Кеше Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде отандық пенитенциарлық жүйе тарихында алғашқы рет сотталғандардың қашықта тұратын туыстарымен он-лайн бейнережіміндегі кездесуі болып өтті. Қанатқақты жобаны алғашқылардың бірі болып сотталғандардың Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей қалаларында тұратын туыстары пайдаланды.
Тар қапасқа қамалғандар сыртқы дүниемен ақпараттық байланыста, сондай-ақ өз туған-туыстарымен аралас-құралас болуға аса мұқтаж. Ал мұндай жаңа мүмкіндік оларға моральдық және психологиялық тұрғыда қолдау болатыны анық. Жаңа әдістің тағы бір пайдалылығы еліміздің бір түкпірінде жазасын өтеп жатқан сотталушының екінші бір облыста тұратын туыстарымен жол жүру шығындарынсыз-ақ қысқа уақыт аралығында көзбе-көз жүздесе алатындығы болып отыр. Туысқандарының материалдық мүмкіндіктері жоқтығын, сондай-ақ ауа райының әрдайым жол жүруге қолайлы бола бермейтінін ескерсек, сотталғандарға кездесуге келетін жақын туысқандарының санына шек қойылмауына қосымша мүмкіндік береді.
Бейнекездесу түзеу мекемесінің ішкі тәртіп ережелерін бұзбай, жақсы тәртіптерімен, сонымен қатар еңбекке деген адал көзқарастары және мәдени іс-шараларға белсене қатысуынан тұратын мекеменің ұсталу режімін бұлжытпай сақтағандарға ұсынылатын болады. Балалардың бейнережім арқылы бас бостандығынан айыру органдарына бармай-ақ, ата-аналарымен араласа алуы және оларды көре алуы әдістің тиімділігін көрсетеді. Бұл ретте түрменің кейіп-кескіні балалардың психологиясына бұрынғыдай жағымсыз әсерін тигізбейді. Бейнебайланыс келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық түрмелеріне енгізілетін болады. Ал сотталушының туыстары өз тараптарынан жазасын өтеу барысы дұрыс жүріп жатқандығына шынайы көз жеткізеді.
ҚАЖК басшылығының айтуынша, жақын арада ел колонияларының барлығын бейнебайланыс құралдарымен жарақтандыру жоспарлануда. Шараның сотталушыларды ізгілендіруде үлкен рөл атқаратыны даусыз. Бұл жазасын өтеушіге ғана емес, олардың тума-туысқандарына қатысты да ізгіліктің көрінісі болып табылмақ. Мұндай бастама жазасын өтеушілерге игі ақпал етіп, кейінгі өмірінде қисық жолға қайталап түспеуіне себін тигізеді деген үміт мол.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.