25 Қыркүйек, 2010

Әсет ИСЕКЕШЕВ, Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі: “Индустрияландыру ісінде іркіліске жол жоқ”

545 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
— Әсет Өрентайұлы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші жылының сегіз айы да өте шықты. Олай болса, алғашқы қорытындыларды шығаратын кез де келген сияқты. Оның үстіне, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов таяуда өткен Үкімет отырысында бағдарламаның алғашқы нәтижелеріне оң баға бергені де белгілі. —Ол шынымен де солай. Жұмыстарды бастап кету алаңын мейлінше қысқа мерзімде дайындай отырып, бізге белгілі бір нәтижелерге қол жет­кізу­дің сәті түсті. Индустриялық саясаттың барлық ба­сымдықты салалары мен шешуші бағыттары бо­йынша жүйелі іс-шаралар әзірленіп, нақты жо­балар айқындалды. Ішкі және әлемдік ры­нок­тардағы салыстырмалы түрде алғандағы бос “ни­шаларды” иемде­не­тіндей инвесторларды тарту үшін преспективалы деген жобалар анықталды. Осылардың арқасында біз ырғалып-жырғалуға уақыт шығындамастан, биылдың өзінде-ақ бел­гіленген болжамдық көрсеткіштерді еңсердік. Белгіленген 144 инвестициялық жобаның 72-сі бірінші жартыжылдықта-ақ іске қосылды. Жыл соңына дейін кем дегенде тағы да осынша жобаны іске қосу жоспарланса, қазірдің өзінде бірқатар ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жо­ба­ларды жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. — Үкімет белгілеген ҮИИДБ-ні жүзеге асыру жоспарындағы міндеттердің бірі—800 миллиард теңгеден астам инвестицияларды игере отырып, 144-тен астам жобаның іске қосылатындығының нақты орындалатынына сенім артуға бола ма? — Біздің бұдан да гөрі күрделірек міндеттерді шешуге қабілетіміз жетеді. Ең бастысы—ырғақты жұмыстың жолға қойылуы. Жобаларды жүзеге асырудағы, қазақстандық мазмұнды арттыру жө­нінен инвесторлармен жұмыстағы, “Жол картасы” және басқа да іс-шараларды жүзеге асырудағы белсенді, жүйелі және Үкіметтің әкімдіктермен, сол сияқты, бизнес-қауым­дас­тық­тармен бірлескен жұмысы арқылы ғана біз алға қойған мақсаттарға қол жеткізетін боламыз. Алғашқы нәтижелер шы­ны­мен де жақсы. Мысалға макроэко­но­ми­ка­лық көрсеткіштерді алайық. Сегіз айдың қо­ры­тын­дысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің фи­зи­калық өсу көлемі 110,9 пайыз, ал өңдеу өнер­кә­сі­бінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 119,1 пайыз болды. Айтарлықтай өсімдер хи­мия өнер­кәсібі өнімдерінде (173%), дайын металл бұйым­дарында (159,5%), мәшине жасауда (151,4%), мұнай өңдеуде (121,1%) орын алып отыр. — Қазақстанның Кеден одағына қосылуына бай­ла­нысты ҮИИДБ-ні жүзеге асыру жөніндегі жұмыс­тар­да қандай да бір өзгерістердің орын алуы мүмкін бе? — Мемлекет басшысы экономикалық және индустриялық саясаттың барлық мәселелері жаңа құрылған Кеден одағымен астастырыла қаралатын және келесі интеграциялық саты—Біртұтас эко­но­микалық кеңістікке дайындық жағдайында эко­но­миканың өсуіне ғана қолдау көрсетіп қоймай, со­нымен бірге, оның құрылымдық қайта жаң­ғы­руын да жеделдету қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Осыларды, сол сияқты әлемдік экономи­ка­дағы ағымдағы тенденцияларды, қаржы рынок­та­рын­дағы күрделі жағдайды, жаһандық технологиялық трен­дтерді және іс жүзінде алда тұрған әлемдік экономиканың жаңа техно­ло­гия­лық қалыпқа көшуін ескере отырып, Қазақстан Президенті алдыға жаңа тәртіпке сәйкес мін­дет­терді қойып отыр. Атап айтқанда, бүкіл мем­ле­кеттік органдар өз жұмыс­тарын қайта құру ар­қы­лы оны жаңа сапалы деңгейге көтеріп, қо­йылған мақсаттарға жету үшін үйлесімділік пен шоғырланушылықты барынша қамтамасыз етуге тиіс. — Басқаша айтқанда, осының бәріне жүйелі көзқарастар қажет қой? Осыған байланысты берілетін кеңестер қандай? — Жүйелілікке келер болсақ, ол біздің бүкіл жұмысымызға тән болуы тиіс. Біздің кеңестеріміз белгілі бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін тауып жатқан ұйымдастыру мәсе­ле­ле­рінің бүтіндей бір кешеніне қатысты болмақ. Ол орталық органдар мен әкімдіктердің іс-қи­мыл­дарын үйлестіру, былайша айтқанда, бірлескен іс-шаралар жүйесіндегі “қысылтаяң тұстар”. Бұл орайда орталық атқару органдарының бизнестің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін нақтылы қолдау құралдары арқылы бағ­дар­ла­малардың орындалуына қатысты жұмыстарды күшейте түсуінің маңызы зор. Ол “Қол қойылды, қалғаны әрмен кетсін!” принципімен жазылатын кезекші бағдарлама болмауы керек. Ол орындалу механизмдері мен нәтижелері айқын жазылған сараланған салалық стратегия болуға тиіс. Өкінішке қарай, ҮИИДБ-де қаралған іс-шаралардың бәрі бірдей салалық бағдарла­ма­ларда көрініс таба алған жоқ. Ол кейбір мемлекеттік органдардың келісім алудың барлық процеду­ра­ларынан өтіп үлгермеуі салдарынан Қаржы ми­нис­трлігі мен Экономикалық даму және сауда ми­нис­трлігінің қолдауын ала алмауына байланысты болып отыр. Бірақ, менің ойымша, әлі де мәмілеге келу жолдарын іздестірген дұрыс сияқты. Өйткені тыйым салу– ол жол табудың ең қарапайым тәсілі. — Сонда бүгінде нақтылы қандай мәселелер ҮИИДБ-нің “жүзеге асыру пулына” ілікпей қалып отыр? — Мәселен, бюджетте қаржының болмауы сал­дарынан, химия өнеркәсібін дамыту бағдар­ла­ма­сын­да біртұтас республикалық сынақ лабо­ра­то­рия­сын құру, қызметкерлерді жетекші ха­лық­ара­лық компанияларда тәжірибеден өткізу сияқты іс-шаралар қолдау таба алмады. Сол сияқты, химия өнеркәсібін ресурстық қамтамасыз ету жағы, яғни шикізат кен орын­дарын барлау жұмыстары да қолдау таппады. Осы жәйттерді ескере келіп, біз болашақта пре­зиденттік үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасында қарастырылған барлық іс-шараларға басымдықты тұрғыда қарау орынды деп санаймыз. Олардың бәрінің де бүтіндей алғанда Мемлекет басшысы бекіткен мақсатты экономикалық жетістіктерге жетуге бағытталғанын түсіну қажет. Бұл жерде таза “бухгалтерлік” көзқарас болуға тиіс емес. — ҮИИДБ бағдарламаларына қатысты бәрі түсінікті сияқты. Ал енді өңірлік даму бағдар­лама­ларының жағдайы қалай болып жатыр? —Бүгінгі таңда жергілікті атқару органдары өңірлік бағдарламаларды әзірлеуді аяқтап келеді. Бұл бағдарламаларда өңірлер экономикасын дамыту перспек­ти­ва­ла­рының болашағы да, ше­шуші жобалардың салалық тұрғыда маман­да­нуы да айқын көрініс табуы тиіс. Өңірлік бағ­дар­ламаларда еңбек өнімділігін арттыруға, ин­новацияларды қолдауға, экспортты алға бастыруға, тікелей инвес­ти­ция­лар­ды тартуға, шағын бизнесті қолдауға бағытталған шаралардың бәрі де өзара байланыстырылуы керек. Және осылардың бәрінің шикізат ресурстарымен, қаржымен, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі игі. — Индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды жүзеге асыру перспективасы қандай? Оларға қалайша қолдау көрсетілмек? — Бүгінде Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 7,26 триллион теңге болатын 237 жоба енгізілген. Оның сыртында 3 триллион тең­ге­ден аса­тын жеткілікті әзірленген 88 перс­пек­ти­валы жобалар да бар. Мемлекеттік қол­дау ша­ра­ла­рының айыр­ма­шылықтары да жобаның ауқымына байланысты көрініс тапқан. Біз оларды үш топқа бөлдік. Ірілері – олар құны 300 миллион долларға дейінгі 39 жоба. Оларға әр жобаның нақты міндеттеріне байланыстырылған мемлекеттік қолдаудың арнайы пакеті қолданылатын болады. Орташалар – олар құны 20-дан 300 миллион долларға дейінгі жобалар. Мұнда жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындарын модерниза­ция­лауға бағытталған, “Өнімділік-2020” бағ­дар­ламасында және өзге де экспорт пен инвес­тицияларды қолдау бағдарламаларында жазылып көрсетілген мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары қолданылады. Және соңғысы, шағын жобалар тобы. Оған құны 20 миллион долларға дейінгі жобалар енген. Оларға “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дар­ламасы шеңберінде қабылданған қолдау құралдары қолданылады. Сол сияқты, ұсақ деңгейдегі жобаларға да назар аудару қажет. Олар негізінен өздерін өздері жұмыспен қамтыған тұрғындар саны көп ауылдық жер­лерде жүзеге асырылады. Оның өзі ин­­дус­трия­ландыру ісінің бұқаралылығын қам­та­масыз етуге жағдай жасайды. Бүтіндей алғанда жобалар бойынша жұмыстардың жаман жүріп жат­пағанын атап өту қажет, дегенмен олар бі­рінші басшы­лар­дың тұрақты назарында тұруы тиіс. Айталық, 12 жобаны жүзеге асыру мер­зім­де­рінің ауыстырылуы біз үшін күтпеген жәйт бол­ды. Қалай дегенде де, бақылау жасаудың ма­ңызы зор. Оның үстіне, ҮИИДБ алғаш бастау алған кезде-ақ мерзімдердің кешіктірілгені үшін әр­кімнің жеке басымен жауап беретіндігі айтылған. —Бұл жобалар қаржымен қаншалықты қамтамасыз етілген? —ҮИИДБ-нің көптеген жобалары бүгінгі кү­ні қаржыландыру көздерімен толық қам­та­масыз етілген. Бұл көп жағдайда Мемлекет бас­шы­сының шет мемлекеттер (Франция, Германия, Италия, Түркия, Қытай) басшы­ла­ры­мен уағ­да­лас­тыққа қол жеткізуінің, Ұлттық қор­дың, мем­лекеттік хол­динг­тердің мүм­кін­дік­терінің, қа­зақ­стандық ірі компаниялар мен қар­жы инс­ти-туттарында бастапқы капитал мен ре­сурстардың болуының арқасында жүзеге асып отыр. Сонымен бірге ел экономикасына шетел инвес­тицияларын тарту әлеуетінің мол екендігін, бұл тұрғыда мүмкіндіктердің бәрінің бірдей пайдаланылмағанын да атап өткім келеді. Алдын-ала жасалған есептеулер ҮИИДБ шең­берінде таяудағы төрт жыл ішінде эко­но­миканың шикізаттық емес секторына кемінде 30 миллиард доллар инвестиция тартуға болатынын көрсетіп отыр. Ол үшін Алматы өңірлік қаржы орталы­ғы­ның, ішкі қор рыноктарының, исламдық қар­жы­лан­дырудың, халықаралық қаржы инс­ти­тут­тарының мүмкіндіктері мен басқа да жағдайларды белсенді пайдалану қажет. Әрине, шетел инвесторларымен жұмыс маңызды бағыттардың бірінен саналады. Өйткені біз олардан қаржы капиталын ғана емес, сонымен қатар озық технологиялар, ме­недж­менттер мен брендтер, өнім өткізу ры­ноктарын ала аламыз. Біз мұндай жұмыстарды жүргіздік және жүргізе де беретін боламыз. Мәселен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі “Самұрық-Қазына” қорымен, мемлекеттік органдармен және “KAZNEX ІNVEST” экспорт және ин­вес­тициялар жөнін­де­гі ұлттық агенттікпен бірлесіп әлемнің 21 елі­нің инвесторларымен тығыз жұмыстар жүргізіп, 150-ден астам инвестициялық бастамаларды қарастыруда. — Сіз осылар жеткілікті болады деп ойлайсыз ба? — Біз сыртқы займдар рыногындағы ахуалға сындарлы баға бере отырып, Қазақстанның толыққанды инвестициялық хабқа айналуы үшін инвестициялар тартуға, бүтіндей алғанда елде ғана емес, сонымен бірге өңірлер бойынша да үздік инвестициялық ахуал туғызуға қалыптасқан жүйелі жұмыстардың ғана көмегін тигізе алатынын түсінеміз. Осы мақсатпен біз ҮИИДБ жобаларына инвестициялар тартудың арнайы бағдарламасын әзірледік, ол Мемкомиссияда қаралды. Онда жүйелі деген мәселелердің бір шоғырын шешу және осы негізде бірқатар заңнамалық актілерге инвестиция мәселелері бойынша өзгертулер енгізу қарастырылған. Бірақ қазіргі сатыда бірқатар әкімшілік-ұйымдастырушылық шаралар қабылдаудың да маңызы зор. Атап айтқанда, инвестициялық “ом­будс­мен” түрінде қызмет істейтін шетел