, қоссайыста 161, жалпы көтергені 295 кило болатын. Ал Анталиядағы чемпионатта рекордын ол бірден үш килоға жаңартты. Еліміздің көк байрағы Анталия төрінде шалқыды. Осыдан кейін Темірхан Досмұхамбетов ақпарат өкілдеріне сұхбат берді. “Лондонда ауыр атлеттер кем дегенде екі немесе үш алтын алуары тиіс. Жұмыс осы бағытта құрылуы керек”, – дегенді айтып қалды министр. Ол өткен жолдағыдай үш аруға да еліміздің атынан ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Светлана жарыс аяқталған соң БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. “Екінші мәрте әлем чемпионы атанып қана қоймай, үш бірдей рекорд жасағаныма қуаныштымын. Федерация президенті Қайрат Тұрлыханов, бас бапкер Алексей Ни, кеңесші Энвер Түркелериге, жеке бапкерім Виктор Ниге ерекше алғысымды айтқым келеді. Бүгінгі жарыс ауыр болды. Ресейлік екі қарсыласым сыралғы құрбылар. Наталья Заболотная жұлқи көтеруде 133 килоға тапсырыс бергенде, 134 килоны бағындырамын деп ойладым. Бір мүмкіндігімді бұғып қалдым, оны Лондонда пайдаланармын”,– деді С.Подобедова.
Кеше Владимир Кузнецов 85 кило салмақта Астана уақыты бойынша 23.00-де аренаға шықты. Ал бүгін А.Өтешов, А.Аборнева, әлем чемпионы В.Седов бақ сынаса, ертең жарыстың соңғы күні И.Ващанов, С.Истомин бәсекеге түседі.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Егемен Қазақстан” – Анталиядан.