(Алыбай Қосакөзұлы туралы айғақтар)
Қазақ тарихы ғылымындағы күрделі мәселелердің бірі – тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін саралау болып табылады. Өйткені, кешегі ХХ ғасырды айтпағанның өзінде оған дейінгі негізгі дерегіміз – ата шежіре, атадан балаға жеткен ауызекі әңгімелер. Ал олардың көпшілігінің өзгеріске ұшырап, әртүрлі алып-қосулар болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, сондықтан да тарихшы-ғалымдар мұрағат деректеріне арқа сүйеп, одан табылған әрбір дерекке ерекше назар аударады. Дегенмен, оның да кей жағдайда сан құбылып, асыра мадақталып, не датталып жататыны тағы бар. Біздіңше, бұл арада ғылым үшін де, ғалым үшін де басты ұстаным – ақиқаттылық, шынайылық, ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік басты қағида болуы тиіс.
Сонымен, XVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қиын-қыстау кезеңде Қазақстандағы саяси оқиғаларға белсене қатысқан Алыбай Қосакөзұлы да Ресейдің сыртқы істер мұрағатында, Орынбор мұрағатында қатталған құжаттардан табылып отыр. Оның туған және өлген жылдарын анықтау мүмкін болмаса да тұлғаның кіші жүз ханы Әбілқайыр, Нұралы жанынан табылуы көп нәрсеге жауап бергендей. Ата шежіреде оны 1700-1710 жылдары дүниеге келген деп есептейді. Ол кезеңде Алыбай шыққан әлімұлының кете рулары, соның ішінде ақкетелері өзге қазақ руларымен Хиуа, түркімен, Еділ қалмақтары ортасында, Каспий теңізі жағалауларында, Жайық өзені бойларында еркін көшіп-қонған.
Аталған рулар заманында Әбілқайыр ханға негізгі тірек болды. XVІІІ ғасырдың алғашқы жартысын зерттеушілер сол кезеңдегі кете руларынан Әжібай би, Алтай, Арал батырларды атайды. Ал олар Алыбай Қосакөзұлына шежіре бойынша Тойқожаның (ақкете) Тұрсынбайынан қосылатын аталастар. Әжібай би мен Арал батыр Болпыш биден өрбісе, Алтай батыр Ебескі батырдан тараған.
Орынбор мұрағатындағы деректерге арқа сүйесек, алғаш рет Алтай батыр есімі 1736 жылы кіші жүз ханы Әбілқайырға келген Орынбор экспедициясының бұрынғы суретшісі ағылшын Джон Кэстль жазбасында аталады. Жазбаға сенсек, Әбілқайыр хан тапсырмасымен Алтай батыр бір топ би, батырлармен бірге Орынборға аттанған елшілер құрамына енгізілген. Міне, бұл арада белгілі жазбаға алғысөз жазған тарихшы К.Есмағамбетов: “Бұлардың (елшілердің – автор.) ішінде Бәйбекті қоспағанда, тарихи құжаттарда Алтай батырдың есімі жиірек кездеседі. Ол – кіші жүздің ақкете руының биі (XVІІ ғ.) 1742 жылы қазақ және қалмақ арасында бір ұрпаққа дейін, яғни, сол кездегі “еңбектеген баланың еңкейген кәрі болуына дейін” соғыс ашпау туралы бітім жасауға қатысады”, деп анықтаған-ды.
Бұл тарихи келісім 1742 жылы көктемде жүзеге асқан. Ол турасында Әбілқайыр хан мен Есет Көкіұлы Орынбор комиссиясына хабарлады. Келіссөзге кіші және орта жүздердің беделді тұлғаларын Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Есет Көкіұлы, Жәнібек Қошқарұлы, Алтай батыр қатысқан. Қазақ үшін осындай шешуші кезеңдерде Алтай жанынан Алыбай көріне білді деуімізге әбден болады. Оны сол кезеңдегі құжатты қаттағандар “Алыбай жасауыл” деп анық хатқа түсірген. Әбілқайыр ханның жасауылдарын көріп, оларды ханның адъютанты деп те атаған Дж.Кэстль Алтаймен бірге болған Қалыбек жасауылға “Сөзі пруссиялықтардың ежелден келе жатқан өлшеміне лайық әскер тәртібіне сай қысқа болса, дене бітімі жағынан сол қайран заманның нағыз үлгісі еді; бүкіл тыртиған бойы сүйек пен тері; тартылған терісі аузын жабуға жетпей, тістері ырсиып тұратын, епті және шапшаң қимылды жасауыл”, – деп сипаттама берген-ді. (Дж.Кэстль Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы, Алматы, Атамұра, 1996. 32-б.)
Орыс тілінде Алыбайға тіркелген “есаул” – жасауыл дегеннің өзі түрік тілінен шыққан “басшы” мағынасын береді. Олар әскери басшының көмекшісі дегенді де білдіреді. Бір кезеңде Шыңғыс ханның ұлы Шағатай да “екінші жасауыл” аталған. Яғни, Алыбайдың Әбілқайыр заманында жасауыл лауазымына жетіп, ханның сеніміне ие болуы оның әскери қабілеті мен батырлығын, қайсарлығын дәлелдейді.
Алтай, Алыбай батырлар қазақтың белді батыры Есет Көкіұлымен сенімді қарым-қатынаста болған. Орынбор мұрағаты құжаттарында олардың үнемі қатар аталып, қазақ-орыс қатынастарын реттеуге бірлесе, белсене қатысты. Оның бір сыры – елінің бірлігі мен тыныштығын өмірлік мұраты деп түсінген тұлғалардың биік парасатында жатса, екіншісі, өзара сыйласқан “мың жылдық құдандалықта” жатыр. Тағы да шежіреге арқа сүйесек, Есет батырдың анасы Назым – Болпыш бидің қызы, Әжібай бидің апасы. Яғни, Есет батыр дәстүр бойынша Алтайға, Алыбайға да жиен. Кейін Әжібай би өзінің апасынан туған жиені Есет батырдың Ботагөз атты қызын ортаншы баласы Барсайға 1739 жылы айттырып, сүйек жаңғыртады.
Әжібай би де Ресеймен байланысында Алтай, Арал батырларды үнемі еске алып, олардың қазақ-орыс сауда-саттығындағы рөлін атап өтетін. Мәселен, 1747 жылғы 10 мамырдағы Орынбор губернаторы И.Неплюевке жолданған хаттан орыс әкімшілігінің Әжібай биге екі жақтан сауда-саттықты дамыту үшін Құттыбай батыр мен Қозыбекті жібергенін байқаймыз. 1747 жылғы желтоқсанда Әжібай би, Алтай, Арал батырлармен бірге Алыбай да Жем өзенінен әрі Көктөбе мекенінде, Есет тархан Қаркүн мекенінде қыстаған. Осы кезеңде И.Неплюев Хиуа елшісі Әджи-Мұаммед молла Тұрсыновты Ақкете би, батырларының қолдауымен Хиуаға жіберген.
1748 жылы Орынбор әкімшілігінің қитұрқы саясатымен ел ішіндегі ішкі қарым-қатынас айтарлықтай шиеленісті. Батыр сұлтанның түрлі әрекеттері, Барақ сұлтанның Әбілқайыр ханға қарсы айла-шарғылары өз нәтижесін берді. Елдегі қалыптасқан жағдайды ханның 1748 жылғы маусым айында өткізген кеңесі ашық көрсетті. 500-ге жуық кіші және орта жүздегі сұлтан, би, батырлар жиналған кеңесте Әбілқайыр хан “Ресеймен қарым-қатынастағы басты мақсатым өзім үшін емес, бүкіл қазақ халқының пайдасы мен тыныштығы үшін жасалды”, – деп ағынан жарылды (КРО-І. С. 389-391).
Көп ұзамай, 1748 жылғы 1 тамызда Әбілқайыр хан өлтірілді. Мұндай жағдайда басты мақсат ішкі бірлікті сақтап, ел билеген сұлтан, би, батырлардың келісімімен жаңа хан сайлау болатын. Таққа басым көпшілікпен Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтан ұсынылды.
