Елбасымыздың барша қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауының негізгі қағидаттарын халыққа түсіндіріп, оның басым бағыттарын кеңінен насихаттау мақсатында Сыр аймағына келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ Қазалы, Жалағаш, Шиелі аудандарында болып, көпшілік халықпен жылы жүздесулер өткізді.
Кездесулерде насихаттық топ мүшелері білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы елімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік сатып алу ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету департаментінің басқарма бастығы Майра Мелдебекова балабақшамен қамту жайын, 12 жылдық білім беруге көшуді, ата-ана, мектеп, оқушы тарапынан байланыс жасауды жолға қою қажеттігіне тоқталды.
Ішкі істер министрлігі жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков бастаған ақпараттық-насихаттық топ өкілдері Жалағаш ауданы тұрғындарымен, ал Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Қуат Борашев бастаған топ өкілдері Шиелі ауданы тұрғындарымен жылы жүздесулер өткізді.
Қайсыбір аудандағы кездесулерден соң Астанадан арнайы ат бастарын бұрған республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қоғамдық қабылдаулар өткізді.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы.