Көрнекті қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың туғанына 150 жыл толуына орай
Ақтар түрмесінің жалғыз кісілік камерасында сарылып жатқан қарт Қаратаев өзіне өзі: “Большевизм өкімет басында қала ала ма? – деген сауал қойды. Артынша: “Ол, меніңше, өздерін өздері өкімет еткендердің тіршілігі тоқтағанға дейін билікте тұра алады!” – деп өз сұрағына өзі еңсе көтере жауап берді.
“Өздерін өздері өкімет еткендер” дегені – өзін абақтысына жауып тастаған казак әскери үкіметі...
Қапаста қажып, бостандықты аңсап зарыққаннан бері серігі етіп келе жатқан күнделігі беттеріне ол одан әрі: “Большевизм сахнадан ауыспалы кезеңнің міндетін өтеп барып кетеді, ол өз орнын бейбіт, жасампаз және атап айту керек, социалистік тұрпаттағы өкіметтерге береді. Әзірге большевизм күллі ескі әрі іріп-шіріген дүниені күйретуші мәнінде әрекет етуде. Ал жасампаздар – басқа адамдар болады...”, – деп жазды.
Бәрімізге мәлім, большевиктер партиясы билікте жетпіс жылдан астам уақыт тұрғаннан кейін ғана тұғырынан тайған-ды. Төңкеріспен бастаған әкімшілік ғұмырын төңкеріспен, абыройсыз доғарған. Сондықтан да, осынау билеуші партия хақында Бақытжан Қаратаевтың 1918 жылы жазып қалдырғанының, қазіргі дәуір биігінен қарағанда небір ойға жетелейтін қызық пайым-болжам екені дау тудырмайды.
Ал большевизмнің күні түптің-түбінде өткінші болатындығы хақындағы бұл сөздерді жазып отырған тұтқын Бақытжан Қаратаевтың өзі де большевик болатын. Ол, өлкеге ірі демократ, қоғам қайраткері, халық мұңын жоқтаған ел ағасы, абзал азамат ретінде әйгілі ақбас қарт, Оралдағы большевиктік совдептің жұмысшы, шаруа, солдат депутаттары облыстық кеңесінің мүшесі әрі әділет комиссары ретінде тұтқындалған еді.
1918 жылғы наурыздың 28-інен 29-ына қараған түні Орал казактарының әскери үкіметі (войсковое правительство) қалада контрреволюциялық төңкеріс жасады. Соның алдында ғана Мәскеуде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының төтенше ІV бүкілресейлік съезі жұмыс істеп, Брест бітімі туралы келісімді мақұлдаған-ды. Съезге делегат болып қатысып қайтқан Орал совдепі атқару комитетінің төрағасы Петр Иосифович Дмитриев облыстық съезде арнайы баяндама жасаған болатын. Орал кеңестерінің съезі Брест бітіміне қолдау көрсеткен қарар қабылдады. Сондай-ақ, тап сол тұста өтіп жатқан Орал казактарының съезіне өкілдер жіберіп, Кеңес өкіметін мойындауға шақырды. Белгілі мөлшерде совдеп құрамына сайлауға өз араларынан мүше болуға лайықтылар тізімін беруді ұсынды. Алайда әскери үкімет совдептің ұсынысын ерсі көріп, қабыл алудан бас тартты. Бақайшағына дейін қаруланған казактар Орал қаласындағы көне шіркеуге жиылып, большевиктерге қарсы қасық қаны қалғанша күресуге ант ішісті...
Әскери үкімет совдеп мүшелерінің көпшілігін төңкеріс жасаған алғашқы түннің өзінде-ақ ұстап үлгерген-ді. Қаладан большевиктердің аз ғана бөлігі қашып шыға алды. Сол азшылық ішінде Әділет комиссары Қаратаев та бар-ды. Бірақ, көп ұзамай, ақ казактар оны өз поселкесіндегі үйінде жатқан жерінен тұтқынға алды да, Оралға әкеліп абақтыға жапты. Содан ол түрмеден 1919 жылғы қаңтардың 24-інде, Орал қаласын ақтардан Қызыл Армияның атты әскері азат еткенде бір-ақ босанды.