Осы сәтте, алдымен, әркез Әбілқайырды қолдаған әлімұлдары белсенділік танытты. Мәселен, 1748 жылғы 5 қазандағы Ресейдің Елизавета патшайымына жолдаған хатында Нұралыға орта жүз –арғын – шақшақ Жәнібек тархан, Керей, Наурыз, шақшақ Қойсары билермен бірге әлімұлдарынан – шөмекей, қаракесек, шекті, төртқара, кете руларының беделді тұлғалары қатысты. Соның ішінде кете руынан Алтай би, Жұлдыз батыр т.б. көзге түседі (ОрОММ 3 қ:, 1 т., 18 іс, 177 п.). Көп ұзамай Нұралыда өткен кеңестерде Жәнібек, Есет тархандар, кете Алтай би Әбілқайыр ұлдарына тағы да қолдау көрсетті. 1748-1749 жылы қыста Жем, Қаракөл аралығын қыстаған Әжібай, Алтай, Арал, Алыбай, Есет тархан елінің малын Бұхар беттегі қыстық азықтың жоқтығына байланысты Орынбор әкімшілігінен Жайықтың Самар бетіне жіберуін өтінді. Ал келісім жүзеге аспаған тұста қаңтар айы аяғында қазақтар малдарын күшпен Еділ-Жайық аралығына өткізді.
Кіші жүз ханы Нұралының ұйымдастыруымен үлкен кеңес 1749 жылғы 3 тамызда өтті. Оны көзімен көріп, жазбаға түсірген капитан А.Яковлев “Әбілқайыр асына 200-дей атақты би, батыр, тархандар қатысты”, – деп анықтап, барлық тұлғалардың тізімін жасады.
Ақкете Алыбай Нұралы ханның 1749 жылғы өз жанындағы сенімді азаматтар тізімінен де көрінді. Мәселен, осы жылғы Орынборда өткен қазақ-орыс кездесуінде кіші және орта жүзден өз жанына ерген 72 адамды жазып көрсеткен. Есет, Жәнібек тархандар, шақшақ Бөкенбай, жағалбайлы Серке батырлар қатарында ақкете Алтай батыр, Бостыбай би, Алыбай жасауыл, Әжібай баласы Әкім батыр, Ожырай кете Текелі батыр, кете Досқали батырлар аталады (ОрОММ, 3 қ. 1 т. 22 іс). Әрине, бұл арада басты құрмет Әбілқайыр хан серіктері Есет пен Жәнібек тархандарға жасалды. Ал Әжібай бидің аты осы кезеңнен бастап мұрағат құжаттарында кездеспеді. Соған қарағанда би 1749 жылдың алғашқы жартысында қайтыс болған секілді.
1750 жылдардан кейін кете рулары Нұралы хан інісі Ерәлі сұлтанға бағындырылды. Мұның өзі Әбілқайыр заманындағы әлімұлдарының тікелей ханға бағынғандығын жоя бастады. Нұралы жаңа жағдайда Жайық бойында көшіп-қонған байұлдарына арқа сүйей бастағандығын дәлелдеді. Оған қоса хан ел ішінде беделді би, батырлармен ақылдасуды екінші қатарға шығарды. Ол турасында 1785 жылы Сырым бастаған ұлт-азаттық күрес жүріп жатқан кезеңде қазақ билері “Нұралы ел билеген алғашқы 8 жылында әке жолымен жүрді. Содан кейінгі 30 жыл бойы атақты старшындармен кезедесуді қойып, халық жағдайын ойлауды ұмытты”, деп ашық жазды (Вяткин М.П. Батыр Сырым. М.-Л., 1947, с.165).
Бұл жағдай 1755 жылы Батырша бастаған башқұрт халқының Ресейге қарсы ұлт-азаттық күресі кезеңінде анық көрінді. Жеңіліске ұшырап, жазалаудан қашқан 50 000 башқұрт кіші және орта жүздерге босып, ағылды. Мұндай жағдайды шебер пайдаланатын И.Неплюев екі халықтың бірігуінен қауіптеніп, қазақ-башқұрт арасына май құйды. Оның арты қазақ руларының өзара талас-тартысына ұласты. Содан, 1756 жылғы тамызда Елек қорғанында кіші жүз ханы Нұралының бастауымен белгілі би, тархан, батырлар – Есет Көкіұлы, Алданазр, Төлебай, Қошқар, Жарқын, тағы басқа 100-ден аса қазақ қатысқан кеңес ұйымдастырылды. Кеңес соңында қазақ-орыс қарым-қатынасын шиеленістірмеуді көздеген ел игі жақсылары “қазақ даласында башқұрттарды Ресейге – патша үкіметіне қайтаруға шешім қабылдаған” (Чулошников А.П. Восстание 1755 г. в Башкирии. М-Л., 1940. С. 90, 102).
