Сарыбел – Сарыарқаның сауыры
Кезінде осылай аталған, бертінде Осакаров болып өзгертілген ауданның кеңестік дәуірде әкімшілік-аумақтық жағынан жеке аймаққа бөлініп, құрылуына 70 жыл толуы мерекесі аталып өтті. Осы айтулы оқиғаға арналған театрландырылған қойылымда өңірдің бұл уақыттағы шежірелік көріністері көпшілік көз алдына елестетілді.
Осакаров – Астана мен Қарағандының дәл ортасында орналасқан, тоғыз жолдың торабындағы аудан. Негізінен астық өсірумен айналысатын өңір осы саланы дамытуымен атақты.
Сарыарқаның сауыры – Сарыбел бауырына жиналушылар белгілі өнерпаздар өнерін, балуандар күресін, ат жарысын тамашалады.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.
Қала мерекесі салтанаты
Өткен жұма күні “Аялаймын сені, Қызылорда” атты қала мерекесі салтанатты жағдайда өтті. Қала күні мерекесіне арналған іс-шаралар аясында Қызылорда қаласындағы “Шұғыла”, “Эврика” шағын аудандары мен Жалаңтөс баһадүр көшесі бойындағы ойын және спорт алаңдары пайдалауға берілді. Балаларға спорт алаңдарын “Петро Қазақстан”, “Торғай Петролеум”, “ҚазГерМұнай” компаниялары тарту етті.
Қала мерекесі түс ауа орталық алаңда жалғасты. Мерекелік шаралар барысында ұлттық ойындардан сайыстар болды. Салтанатты шара соңында еліміздің өнер шеберлері мен шетелдік өнерпаздар – “Лондон бит”, “SMІKS”, “Марсель” топтары өнер көрсетіп, қалың қауымның ризашылығына бөленді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
Сібірдің көрмесі – Керекуде
Кеден одағына енгелі Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс байланыстар одан әрі жақсара, жандана түскені белгілі. Бұл сауда-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, басқа да салалар бойынша көрініс табуда.Өткен аптада облыс орталығында “Қазақстан-Сібір-2010” деп аталатын көрме өтіп, бұл шараға екі елдің 30-ға жуық кәсіпорны қатысты.
Облыстың жалпы тауар айналымының 70 пайызы Ресейдің үлесінде. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев көрмені аралап, өндірісті өңірге өз өнімдерін әкелген кәсіпкерлерге табыс тіледі. Көрмеден соң кәсіпкерлер Кеден одағы, жаңа технологиялар, экологиялық таза өнімдер шығару жөнінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел басына жиналды.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
“Жұлдыз” әмбебап базары ашылды
Алматы қаласының айналасынан азық-түлік белдеуін құру мақсатында жүргізілген жұмыс нәтижесінде тұтынушы сұранысы қанағаттандырылуда. Шаруалардың өндірілген өнімдерін саудалайтын базарларды көптеп ашу, жәрмеңкелер ұйымдастырудың тиянағы келтірілгені осының дәлелі десек, Талғар ауданындағы оннан астам базарлар қатарына жаңадан ашылған “Жұлдыз” базары қосылды.
Негізінен азық-түліктің халал түрін саудалайтын сауда орнында екі мыңнан астам адамның сауда жасауына мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде базарда тұтынушыларды тұрақты, әрі төмен бағадағы өнім түрлерімен қамтамасыз ету қолға алынған. Сөрелерде ет-сүт, көкөніс, киім-кешек, азық-түлік, құрылыс заттары мен автокөліктердің қосалқы бөлшектеріне дейін бар.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Фестиваль аясындағы айтыс
Қазақстан халқы тілдерінің ХІІ облыстық фестивалі аясында ұйымдастырылған аймақтық ақындар айтысы қазағы қалың Шал ақын ауданында өтті. Оған Көкше өңірінің сайыпқырандары да қатысты. Сахнаға бірінші болып қызылжарлық Аманжол Зағыпар мен шалақындық Әлібек Серғалиев көтерілді. Мұнда аймақтық сөз сайысында көбірек көрініп жүрген Әлібек жеңіп кетті. Көкшетаулық Қуаныш Оспанов пен тайыншалық Азамат Қожановтың өнері тең бағаланып, келесі айналымға жолдама алды. Есіл ауданының намысын қорғаған Жұмабек Рахымов та ақтық сынға алқынбай жетті. Киелі сахнаға алғаш шыққанына қарамастан, қарсыластарына дес бермеген Азамат бас бәйгені жеңіп алды.
Айтысты ұйымдастыруға жеке кәсіпкер Дәстен Баймұқанов үлкен үлес қосып, қаржылай қолдау көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
Тың эпопеясынан сыр шертеді
Облыстық архивтер және құжаттама басқармасы “Қостанай облысындағы тың және тыңайған жерлерді игеру” атты құжаттама жинағын шығарды. Бұл құжаттама басылымы өңір тарихын зерттеушілер мен оны білгісі келетін жалпы жұртшылыққа арналған.
Жинаққа кірген Қостанай облысында тың және тыңайған жерлерді игеру жайындағы құжаттардың басым көпшілігі бірінші рет ғылыми айналымға енген. Президент архивінің қорларынан, Қазақстан мемлекеттік архивінен, облыстық архивтен және оның филиалдарынан алынған құжаттар қазақ даласындағы тың эпопеясын жан-жақты көрсетеді. Кітап 350 данамен жарыққа шықты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
Ақындар студенттермен кездесті
Мұндай шырайлы жүздесу Ақтөбе педагогикалық институтында өтті. Студент жастармен кездесуге ақтөбелік ақындар Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы келді. Кездесуді қысқаша сөз сөйлеп ашқан осы жоғары оқу орнының ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Нұрышев ана тілінің адам өміріндегі орны, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы ой қозғады. Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы қазақ тілінің бүгінгі жәй-күйіне, оның болашағын баянды етудің кейбір түйткілдеріне тоқталды.
Ақындар өздерінің өлеңдерін оқыды. Студенттер де ақындардың жырларынан сый тартты. Бір топ жас талап өздерінің балғын туындыларын назарға ұсынды.Жүздесуге келген ақындар жастардың бірқатар сұрақтарына жауап беріп, өзара ой бөлісті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.