Тұтқындалған күні өзінен жауап алған әскери үкімет тергеушісіне Бақытжан Бисәліұлы казактар төңкерісінің заңсыздығын әшкерелеп жауап берген-ді. Оны ә дегенде ату жазасына кесу ұйғарылған еді, алайда, билік оның өлкедегі беделін ескермей тұра алмады... Содан ол жылға жақын жеке камерада қамаулы жатты. Сонда да, сағын сындырмай, күнделігіне: “...Мен әскери үкіметке Қазан революциясы мен Кеңес өкіметін казактар мүддесі үшін, өзара қырқыс пен қантөгісті болдырмау үшін мойындауды ұсынамын”, – деп жазды. Ол жаңа үкіметті жұмысшылар ғана емес, сан миллион шаруа құлшына қолдағанын, казачествоның бұл нөпір күшке қарсы тұруға шамасы жетпейтінін айтты. Сонау қалың бұқара қаһарын көріп-тани білуге өзін абақтыда ұстап отырғандарды шақырды. “Егер өзіміздің туған Кеңес өкіметіміз бар болса – Екінші Николай немесе Керенский, немесе тіпті Құрылтай жиналысы (Учредительное собрание) қай сайтаныма керек!” – деп ағынан жарыла жазыпты осынау қарт тұтқын Кеңес өкіметі жауларының түрмесінде жатып, дәптерінің беттерінде.
Мұнысы, әрине, жәй тебіреніс емес-ті. Қаратаев Кеңес өкіметін тұтқынға түсуден көп бұрын насихаттап жүрген. Сондықтан, түрмеден шығысымен, оны сөзбен де, қарумен де қорғауға білек сыбана кірісті. Орал облыстық кеңесінің қазақ бөлімін басқарды, қазақ жігіттерінен ерікті атты әскер бригадасын ұйымдастырды. Шығыс майданы құрамындағы төртінші армияның қазақ бригадасында саяси бөлім бастығы болды. Қоршауда қалған Орал қаласын азат етуге қатысты. “Қаратаев жолдас алғашқы қазақ қызыл гвардияшылары мен қызыл партизандарының бірі еді”, – деп жазды ол қайтыс болғанда, 1934 жылғы 27 тамызда “Актюбинская правда” газеті.
Қызыл партизан Қаратаев азамат соғысының от-жалынын кеше жүріп, болашақ Қазақ автономиясының мәселелерін көтерген ұйытқы топ құрамында бірқатар елеулі іс тындырды. 1919 жылғы 24 шілдеде Ресей Федерациясының Халық Комиссарлары Кеңесі оны Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитетінің мүшелігіне тағайындады.
Бір қарағанда, текті тұқым өкілінің жарлы-жақыбайлар жағына ойланбастан шығып, жаңа өкімет үшін жан аямай күресуі таңқалдырады. Кезінде оны сондай көзқарасы үшін алаш қайраткерлері ұнатпаған-ды. Ол жайында шетелден Мұстафа Шоқаев та жағымсыз сөздер жазды. Большевик Қаратаев та алаштықтар ұстанымын қабыл алған емес. Алайда оның бұл әрекетінде түсінуге болмайтындай еш оғаштық жоқ еді. Қаратаевтың дүниетанымы осы жолға оны саналы түрде алып келді...
Бақытжан Бисәліұлы Әбілқайыр ханнан тікелей тараған бұтаққа жатады. 1860 жылы Орал облысындағы Дәулетжан сұлтанның шаңырағында дүниеге келген кішкене Бақытжанды үлкен әкесі (Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Қаратай ханның ұлы) Бисәлі сұлтан бауырына басқан көрінеді. Жас сұлтан әуелі ауыл мектебінде, сосын Орынбор гимназиясында оқиды. 1886 жылы императорлық Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1890 жылы, бетіне “ИСПУ. 1890. Каратаев” деп аты жазылған кіші алтын медальмен аяқтап шығады.
Қаратаевтың азаматтық көзқарасы шәкірт шақтарында, жас кезінде, сол тұстардағы окиғалар сырын зерек түсіну орайында қалыптасты. Оның мектеп пен гимназияда оқып жүрген жылдарында патша әкімдері өмірге енгізген, қазақ тұрмысына қолайсыз тиген, халық қаламаған реформаларға орай үлкенді-кішілі толқулар туған болатын. Басқару лауазымдарынан аластатылған төре тұқымдарының жай-күйі, ондай шараның себеп-салдары, отарлық езгіден күйзелген ел тіршілігі, т.с.с. көз алдында көлбеңдеген сан-алуан сүреңсіз жәйт біткен оқу-білімге талпынған жас сұлтанды ойға батырмай қоймағаны хақ.
Университет қабырғасында жүрген шағында Санкт-Петербургтегі студенттік жиындар мен толқуларға қатысып тұруы да көп нәрсені анғартса керек. Оған инспектор әлденеше мәрте ескерту жасап, бұдан былай ондай рұқсат етілмеген жиналыстарға қатысуға тыйым салып отырған. Зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов кезінде оның студенттік іс-қағазында сондай екі қолхат сақталғанын жазған-ды.
Отарлаушы және отарланушы жұрт өкілдерінің ара-қатынасын ол жастайынан сарапшыл, аңғарымпаз, сыншыл көңілмен бағамдап жүрген. Бұған Қаратаевтың қолжазбаларының біріндегі мына жолдар куә: “...киргиз-қайсақтар неліктен орыс чиновниктері мен мекемелеріне келгенде жалған сөйлеуге және алдауға бейім деген сұраққа Арғын руындағы төменгі шекті бұтағының беделді қазағы, Шеген батырдың немересі Қорғанбек Бірімжанов 1886 жылы, менің Петербург университетінің студенті кезімде, Торғай облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Барабашқа менің көз алдымда былай деді: “Қазақ халқының даналығы айтады, егер сен орыс чиновнигіне шын көңілден, жүрегіңмен ақтарылып шындықты айтсаң, ол саған сенбейді, ал егер сен оған қиыстырып тұрып, шебер тілмен өтірік айтсаң, құлай сенеді”. Қорғанбек Бірімжановтың бұл сөздері ақиқат болғандықтан да, царизм чиновнигінің бетіне түкірілген терең де ащы әжуаға толы қақырық еді...”
ИСПУ-ді тәмамдаған соң Бақытжан Қаратаев Правительствующий (билік айтушы, басқарушы) сенаттың екінші департаментіне қызметке қалдырылады. Бұл оқиғаны “Дала уәлаяты газеті” қазақтар үшін үлкен жетістік ретінде қуана жариялайды. Алайда Басқарушы сенат Қаратаевты өзінің айбарлы қабырғасында ұзақ ұстамай, Кутаиси қаласына тергеуші етіп жібереді. Бұл жәйт 1891 жылғы Дала ережесінің қабылдануымен тұстас келеді.
Содан Бақытжан Бисәліұлы қазақтың көшпенді тұрмысына жаңа лаң әкелген ереже күшіне еніп болған соң, 1897 жылы ғана грузиндер ортасымен қоштасып, туған жеріне оралды.
Еліндегі қызметін ол халықка заң тұрғысынан жәрдемдесуден бастайды, заң қызметтерін атқарып, қорғаушы болып істейді. Одан біртіндеп ағарту ісіне араласа келе, қоғамдық-саяси жұмыспен кең көлемде шұғылдануға бет бұрады. Империяның жоғарғы кеңсесінде, сондай-ақ Грузия сынды өзге де отар өлкесінде қызмет атқару арқылы көзі ашылып, ысыла түскен қоғам қайраткерін патша өкіметінің жоспарлы түрде жүзеге асырып келе жатқан отарлау жұмыстарының қазақ халқы үшін қайғылы салдарлары: жердің тарылуы, дінге, оқуға, күнкөріске айтулы қысым көрсетілуі қатты толғандырады.