ин­вес­тициялары жөніндегі комиссия құру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуда. Оның басты міндеті—мемлекеттік қызметшілердің өз жұмыс­тарына деген көзқарастарын түбірінен өзгерту. Мем­ле­кеттік қызметшінің инвесторға қатысты “тәртіп сақшысы” емес екенін түсінудің маңызы зор. Ше­тел инвесторларына деген сыпайы, оң ниетті көз­қарасты әуежайдағы шекара және кеден қызметтерінен бастап, белгілі бір шешімдер шығару ісінде жауапты мекемелердің бәріндегі мемлекеттік құрылымдарда қалып­тас­тыру қажет. Сол сияқты, үкіметаралық комиссиялар мен Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің де қызметтерінің белсенділіктерін арттыра түсу қажет. Бұл орайда үкіметаралық комиссияның әр мүшесі—елші, министр, әкім, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшылары үшін шетел инвес­тицияларын тартудың мақсатты көрсеткіштерін анықтау ұсынылады. Басқаша айтқанда, мұның өзі жыл ішінде ол салаға немесе өңірге нақтылы қанша инвестиция тартуы тиіс екендігі жөніндегі өзіндік бір жоспар іспетті болмақ. Сондай-ақ әрбір әкімдікте Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен үйлесімді түрде шетел инвес­тор­ларымен жұмыс жөніндегі өңірлік офис қызметін атқаратын құрылымдық бөлімшелер де болуы керек. —Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысында өткен шекаралық қызметтестік жөніндегі форумда сөйлеген сөзінде инновациялық дамудың ел дамуы үшін стратегиялық тұрғыда қаншалықты маңызды екенін тағы да атап көрсетті. Бұл бағытта нақтылы қандай жұмыстар атқарылуда? —Ең бастысы, біз негізгі үш міндетті анықтап алдық. Біздің түсінуімізше, инвестиция біртұтас үш мәнге ие. Біріншіден, ол өнеркәсіпті сұраныс пен инновацияларды туындататын негіз ретінде техникалық модернизациялау. Екіншіден, ол өзіміздің ғылыми және тех­нологиялық білік­ті­лі­гі­мізді ұлғайту. Үшіншіден, қолайлы ин­вес­тициялық орта құру, яғни заңнамалардан бастап ғалымдарды, жаңашыл­дарды, өнертапқыш­тарды қолдаудың инфрақұрылымы мен жүйесін құруға дейінгі инновациялық ортаны дамытудың барлық проблемаларын шешу. Тек осындай көзқарастар арқылы ғана ұлттық инновациялық жүйеге жүйелілік пен кешенділік сипат беруге болады. Бұл бағытта біз көптеген жұмыстар атқардық. Атап айтқанда, биыл тұңғыш рет ғылыми ізденістер үшін коммерциялық тартымдылыққа ие гранттар бағдарламасы іске қосылды. Республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде ғалымдардан 350 тапсырыс түсіп, олар қазіргі таңда экономикалық, эколо­гиялық және техникалық сараптамалардан өтуде. Технологиялар трансферті және кәсіп­орын­дарды технологиялық модернизациялаудың ықпалды механизмі ретінде көліктік мәшине жасау және кен-металлургия жабдықтарының конструкторлық бюросы құрылды. “Зиксто” зауытымен бірлесіп хоппер жүк вагондарын, перфораторлар шығару жөніндегі алғашқы жобалар басталып та кетті. Жыл соңына дейін тағы біреуі—мұнай-газ жабдықтары жөніндегі конструкторлық бюро жұмысқа кірісетін болады. — Инновациялық бағытта Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен өзге мем­ле­кеттік органдардың белсенділігі қандай дәрежеде? — Өкінішке қарай, инновациялық дамудың мемлекеттік органдардың, әкімдердің, мем­лекеттік компаниялар басшыларының бәріне бірдей күнделікті қызметтегі шынайы басым­дық­қа айнала алмағанын мойындауымыз қажет. Біз­дің па­йым­дауымызша, ахуалға тұрақты түрде мо­ни­т­о­ринг жүргізіліп отыруы тиіс. Инновациялық саясатты жүзеге асыруға қатысты “Орталық—сала–өңір” үлгісі бойынша бақылаудың жалпылай қамтитын жүйесін құру керек. Өңір басшылары жоғары технологиялы инновациялық өндірістерді өз қорғауларына алып, оларға барынша қолайлы режімдер туғызуы керек. Әрбір жаңашыл, өнертапқыш биліктің ерекше ықыласына бөленуі тиіс. Оның сыртында әр өңірде, әр салада және әрбір басым бағыттар бо­йынша инновациялар орталықтарын құру мүмкіндіктерін зерттеуге кірісу керек. Бүкіл әдістемелік қолдауды, үдерістерді үй­лес­тіруді, институттық көмекті біздің министрлік ұсынатын болады. Өз кезегінде әрбір мемлекеттік орган мен ұлттық компанияда инновация мәселелері үшін жауап беретін басшының бірінші орынбасарын белгілеу қажет. — Бизнес-ахуалды жасқарту үшін нақты қандай жұмыстар атқарылатын болады? — Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске са­лықтық ауыртпалықтар дәйекті түрде тө­мен­детілуде, әкімшілік кедергілер қысқар­ты­луда. Бірақ біз Кеден одағының құрылуына бай­ланысты біздің еліміз бен жекелеген өңірлер ар­сында саламатты бәсекелестіктің күшейе тү­сетінін де түсінуге тиіспіз. Ол дегеніңіз, біздің іс­керлік ахуал­дың тартымдылығын әрбір кри­терийлер бо­йынша тексеріп, неғұрлым оперативті, икемді, бейтарап, тіпті креативті болуымыз керектігін білдіреді. Президент атап көрсеткендей, кәсіпкерлік қызметті қылмыстық жағдайлардан арылту да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Оны кәсіпкерлік қызметтегі құқықтық ортаны жетілдіру арқылы қамтамасыз етуге болады. Экспортқа бағытталған, жоғары өнімділікті, ин­но­вациялық кәсіпорындарды барынша қор­ғау­ға алу қажет, өйткені бәсекеге қабілетті эко­но­ми­каны құрудың “драйверлері” де дәл солар бо­лып табылады. Сол сияқты мемлекеттік басқару органдарының кәсіпкерлік ортада пайда болған проблемалардан бейтарап қалмай, оларды бір­лесіп шешу қажеттілігін түсінуі де аса маңызды. —Үкімет отырысында сөйлеген сөзіңізде сіз үде­мелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру жөніндегі бірқатар кеңестерді ортаға салдыңыз. Солар туралы егжей-тегжейлі айтып бермейсіз бе? —Біздің пікірімізше, мемлекеттік органдар жұ­мы­сының тиімділігін арттырып, Мемлекет бас­шысы 2020 жылға дейінгі кезеңге алға қойған мін­деттерді шешу үшін биліктің барлық тармақ­тарын қайта құрып, күш-жігерді шоғырландыру қажет. ҮИИДБ шешетін міндеттер ауқымды да көп деңгейлі. Жобаны жүзеге асыру қажетті заң­дар­ды қабылдаудан басталып, жекелеген кәсіп­ор­ын­дар­дың нақты проблемаларын шешумен аяқталады. Қандай да бір баяулаушылық, ең бір кішкентей деген мәселенің өзін уақытынан кешіктіріп шешу тізбекті реакция туындатады, ал оның артында бағдарламаның стратегиялық мақсаттарының орындалмай қалу қаупі тұр. Қазіргі таңда өзара байланысқан мыңдаған іс-шараларды ескеріп отыратын басқарудың заманауи әдіс-тәсілдері қажет. Сондықтан да арнайы орган–Индус­трия­лан­дыруды басқару орталығын құру ұсынылып отыр. Оның басты мақсаты—бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуының барлық сатыларда да тиімді орындалуына бақылау орнату. — Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов индустриялық саясатты ұлттық идея деңгейіне дейін көтеру қажет деген мәселе көтерді. ҮИИДБ-ні жүзеге асыру жөніндегі әріптестеріңіз бұған қалай қарайды? — Сәл бұрынырақ, Премьер-Министрдің тап­сырмасы бойынша Президент Әкімшілігімен және “Нұр Отан” ХДП-мен консультациялар өткізілді. Жобалармен және инвесторлармен жұмыс­тағы біздің олармен өзара байла­ныс­та­рымыз жақсы сипатқа ие. Атап айтқанда, “Нұр Отан” ХДП-мен бағдарламаны жариялау мен тү­сінд­іруде көмек көрсетілетіндігі туралы келісімге келдік. Партия өкілдері ҮИИДБ-нің мақсаттары мен міндеттері туралы ақпараттарды әрбір үйге, елдің әрбір тұрғынына дейін жеткізуге ниетті. Біз индус­трия­ландырудың кезекті насихаттық науқан емес еке­нін, оның шындап қолға алынған және тоқтаусыз атқарылатын іс екенін әркімге де жеткізуге тиіспіз. —Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.