Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
О.Мұхамеджанов Президентті Парламенттің заң шығармашылық жұмысы, “Нұр Отан” ХДП парламенттік фракциясының қызметі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы бюджетке өзгерістер енгізу және алдағы үш жылдық бюджет жобасымен жұмыс туралы әңгіме қозғалды.
Кездесу барысында сондай-ақ Парламенттің және “Нұр Отан” ХДП парламенттік фракциясының алдағы уақыттағы халықаралық іс-шаралары туралы сөз болды.
* * *
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәмиді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Бас Прокурор Президентті құқық қорғау қызметін жетілдіруге, прокуратура органдарының үйлестірушілік функциясын күшейтуге, прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған құқықтық реформа мәселелері жөніндегі Президент Жарлығының негізгі қағидаларын жүзеге асыру бойынша Бас прокуратураның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде хабардар етті.
Бас прокуратура қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдігін күшейту мәселелері бойынша заң жобасының негізгі әзірлеушісі болғандықтан, Бас Прокурор осы құжаттың дайындалу барысы туралы баяндап берді. Ол заң жобасының қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, әсіресе, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне, қылмыстық қудалаудың репрессияшылдығын төмендетуге, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін бағалау жолдарын жетілдіруге бағытталған аса маңызды міндеттердің бірнеше ірі топтарын шешетінін атап өтті.
Сонымен қатар Қ.Мәми Мемлекет басшысын еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібін одан әрі күшейту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды электронды тіркеуді енгізу, құқық қорғау құрылымдарының бірыңғай мәліметтер базасын қалыптастыру, қылмыстық процестер барысында азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша прокурорлық қадағалауды күшейту жөнінде баяндады.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Атамекен” саяси партиясының төрағасы Өмірбек Текебаевты (Қырғыз Республикасы) қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесі, қауіпсіздікті нығайту саласындағы ЕҚЫҰ-ның рөлі талқыланды.
Журналистерге арналған брифингте Ө.Текебаев бүгінде Қырғызстанда маңызды саяси үдерістер жүріп, жаңа саяси жүйе қалыптасуда екенін атап өтті.
Қазақстан туыстас республика және ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға нақты көмектер көрсетуде. Біз Қазақстан мен Қырғызстан келешекте де екі жақты ынтымақтастықты табысты дамыта беретініне сенеміз, – деді Ө. Текебаев.