Қаратаев патшаның 1905 жылғы “17 ақпан рескриптіне” сәйкес, петиция науқанына қатысты. Шілдеде бір топ ұлт депутациясын бастап барып, Екінші Николай патшаның қабылдауында болды. Онда қазақтардың діни иланымын қорғауға бағытталған және жобаланып жатқан өкілдік жиынға қазақ халқының өкілі де жіберілуін сұраған өтініштер білдірді. Сол жылдың соңына қарай Оралда “бес облыс делегаттары съезін” өткізуге мұрындық болды. Желтоқсанда тұңғыш Қазақ саяси партиясын құрды. Әйгілі “17 қазан манифесі” жария болған тұста, орталықта ұйысқан конституционалист-демократтар партиясының бағдарламасы қазақ партиясы ұстанымының негізіне алынып, оның жер жөніндегі тараушасы қазақ мұңына лайықталып қайта тұжырымдалды. Алайда қазақ конституцияшыл-демократтарының бұлай етіп өзінше дербестік көрсетуі Питердегі кадеттер мен олардың баспасөзінде қатты сынға ұшырады.
Бақытжан Қаратаев 1907 жылдың басында екінші мәрте шақырылған Мемлекеттік думаға Орал облысы қазақтарының атынан депутат болып сайланды. Дума жұмысына қатысу үшін Петербургке жүрер қарсаңында ол баспасөзде өзінің ұстанымын – империя парламентінде қазақтар атынан өкілдік еткенде атқармақ болашақ депутаттық және қоғамдық-саяси қызметіне бағдарлама іспетті мақаласын жария етті. Оны Орынбор қаласының татар социал-демократтары шығарып тұрған “Орал” газетінің бетінде “Орыс халқына ашық хат” деген тақырыппен 1907 жылғы 7 ақпанда бастырды. Мұнда ол орыс шаруаларының қазақ жеріне көшірілуіне байланысты билік тарапынан кеңінен жол беріліп келе жатқан заңсыздықтарды ашып көрсетті. Қазақтардың ата-баба қонысынан, тіпті, тұрғын жайларынан зорлықпен қуылуын, кейде жеке меншіктеріндегі малдарын да күштеп тартып алудың орын алып отырғанын, сондай өрескел қылықтар салдарынан қантөгіске апарулы қақтығыстар жиі байқалып жүргенін айтты.
Бейбіт қазақ халқының заңды ашу-ызасын туғызып тұрған әлгіндей жәйттерді байыппен саралай келіп, орыс парламентіне мүше ретінде Питерге аттанғалы отырған осынау қазақ уәкілі: “Біз бұларды орыс халқына жаулық қарым-қатынаста болғандықтан емес, достық көңілден айтып отырмыз, – деп жазды. – Орыс халқы бізге дұшпан емес, біздің онымен ортақ дұшпанымыз бар, ол – патшалық самодержавие-дүр... біз былай ойлаймыз: ең алдымен Ресейдің өз ішінде жеке адамдарға, кабинетке, монастырьларға бөлінген және басқа да жер-су жерсіз шаруалардың қолына берілуге керек, ал күллі ел бойынша жер біткен халық меншігі ретінде танылуға тиіс. Бұл үшін елдің барша жоғарғы өкіметі халықтың өз қолына өтсін. Самодержавие биліктен кетпейінше – жер мәселесі оң шешілмейді, сондықтан да біз жер үшін күресті Ресейдің барлық халқымен бірлесіп жүргізу ниетіндеміз”.
Осы сөздерінен Бақытжан Бисәліұлының революцияға дейінгі де, одан кейінгі де іс-әрекеттерін айқындаған мақсатын айқын аңғаруға болады. Көпшілікке мәлім, ол ІІ Мемлекеттік думаның пленарлық мәжілістерінде де, өзі мүше болған аграрлық және басқа комиссияларда, одан тысқары, үкімет мекемелерінде де зор қажыр-қайратпен қазақ халқының мұң-мұқтажын жоқтады. Өзінің 1907 жылғы 16 мамырда Мемлекеттік дума мінбесінен сөйлеген атақты сөзінде орыс шаруаларының басына түскен жағдайды қазақ депутаттарының түсінетінін, жандары шын ашитынын ескертті. Сондықтан да, шаруалар ахуалын жақсарту мәселесін олардың тұрған аудандарында жерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту арқылы шешуге ықылас білдірмейтін Думадағы оңшылдарға өздерінің ұқсағылары келмейтінін айта келіп: “Мемлекеттік дума мынаны есте ұстасын – Ресейдің өз ішіндегі... жүз отыз мың помещик мүддесін қорғау үшін шаруаларды қазақ жеріне көшіріп, оларды ренжітуде, – деді. – Мемлекеттік думаның есінде болсын, қазақтар шаруалардың жер мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жеке иеліктердегі жерлерді күштеп бөліп алуды қалайтын барлық оппозициялық фракцияларға әрдайым бүйрегі бұра қарайды. Бірақ мынаны ойлаңыздар, қазіргі таңда осынау помещиктерді құтқару үшін қазақтарды жерінен ғана емес, тұрған үйінен, жалғыз баспанасынан күштеп шығарып жіберіп жатыр”.
