Кеше Жамбыл облысында Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының даңқын әлемге танытқан жаужүрек қолбасшы, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой салтанатты түрде ашылды. Той рәсімі облыс орталығында ерлік пен өрліктің үлгісіндей қасқайып тұрған қаһарманның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың өшпес рухына тағзым етуден басталды.
Батыр тойының салтанаты “Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі” деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Конференцияға қатысушыларды облыс әкімі Қанат Бозымбаев құттықтап, онда қаралатын тақырыптың елдік пен ерлікті ұлықтауда, ұрпақты тектілікке тәрбиелеуде ерекше мәні бар екеніне тоқталды.
Конференцияда алғашқы болып сөз алған майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Батыр туралы толғау” атты баяндамасы көптің көкейінен шығып, конференцияға жиналған жұрт ризашылықпен дүркін-дүркін қол соғып отырды.
– Баукең алдымен ақын, – деген Әзілхан аға, батырдың 1944 жылы 15 ақпанда жазылған “Ана тілін ардақта” деген өлеңін оқып тұрып. – Шынында, арада біраз жыл өтсе де ақын өлеңі бүгінгі күн мәселесін дөп басып, дәл танып, көтеріп тұрғандай еді.
Баукеңді “аға” деп ардақ тұтқан жазушы батыр туралы тебірене, толғана келіп: “Баукеңнің өмірбаянын барша қазақ жақсы біледі, тіпті, бүкіл дүние жүзі біледі. Оларды қайталап жатудың қажеті жоқ. Мен бүгін, 100 жылдық мерейтойы күні Бауыржан Момышұлының әскери даналығын, адами парасатын танып, ерекше бағалаған 7 адамның атын атағым келеді. Олар: генерал Панфилов, полковник Серебряков, генерал Чистяков, армия генералы Рокоссовский, маршалдар Баграмян, Жуков, Василевский еді. Панфилов Баукеңді туған баласынан артық көрді. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды. Әртүрлі әділетсіз себептермен Баукеңе Батыр атағы берілмеді. Чистяков Рокоссовскийге өтініш айтып, Баукеңді полк командирі етті. Екеуі де Баукеңді ерекше бағалады. Маршал Баграмян Баукеңнің ерліктеріне, біліміне бас иіп, қос маршал Жуков пен Василевскийдің алдына ертіп барды. Қос маршалдың алдында Баукең олардың тактикалық, стратегиялық қиын сұрақтарына мүдірместен жауап берді.
Бірақ “жалғыздың жары құдай” деген де сөз бар. Тәуелсіздік таңсәрісінде қазақ елінің сүйікті перзенті Нұрсұлтан Назарбаев СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Горбачевке өз атынан хат жазып, қазақ халқы ғана емес, алты алаш үшін арман болған атақты жұлып алып берді.
Ер мен елдік туралы тағылымды ойлар тізбегінен тұратын конференцияда батыр туралы осы тәріздес ойлар мен пікірлер, ғылыми тұжырымдар көптеп айтылды. Батыр Баукең бейнесін әркім әрқырынан көрсетуге тырысты. Бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметов, профессор Б.Аяған, Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университет профессоры Х.Мұхамедқалиев, Қырғыз елінен келген, сол елдің мемлекеттік сыйлығының иегері Г.Орозова, профессор Б.Хасанұлы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының “Қазақстан ардагерлері” қауымдастығы төрағасының орынбасары Б.Смағұловтардың пікірлері мен ойлары ғылыми конференция тақырыбын мазмұн жағынан байыта түсті.
Жамбылдықтар Тараз қаласының төрінде өтіп жатқан той ішінен халыққа танымал көптеген ұл-қыздарды көріп қуанып қалды. Соның бірі, Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған Аягүл Миразова болатын. Конференциядан кейін Бауыржан Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағынан жасақталған батыр монументінің ашылу салтанатында Аягүл Миразова, облыс әкімі Қанат Бозымбаев және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Өмірбек Байгелди батыр монументіне гүл шоқтарын қойды.
“Көргенді ел көш бастайды” деген. Батыр Баукеңнің туғанына 100 жыл толуын лайықты қарсы алу, оның жауынгерлік өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеп, зерделеу мақсатында, облыста “Бауыржантану” ғылыми орталығы құрылған болатын. Ғылыми орталық Бауыржан Момышұлы жайлы бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер жинады. Конференция алдында тұсаукесері болған Бауыржан Момышұлының 30 томдық еңбегі, міне, осы жанқияр еңбектің жемісті нәтижесі болды. Жалпы, 30 томдықтан тұратын бұл еңбекті – тойдың ең басты тартуларының бірі ретінде қарауға болады.
Той қонақтары Бауыржан Момышұлының есімін ұлықтау мен ерлік жолдарын үлгі-өнеге ету мақсатында атқарылған бұдан басқа да көптеген іс-шараларға куә болды, естіді. Мысалы, “Қаһарман Бауыржан Момышұлы” атты фотоальбомы мен Ресей астанасында жарық көрген “Легендарный Батыр” кітабы да той шашуларының бірі болып табылады. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 60 жылдық тойы қарсаңында Мәскеу түбіндегі Дубосеково селосында генерал И.В.Панфилов пен полковник Бауыржан Момышұлының ескерткіштері ашылса, биылғы жылы Крюково селосындағы бір мектепке Баукеңнің есімі беріліп, ескерткіш-бюсті орнатылғаны айтылды.
Биыл Тараз қаласында ашылған Бауыржан Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағы толық жаңартылды. Батыр мұражайы облыстық мәртебеге ие болып, күрделі жөндеуден өткізіліп, көпшіліктің көз қуанышына айналды.
“Жеңіс” саябағында батырға арналған монумент ашылғаннан кейін облыс орталығында жас ақындардың “Мен Бауыржанды жырлаймын!” атты жыр мүшәйрасы, “Елдің ері – Бауыржан” атты патриоттық әндер мен драмалық шығармалар байқауы өткізілді. Республикалық театр фестивалі де осы мерекеге арналып өткізілуде. Облыстық қазақ драма театрында кеше жергілікті жазушы, драматург Е.Әлімжанның “Бауыржан Момышұлы” атты қойылымы табысты өтті.
Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы – тәуелсіз Қазақ елі тарихындағы ұмытылмас оқиғалардың бірі болып қала бермек.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың тереңінен сөз келгенде! — деп, батырдың өзі де көрегендікпен, тамаша айтты емес пе кезінде?!
Той салтанаты, бүгін, сенбі күні Батыр Баукеңнің кіндік қаны тамған Жуалы жерінде одан әрі жалғасады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.