Талдықорған қаласында орналасқан электр қуаттарын таратушы “ТАТЭК” акционерлік қоғамы осы өңірдегі тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз етудегі табыстарын саралаған жиында толық түсіндік. Аталған компания мамандары мен жұмысшылары салаға сай арнайы және жоғары білімдерінің болуы және жыл сайын білімдерін жетілдіріп, кәсіби дағдыларын дамытуға көңіл бөлетіндіктеріне куә болып, оның орны салмақты екеніне маңыз берілетініне көз жетті.
Энергетиктердің халықаралық талаптарға сай оқу-жаттығу алаңы Ескелді ауданы Бақтыбай ауылының маңынан жасалып, жабдықталғанына да біраз жыл болған-ды. Мамандар аталған алаңда біліктіліктерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдау мүмкіндігіне орай өтетін мәртебелі жарыстарда жақсы жетістіктерге жетіп жүргені де сондықтан болар.
Кәсіби тұрғыдағы дайындықтың үнемі назарда болуы нәтижесінде осыдан біраз бұрын Қарағандыда өткен Қазақстан Республикасы электр жүйелері компаниялары арасындағы жарыста жетісулықтар жүлделі үшінші орыннан көрінсе, өткен жылы Бақтыбайдағы оқу-жаттығу алаңындағы осындай сайыста жеңімпаз атанғаны да бар. Сонымен бірге, Мәскеу қаласында өткен ТМД елдерінің ұлттық электр жүйелері өкілдерінің мәртебелі сынағында құрамында жетісулық энергетиктер бар Қазақстан құрама командасы бірінші орынды жеңіп алса, қорытындысында биылғы қыркүйек айына жоспарланған 10/04 киловольтты жүйелерді тарататын бригадалар арасындағы жетінші халықаралық жарыс “ТАТЭК” АҚ оқу-жаттығу алаңында өткізілді.
Жалау көтерген жарысқа тоғыз мемлекеттен командалар тілек білдіріп, Жетісуға келді. Нақтырақ айтсақ Грузия, Армения, Өзбекстан, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Украина және Қазақстан командалары халықаралық бәсекенің көрігін қыздырды. Олар жеті кезең бойынша сынға түсті.
Халықаралық жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов сөйлеп, жарысқа келген энергетиктерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар, апат болған Қызылағаш ауылын қалпына келтіруде ТАТЭК мекемесінің ұйымшылдықпен еңбек еткенін айрықша атап өтіп, алғысын жеткізді. Бұдан кейін “KEGOC” АҚ президенті Алмасадам Сатқалиев және “ТАТЭК” АҚ президенті Бақытжан Жазықбаев жетінші халықаралық жарысқа келген әріптестері мен команда мүшелерін құттықтап табыс тіледі.
Қазақстанның көк байрағы көтеріліп, бәсеке қызды. Жарыс шарты бойынша сынға түскен командалар ынталарын салып, намысты жібермеуге тырысты. Бәсекеге жинақтаған ұпайларын есептегенде қарсыластарынан озған Қазақстан командасы мен Ресей командасы бірінші орыннан көрінді. Екінші орынға Тәжікстан, үшінші орынға Беларусь мемлекетінің командалары шықты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.