Екінші Думаға келген бетте ол мұсылмандар фракциясына тіркелген-ді. Қазақ істерін заң жолымен шешуге тырысқан белсенді әрекеттерін “3 маусым төңкерісінен” кейін де, ІІІ және ІV Мемдумалардағы мұсылман фракциясы мен тобы арқылы жасап тұрды.
Әйгілі Столыпин реакциясы тұсында қазақ даласына келіп қоныстанушылар саны күрт артып, шұрайлы жерлерінен айрылған жергілікті халықтың ахуалы нашарлай түскен-ді. Қазақтардың тек қана жер тістеп аман қалуына болатынын, сондықтан тездетіп отырықшы өмірге көшуін Қаратаев сол шақта қатты насихаттады. Ол ауылдастардың заң пұрсат ететін мөлшерде, ұйысушылар санына қарай жер телімін кескізіп алып, сосын соны қауымдасып пайдалануын орынды деп білді. Қоныстарынан жаппай қуып жіберуді көздеген үкімет саясатына жем болмай, төтеп беру, тіпті қарсы тұру жолы, оның ойынша – әркімге тиесілі 15 десятиналық нормамен егістікке жарамды жерді бөлгізіп алып, қауым болып иеленуде жатыр. Мұндай әрекет белгілі бір ауылдар тобының егін егуге қолайлы алқапты игеруіне заң тұрғысынан ерік береді, ал телімдер арасындағы егістікке жарамайтын жерлерге мал жая беруге болар еді деп пайымдады ол...
Патша үкіметінің әріден ойластырылған жоспармен жүргізілуі қатыгез отарлау саясатының құрбаны болудан сақтарлық тәжірибені Қаратаев өзі көрсетті. Ол 1910 жылы Орал облысындағы Жымпиты үйезінің Шідерті болысындағы сегіз көшпенді ауылдың адамдары үшін жер кестіріп алып, әрі диқан, әрі малшы тірлігін үйлестіре жолға қойған отырықшылар поселкесін салды. Бұл қыстақтың экономикалық тыныс-тіршілігі туралы, сондай-ақ жалпы қазақ халқын өз жерінде орнықтырып қалуға жерді қауымдасып пайдалану кепіл болады деп есептеген Бақытжан Бисәліұлының саяси-әлеуметтік көзқарастары жөнінде зерттеуші-экономист Мұхамбетқали Жақсәлиев жинаған мол материал мен қорытқан тұжырымдар аса қызықты және әлі мәнін жойған жоқ.
Шынында, 20 ғасырдың басында, патша үкіметінің отаршылдық шаралары үдеп бара жатқан шақта, халықты қолданыстағы заң ауқымында көшпенділік өмір салтын өзгертуге, мал басын азайтып, оның өнімділігін арттыруға, егіншілікпен, саудамен айналысуға, білім алып, ғылымның қыр-сырын игеруге үндегені сұлтан Қаратаевтың бірінші кезекте бұқара қамын ойлаған көреген қайраткер екенін дәлелдей түседі.
Халықты пайдалы іске жұмылдыруда дүркіндік басылым насихатының айрықша пәрменді боларын анық ұққандықтан, қазақ зиялылары ұлттық газет-журналдар ашуды қолға алғаны мәлім. Бақытжан Қаратаев әуелі 1911 жылы Ордада, ұзамай Оралда шығып тұрған “Қазақстан” газетінің ұйымдастырушысы әрі қамқоры болды. Араға аз уақыт салып, Троицкіде “Айқап” журналы шыға бастағанда қуанышын білдіріп, шығарушыларға телеграмма жіберді. Сондағы Қаратаев сұлтанның жеделхаты көшірме түрінде Орталық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұр. Ол өзінің қоғамдық-саяси және экономикалық ой-пікірлерін, өзін толғандырған өзге де мәселелерді осы аталған екі басылымда және бұлардан кейін шаңырақ көтерген “Қазақ” газетінде, сондай-ақ “Фикер” (Пікір), “Құяш” (Күн), “Вақыт” (Уақыт) секілді татар тілінде жарық көрген баспасөз құралдары беттерінде де үзбей ортаға салатын.
Патша үкіметі Бақытжан Бисәліұлын сенімсіз адам деп білді. Құпия полиция тыңшылары арқылы оның әр басқан ізін аңдып жүретін болды. Қаратаев өзін аңдушыларға, заңгер ретінде, әрине, ілік бермеуге тырысты. Серіктеріне де сондай ақыл айтып жүрді. 1913-1914 жылдары қазақтың жігерлі жас зиялылары ел тағдырын әңгіме етерлік құрылтай шақыру қажеттігін жиі көтерген. Белгілі демократ, ел сыйлайтын аға ретінде, Бәкеңнен кеңес сұраған. Сонда Бақытжан Қаратаев олардың бастамасын қызу қолдай отырып, құрылтай өткізу үшін жергілікті өкіметтің рұқсатын алу қажеттігін, яғни заңдылықты сақтап барып, халық мұңын ортаға салатын жиналыс өткізуге қол жеткізгеннің дұрыс болмағын ескерткен-ді.
Жаманды-жақсылы заңдары бола тұра, соларының өзін дұрыс сақтамау, қажет етсе мақсаттарына қарай бұрып алу, әлде мүлдем белінен басу дегеніңіз, өкінішке қарай, империядағы үйреншікті шаруа-тын. Қаратаев әділеттілік жолындағы күресінде үкіметтің осы кемшілігін нысанаға алып отырды. Әсіресе, 1916 жылғы 25 маусымдағы майданның қара жұмыстарына бұратаналарды шақырған белгілі патша пәрменіне жауап ретінде туған толқулар себебін ол жоғарғы орындардың заңсыздыққа жол беруінен көрді. ІV Мемлекеттік дума төрағасына, соғыс және ішкі істер министрлеріне тапсырған “Қазақтар жайындағы естелік жазбасында” ол заңның бұзылған жерлері мен олардың салдарларын талдай келіп, қазақ жігіттерін соғыс құрылыстарына алуды мүлдем тоқтатуды, немесе шақыру мерзімін кейінге қалдыруды талап етті.
Шешімталдығын ол мұсылмандардың 1917 жылғы Мәскеу съезінде де көрсетті. Ақпан революциясы тудырған жаңа саяси ахуалда өткен Ресей мұсылмандарының бұл съезі Уақытша үкіметті қолдап, орыс-герман соғысын жеңіске жеткенше жалғастыру жағын айта бастаған. Ұйымдастырушылардың пікіріне Бақытжан Бисәліұлы қосылмады. Ол биліктен кеткен патша әкімшілігі бастаған, елді күйзеліске ұшыратқан соғысты шұғыл доғару қажет деп білді. Өз ойында қала беретінінің белгісі ретінде, жиһангершілік соғысты тоқтату керектігін бұрыннан көтеріп жүрген большевиктер партиясы қатарына кірді. Бұл 1917 жылдың мамыр айы болатын. Содан, большевизм ұранымен оншақты жыл қызмет етті.
Қарт қайраткердің азамат соғысында сіңірген еңбектері мен Қазақ революциялық комитетінің мүшесі ретіндегі қызметін академик Салық Зиманов өз кітаптарында тиянақты саралап талдаған. Ал оның әр кезеңдегі саяси-құқықтық көзқарастарын қадірменді академиктің шәкірті профессор Сәкен Өзбекұлы егжей-тегжейлі қарастырды. Аталған ғалымдардың және өзге де зерттеушілердің жазғандарынан туатын жалғыз ғана ой сол, Бақытжан Қаратаев халқына әрдайым пайдалы болу жолында адал еңбек еткен үлкен қайраткер еді. Ол ел қамы үшін компартия мүшесі де болды, тек кейінірек, 1927 жылы, әлде большевиктер ісіне көңілі толмағанынан ба, әлде, 1934 жылы қайтыс болғанында шыққан некрологта көрсетілгендей, жасы ұлғайып, белсенді жұмысқа араласа алмаймын деп есептегенінен бе, партия қатарынан шығып кетті.
Халық ұмытпайтын соңғы бір ерлігі – 1932 жылғы жазда Қазақстанның “жарты патшасы” Филипп Голощекинді ашаршылық қырғынын жасаған қылмысты саясатын бетіне басып, Ақтөбе вокзалы алаңындағы дүйім жұрт көзінше айыптағаны...
Өмірінің соңғы жылдары ол ғылыми жұмыспен шұғылданды. Артына мол мұра қалдырды. Оның өлкедегі азаттық қозғалыстары жайындағы тарихи шолуы бүгінде ғылыми айналымға енген. Орталық мемлекеттік мұрағатта арнайы “Қаратаев қоры” бар, зерттеушіге мұндағы құжаттар мен материалдардың революция тарихынан көп мағлұмат берері сөзсіз.
Бақытжан Қаратаев – қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі. Алайда оның есімі мен қызметі әлі де өз деңгейіне лайықты бағасын ала қойған жоқ. Оған Кеңес өкіметі тұсында ұзақ жылдарға созылған тарих ғылымындағы бұрмалаулар себеп болды.
Әкесінің революциялық қызметін жұртшылыққа бұрынғы партия тарихы институтының ғалымдары қате түсіндіріп жүргені жайында кезінде Зейнеп Бақытжанқызы Қаратаева әлденеше мәрте мәселе көтерген болатын. Зейнеп апайдың сондай өтініштерінің бірі 1985 жылдың соңында республикамыздың ең жоғарғы санаттағы өкімет органында қалай қаралғанына осы жолдар авторы куә болған еді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының тапсыруына орай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институты хатты тексеріп, 1986 жылғы 16 сәуірде жауап қайтарды. Сонда сол тұстағы ең құзырлы ғылыми мекеме аса беделді басшысының қолымен: “Партия тарихы институты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тапсырмасына орай, Б.Б. Қаратаевтың қызының арыздарын талдаумен әлденеше рет шұғылданды”, – дей келіп, оны “Қазақстанның Октябрь кезеңіне дейінгі феодал-бай интеллигенттері лидерінің бірі, кадет партиясының мүшесі болған”, – деп өмірдерегін бұрмалаңқырай сипаттады.
Одан, айыптаған сарынмен: Қаратаев “1905 жылғы шілдеде қазақ бай-феодалдары мен кадеттерінің делегациясын басқарып, ІІ Николай патшаның мұрагерінің тууымен құттықтауға барды. Қабылдау кезінде патшамен бірге суретке түсті”, – деп хабарлады. Дұрысында, патшаның қабылдауына мұрагердің жасқа толуын сылтауратып кіріп, қазақ өмірі үшін өзекті мәселелер көтерген-ді...
Ал оның жер мәселесіндегі ұстанымына: “Аграрлық мәселеде царизмнің отарлау саясатын қуаттады”, – деген сөздермен, көпе-көрнеу бұрмаланған баға берді. Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Мемлекеттік дума мінберінен патша үкіметінің қазақты жер-суынан күштеп айырып жатқан отаршылық іс-әрекеттерін бар дауыспен әшкерелеуі, 1910-шы жылдары белгілі қазақ қоғам қайраткерлері Барлыбек Сыртанов пен Әлихан Бөкейхановқа үкіметтің переселен қорларын жасаудағы қиянаттары жайында күйініп хат жазып, көшпелі халықты отырықшы етуге бағытталған іс-әрекеттерге шақырғаны мәлім. Нақты үлгіні оның өзі көрсетті, ауылдастарының басын қосып, поселке салды. Алайда қазақ интеллигенттерінің көбі халықтың дала төсінде, салқын самал өтінде, кең жайлауда мал бағып, қымыз ішіп, көшіп-қонып жүре беруін көшпендінің өзгертуге болмайтын өмір салтына балаған. Сондықтан да Қаратаев пен оның жақтастарының бастамасына қолдау көрсетпеді. Есесіне, 10-шы жылдары эволюциялық жолмен отырықшылануын серкелері қаламаған көшпенді халық большевиктер 30-шы жылдары революциялық тәсілмен малын сыпырып алып отырықшыландырғанда шыбынша қырылып, ұлттық апатқа душар болды. Құрметті ғылыми мекеменің осыларды ойға алмай, бейғылыми тұжырым жасағанына қарның ашады...
Одан, Қаратаев “1918 жылғы 29 наурыздағы ақ казактар төңкерісі кезінде атқару комитетінің басқа мүшелерімен бірге тұтқындалып, 1919 жылғы қаңтарға дейін түрмеде болды”, – деп хабарлай отырып, қызығы, мынандай сөздерімен өкініш білдіргендей болады: “Тұтқынға алынғандардың көпшілігі атылып кетті, бірақ ол тірі қалды”. Тірі қалмау керек еді... Өйткені... “Қаратаев Б.Б. совет құрылысына қатысса да, коммунистік партияның мүшесі болса да, бұрынғы өткен жолы оның идеялық позициясына елеулі әсер етті. Мәселен, ол өз маңына күдікті, Кеңес өкіметіне жағынып, жабылып жүрген феодал-бай элементтерін топтастырды”... Коммунистік идеология көрігін қыздырушы ғылыми мекемеге бұл пікірлері жарасатын да шығар, онда осы екпінмен одан әрі: “Архивте бар құжаттар Б.Б. Қаратаевтың күрделі де қайшылығы мол өмір жолынан өткенін куәландырады. Кеңес өкіметін мойындап, РК(б)П қатарына өте тұрып, ол коммунистік партия саясатының дұрыстығына шүбә келтірумен болды, екіжүзді позиция ұстағаны да сирек емес. Оның совет құрылысына қатысуы екі жылдай ғана уақытқа созылды. Сосын ол мемлекет мекемелерінде жұмыс істеуден қол үзіп, жеке адвокатурамен шұғылданды, бұрынғы үстем тап өкілдерімен байланыс жасап тұрды, топтық күрестер мен өсектерге қатысты. Ақыры Б.Б. Қаратаевтың өзі коммунистік партиямен байланысын толық үзді”, – делінеді...
Бұл қорытынды жасалғаны бері ширек ғасыр өтті. Тәуелсіздік келді. Аталмыш мекеме мұрағатқа айналды. Айтулы тарихи кезең күн тәртібіне басқа мәселелерді шығарды. Кеңестік дәуірдің тұғыры шайқалғанша жабық жатқан ұлттық мемлекеттілігіміздің Алашорда сынды белесінің қастерлі тарихы жаңғырды. Алаш зиялыларының есімдері ағарып, рухани өмірімізге орала бастады.
Осының бәрі кезінде алаш партиясына қосылмаған, Алашорда жайында артына күрделі сыни еңбек қалдырған Бақытжан Қаратаевтың азаматтық тұлғасын жаңаша бағамдау жұмысын кешеуілдетіп келе жатқандай. Бұл іске енді, бәлкім, қайраткердің туғанына 150 жыл толып отырған биылғы мерейлі дата жетегімен назар аударылатын шығар. Өйткені, ол өркениетті күрес жолына түскен күллі қазақ саяси күрескерлерінің шын мәнінде ізашары болған ерен азамат. Жекелеген алаш қайраткерлерімен арадағы көзқарас алшақтығына қарамастан, оның 20-ғасырдың алғашқы ширегіндегі белсенді саяси қызметімен алаш мұратына, алаш ісіне қосқан үлесі өлшеусіз зор.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.