Нұралы хан башқұрттарды толық шығаруды ұйымдастыруды Ерәлі сұлтанға жүктеді. Бірақ, қазақ руларына тарап кеткен башқұрттарды шығару оңай шаруа емес еді. Өйткені, бастапқы кезеңде шығарылған башқұрттар И.Неплюевтің жасырын нұсқауымен, шекарадағы орыс әскерлерінің қолдауымен қазақ руларына, соның ішінде кете, шекті, қаракесек руларының ауылдарына шабуыл жасауға кірісті. Орынбор губернаторы өз жазбасында “Мен (И.И.Неплюев – автор.) екі халықты біржолата араздастыру үшін, өз аудармашыларым арқылы башқұрттарға “генералға бармаңыздар, егер өздерің жиналып, қазақтарды тонасаңдар сіздерден ештеңе артық сұралмайды”, деп жеткіздім. Содан башқұрттар қуана жиналып, топ-топ болып, Жайықтың дала бетіндегі қазақтарға аттанды. Сол кезде мен әскери шептегі басшыларға башқұрттар әрекеттерін көрмеген болыңдар деген құпия нұсқау бердім” деген ойларын жасырмады.
Нұралы ханның өзі осындай талас-тартыс кезеңінде кете, шөмекей, жағалбайлы рулары қазақтарының қаза тапқандығын Орынборға хабарлады. Елдегі шиеленісті тоқтатып, бауыр халықтардың арақатынасын реттеу үшін Ерәлі сұлтан хан тапсырмасына байланысты қазақ руларының беделді тұлғаларына хабар салды. Содан, 1757 жылғы 26 шілдеде ақкете руынан Әжібай би ауылынан 14 башқұрт Орынборға қайтарылды. Кейін Орынборда жүргізілген тергеуде Ноғай жолы Үсерген болысының Мүталипов ауылының башқұрты Елдаш Абдрахманов берген жауабында “мен Кувате старшынның бастауымен қазақ ордасында ақкете руындағы Алыбайда тұрақтадым, кейін оның рұқсат етуімен Орынборға жіберілдім. Бүгінде оның қолында қызым қалды. Ал әйелім 1755 жылы елге келді”, – деп хабарлады (АВПРИ. Ф 122/1. 1757 г. д. 4).
Дегенмен, башқұрттар мәселесінде қазақ рулары Ресеймен байланысты шиеленістіре бермей, өздерінің жайылым мәселелерін шешуге ұмтылғанын да байқаймыз. Өйткені, Еділ-Жайық аралығын қыстау, Жайық бойында еркін көшіп-қону байұлдары, әлімұлдары, жетірудың бірден-бір басты мақсаты еді. Мұны Нұралы хан арқылы шеше алмаған тұста, әсіресе, шекті, шөмекей, алаша, қаракесек, төртқара, кете рулары рұқсатты күшпен тартып алуға ұмтылды. Тарихшы Н.Бекмаханова: “...олар хан қолдауын күтті. Өйтпеген жағдайда аталған рулар өздерін ханға бағынышты адам ретінде емес, ордалық деп санайтындықтарын айтып сес көрсетті, ауылдарды тонауға жинала бастады”, – деп тарқата түседі. (Н.Бекмаханова. Көктемір туралы аңыз. Алматы, 1983, 32-б.). Мұндай ашық қарсылыққа қарамастан, өз қаруы мен әскеріне сүйенген, қайтсе де қазақты біржолата мойын ұсындырып, жуасытып, момын елге, өз боданына айналдыруды көздеген Ресей 1756 жылғы 2 қыркүйекте “Жайықтың ішкі бетіне өткізбеу туралы” жарлық шығарып, Доннан Орынборға келген 3000 казак-орысты пайдалануға рұқсат етті. Ал 1759 жылы 2000-ға жуық өзге де әскери күштер тартылды.
Міне, осындай кезеңде Алыбай Қосакөзұлы ел алдына шығып, халық алдындағы абырой-беделімен көпшілік құрметіне бөленді. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, Нұралы, Ерәлі сұлтандармен, өзге де би, батыр, тархандармен қазақ өмірінің күрделі мәселелері – қазақ-орыс, қазақ-жоңғар, қазақ-башқұрт қарым-қатынастарын реттеуде көзге түсіп, Ресей мұрағаттарында хатталуы оның өз заманында елі таныған ұлтжанды азамат деңгейіне көтерілгендігін, осы аса зор маңызды істерде шешуші рөлдердің бірін атқарғандығын дәлелдейді. Оған жоғарыдағы тарихи құжаттар мен саяси оқиғалар куә. Өкініштісі сол, мұрағаттық құжаттар тұлғаның кейінгі өмірі мен қызметі туралы еш сыр ашпайды. Соған қарағанда бұл кезде ақкете руындағы Арал, Алтай, Жұлдыз батырлар сияқты Алыбай батыр Қосакөзұлы да дүниеден өтсе керек.
Одан тараған ұрпақтар ішінде XVІІІ ғасырдың екінші жартысында тек қана Елшібек аталады. Ол шежіре бойынша Алыбайға шөбере болып келеді. Яғни, Алыбай-Малдыбай-Табылды-Елшібек болып тараған. Елшібектің көзге түскен кезеңі Сырым бастаған 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық күрестің екінші жартысы. Мұрағаттық құжат бойынша ол 1794 жылғы 4 қаңтардағы Сырым бастаған 184 би, батыр, өзге де елге белгілі тұлғалардың ІІ Екатеринаға жазған тізімнен көзге түседі. Хатта орыс-казактарының қазақтарға жасаған озбырлығы ашық жазылған. Соның ішінде атақты ысық Қаратау бидің, ақкете Көккөз бидің, алаша Сопыра тарханның, Беріш Бөдене бидің тағы басқалардың ауылдарына жасалған орыс-казак шабуылының қаншалықты озбырлығы анықталды. Хатқа Елшібек ақкете Дербісәлі батырмен бірге қол қойған.
Сырым бастаған ұлт-азаттық күресте ақкетелерден оның жанындағы Көккөз Құндыбаев (мұрағат дерегінде солай жазылған – автор.) айрықша аталады. Сонымен қатар ақкете Наурызәлі батыр, ожырай кете Өтен батыр, Құттылыбай, кетелер – Тілеп батыр, Қараман, Ақжігіт, Көзбей мырза, Елекбай Танбайұлы, т.б. есімдері кездеседі. Ал кете Базарби Құдайбергенов 1786 жылы Орынбордағы шекаралық сотқа мүше болып та сайланды. Ақкете Наурызәлі батыр біздіңше, атақты Арал батырдың баласы. Ол 1791 жылдан бастап Жайық бойындағы орыс-казактарына қарсы қарулы әскерді басқарды. Атаман Донсков осы жылы Наурызәлінің жанында ожырай кете Өтен батыр, Құттылыбай бар деп көрсетті. Оны маусым айында молда Абдул Фетих Абдул-Салимов та Орынборға хабарлап, “кете Наурызәлі, табын Елекбай, Бармақ, беріш Мамынбай, Сары, Есентемір, Мыңбай батыр 500-600 адамды жинап, Сырыммен орыс шептерін шабуға келісті”, – деп толықтырады (Вяткин М.П. с. 299).
Сырым бастаған ұлт-азаттық күрес кезеңінде ақкетелер ішінде Көккөз би ерекше беделге ие болды. Мұрағат деректері 1789 жылы-ақ оны ақсақал жаста деп көрсеткенімен, Көккөз би барлық кетелер атынан ортаға шығып, қазақ даласындағы сол кезеңдегі ең беделді би атанып, Сырым, Қаратау, Бөдене, Қаракөбек, тағы басқалармен бірге қазақ-орыс қарым-қатынасындағы барлық мәселелерді шешуге атсалысты. Оның қолтаңбасы Сырым батыр жазған хаттардың астында бүгінге дейін сақталған.
Бұдан шығатын қорытынды – Әжібай, Алтай, Арал, Алыбай, Жұлдыз және мұрағат арқылы аттары мәңгіге хатталған тағы басқа тұлғалардың Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау жолындағы істерін кейінгі ұрпақ абыроймен атқарды. Ол бүгінгі ұрпақ үшін, бабалар аманаттаған азаттықты қастерлеп, қадірлеу үшін, оны мәңгілік сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін аса маңызды.
Әбілсейіт МҰҚТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры.